Англиядағы жартылай марафонда 25 жастағы екі қатысушы қайтыс болды

170

Қатысушылардың өліміне нақты не себеп болғаны әзірге анықталған жоқ. 

Англиядағы жартылай марафонда 25 жастағы екі қатысушы қайтыс болды Фото: Reuters

Ұлыбританияда өткен Great North Run жартылай марафоны кезінде 25 жастағы екі қатысушы қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Англияның солтүстік-шығыс өңірінен келген екі ер адам жарыс барысында өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Оқиға орнында кезекшілік атқарған медицина мамандары шұғыл көмек көрсеткенімен, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Қатысушылардың өліміне нақты не себеп болғаны әзірге анықталған жоқ. Марқұмдардың отбасыларына құрметпен қарау мақсатында ұйымдастырушылар олардың аты-жөні мен оқиғаның өзге де мән-жайын жарияламады.

"Great North Run жарысын ұйымдастыруға қатысқан барша азамат қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтады. Біз осы ауыр кезеңде олардың отбасыларына қолдау көрсетуді жалғастырамыз", – делінген Great Run Company мәлімдемесінде.

Жартылай марафон жексенбі күні Ньюкасл мен Саут-Шилдс қалаларының арасында өтті. Great North Run жарысының 45-реткі додасына шамамен 63 мың адам қатысқан. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу