Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас туған жері Тараз қаласында өткен халықаралық бокс кешінде өзінің чемпиондық белдігін сәтті қорғап, сенімді әрі әсерлі жеңіске қол жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Лукас толық басымдық танытып, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ.
Оның соққылары дәл әрі жойқын болды, нәтижесінде кездесу төрешілердің шешімін күтпестен, мерзімінен бұрын аяқталды.
Бұл жеңіс – Ангелинаның тек чемпиондық белдігін ғана емес, сонымен қатар оның шеберлігі мен мықты дайындығын дәлелдеген маңызды сәттің бірі болды.
Ангелина Лукас IBO (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын тағы да бір мәрте қорғап, жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады.
"Мені қолдап келген баршаңызға рақмет! Сіздерді жерге қаратпауым керек екенін білдім. Алға, Қазақстан!" – деді чемпион жекпе-жектен кейін.