Қазақстандық фристайлшы Анастасия Городко Австрияның Хинтертукс мұздығында өткен FIS Open халықаралық турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отандасымыз әйелдер арасындағы могул сайысында 74,04 ұпай жинап, қарсыластарынан басым түсті. Екінші орынды жапониялық Мио Тани (71,41 ұпай) иеленсе, үздік үштікті тағы бір жапониялық спортшы Марин Ито (70,66 ұпай) түйіндеді.
Бұл жарыста Қазақстан атынан Юлия Феклистова мен Юлия Мокина да өнер көрсетті. Феклистова 52,55 ұпаймен 13-орынға тұрақтаса, Мокина 25,63 ұпаймен 22-орын алды.
Ерлер арасындағы жарыста қазақстандық Павел Колмаков үздік нәтиже көрсетті. Ол 72,34 ұпаймен сегізінші орынға ие болды. Федор Бугаков 66,49 ұпаймен оныншы, Максим Емельянов 65,69 ұпаймен 11-орынға тұрақтады. Семен Русаков 62,60 ұпаймен 13-сатыға жайғасты.
Сондай-ақ Даниил Коротков 20-орын, Ильнар Ибрагимов 21-орын, Алексей Дегтярев 24-орын және Дмитрий Пятаков 43-орын алды.
Ерлер арасындағы бәсекеде жапониялық Такэто Нисидзава 79,63 ұпаймен жеңіске жетті. Екінші орынды Иккэй Фудзимура (78,54 ұпай), үшінші орынды Рема Хаяси (75,56 ұпай) иеленді.