Андрей Тихоновтың жетекшілігімен "Астана" алғашқы жеңісіне қол жеткізді

994

Жалғыз гол матчтың тағдырын шешіп кетті.

Андрей Тихоновтың жетекшілігімен "Астана" алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Елордалық "Астана" бүгін қостанайлық "Тобылды" минималды есеппен жеңді. "Жас Қыран" стадионында өткен матч 1:0 есебімен аяқталды.

Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 66-минутта Алексей Щёткин салды. Естеріңізге сала кетейік, бұл Андрей Тихоновтың "Астана" клубының бас бапкері ретіндегі алғашқы ойыны болды. Осы ойыннан кейін "Астана" 24 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Григорий Бабаян шәкірттері 23 ұпаймен төртінші орында тұр.

"Мен өзімнің шәкірттеріммен мақтанамын. Олар бүгін соңына дейін қарсы тұрып, жеңіске жетті. Ойыншылардың бабы да әртүрлі. Бес күннің ішінде дайындалып үлгеру мүмкін болмады. Оған қоса жарақат алған ойыншылар да көп. Осындай кезеңде біз бірге жұмыс істедік, физикалық жағдайды біраз жақсарттық, ойыншыларды орналастырдық. Неғұрлым көп дайындалсақ, соғұрлым жақсы ойнаймыз. Өйткені команданың шеберлік деңгейі бізге жоғары дәрежелі футбол көрсетуге мүмкіндік берді. Мүмкін, белгілі бір дәрежеде менің жолым болды. Өйткені біздің де, қарсыластарымыздың да  гол салуға оңтайлы мүмкіндігі болған жоқ", - деді  "Астананың бас бапкері".

Сондай-ақ бүгін қызылордалық "Қайсар" Премьер-лиганың 14-турында қарағандылық "Шахтерді" еш қиындықсыз жеңді. Матч Сегізбаев атындағы стадионда өтіп, 2:0 есебімен аяқталды. Кездесудегі алғашқы голды 36-минутта "Қайсар" клубының капитаны Асхат Тағыберген Лобжанидзенің пасынан кейін соқты. Ал 55-минута Лобжанидзенің өзі гол соқты.

"Қайсар" осы жеңістің арқасында 20 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Ал қарағандылық ұжым 16 ұпаймен алтыншы орынын сақтап қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу