Аңқаудың ұрланған миллиондарын бірде-бір банк қайтармайды

19100

Қазіргі кезде банкті тонау үшін қарақшылардың қару алып, оған басып кіруі де қажет болмай қалды. 

Аңқаудың ұрланған миллиондарын бірде-бір банк қайтармайды

Заманауи технологиялар арқасында бүгінде тонау қашықтан әрі қантөгіссіз, зорлықсыз жүзеге асырылады.

Әрине, заң бойынша мұндай қылмыстан клиенттеріне келген зиянды қаржылық ұйым өтеуге міндетті. Осы мақсатта әр банктің қызметі халықаралық ірі сақтандыру ұйымдары тарапынан сақтандырылады.

Алайда егер клиент аңқаулығы салдарынан алданса және қазынасының кілтін – кодтарын қаскөйге өзі табыстап, есепшотын оған қашықтан қолжетімді етсе, онда шығынды кейін банктен өндіртіп алу аса қиын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қара ниетті жандар қаржылық сауаттылығы жоғары азаматтардың өзін сазға отырғызатын жолды тапты. Олар енді банктің өз телефоны нөмірінен қоңырау соғып жатқан көрінеді. Өйткені арнайы аппаратуралар кез келген абоненттің желісіне қосылып, соның атынан телефон шалуға мүмкіндік береді. Осылай сан соққандардың бірі алматылық Ж.Қожағұлова басынан өткенін Ішкі істер министрлігіне баяндап берді.

"2021 жылдың 11 ақпанында маған Каспи банктің өз нөмірінен – тәуліктік бірыңғай анықтамалығынан хабарласты. Желінің ар жағындағы адам сыпайы сәлемдескен соң, өзін банктің менеджері ретінде таныстырды. Содан кейін қоңырау шалу себебін түсіндірді: менің есепшотымнан әлдекім 3 мың теңгені Ресейдің Краснодар қаласына аударып жатқан көрінеді. "Сол аударымды жасап жатқан сіз бе?" деп сұрады. Мен: "әрине, жоқ" деп жауап бердім", – дейді ол.

Сонымен диалог аяқталғандай болған. Алайда біраз уақыттан кейін, "банк қызметкері" қайта телефон шалады.

"Ол менің атымнан әлдекім 1 млн көлемінде несие алып жатқанын мәлім етті. "Сізге sms-хабарламамен: "сіз несие алуға келісім беріп жатырсыз" деген ескертпе және код келді. Сол кодты маған айтыңыз және сіздің есепшотыңызға ақша түсті, жақын жердегі банкоматқа барып, ақшаны өзіңіз шешіп алмасаңыз, басқа біреу шешіп алайын деп тұр" деді. Басында бұған қатты күмәндандым. Дегенмен, ол адам қоңырау шалған нөмірге қарасам, банктің төл нөмірі шығып тұрды. Содан тексерсем, шынында маған 1 млн көлемінде ақша түсіпті. Хабарласқан адам: "сол ақшаны өзіңіздің Каспи голдыңызға салсаңыз несиені өшіреміз" деді. Өз карточкама аудардым", – дейді шағым иесі.

Алаяқ ары қарай қайта-қайта қоңыраулатып, салымшының есін шығарған, мазасын кетірген. Несиені өшіру үшін қысқа хабарламамен келген кезекті кодты айтып жіберуді сұрапты. Өз атында ірі кредиттің қалуын кім қаласын, клиент "банктің" сұрағанының бәрін істейді.

"Соңында ол "енді несиеңіз жоқ!" деп айтты да, телефонды сөндірді. Смартфонымнан жеке кабинетке кіріп қарасам, несие әлі де тұр. Бірден банктің сол нөмеріне хабарластым. Банк менеджері тыңдап болған соң: "Сіз алданып қалдыңыз!" деді. Банктер код сұратпайтын көрінеді. Менеджер менің атымнан өтініш қалдырғанына және жауабы 24 сағаттың ішінде келетініне сендірді. Алайда жауабы келмеді. Келесі күні банк филиалына барып, бар жағдайды айттым. Қауіпсіздікке жауап беретін қызметкері банктің еш кінәсі жоқтығын және осы несие сомасын өзіме төлеуге тура келетінін түсіндірді. Менің түсінбейтінім: қалайша менің қатысуымсыз әлдебіреулер 1 миллион теңге несиені рәсімдеп алған? Олар қалайша Каспи банктің нөмірінен хабарласты?" – деп қайран қалады Ж.Қожағұлова.

Елорда тұрғыны Александр Кадацких та ұқсас алаяқтық схемасының құрбаны бола жаздапты.

"Биылғы ақпанда OLX арқылы теледидарды сатпақ болдық. 15 жасар ұлым хабарландыру берді. Кешке қарай сатып алушы WhatsApp арқылы хабар жолдапты. Онымен ұлым хат алмасты. Сатып алушы OLX тауар жеткізу қызметін іске қосқанын, сондықтан өзі тауарды жеткізіп беру сервисімен бірге сатып алатынын әңгімелеген. Осы орайда әлдебір төлемдерінің скрин-шотын жолдапты. Соған сенген ұлым оның сұрауымен өзінің және менің банк картамның деректерін, ССV-кодын әлгіге жібереді. Бір жақсысы, мен бұл жайында он минут ішінде білдім. Біле сала, банкке телефон соғып, өзімнің және ұлымның картасын дереу бұғаттатқыздым. Ұлыма OLX-те ешқандай жеткізу қызметі жоқтығын айттым", – дейді А.Кадацких.

Алаяқтың нөмірі WhatsApp-та 2021 жылғы 9 қаңтардан бері бизнес-аккаунт ретінде тіркеліпті. Александр Сергеевич алдауға көнген сыңай танытып, хат алмасуын жалғастырған. Сонымен бір мезгілде ол заңды сыйлайтын азамат ретінде сол нөмірді және басқа да мәліметтерді полицияға тапсырып, шағым жазады.

"Құқық қорғау органдары бұл алаяқты қолға түсіріп, кісендейді деген сенімдемін. Дәл бір қылмыскерді ұстауға көмектескен азаматтай шабытқа бөленіп жүрмін. Тәртіп сақшыларына оны ұстауда қолдан келгенше жәрдем көрсетуге даярмын. Тек жедел қимылдап, уыстан шығып кетпей тұрғанда ұстап үлгерсе! Қазіргідей қиын шақта азаматтарға шығын келтіріп, ақшасын ұрлайтындарға шұғыл әрі пәрменді тосқауыл қою керек", – дейді ол.

Арты не болды дерсіз? Полиция алаяқты аулаудан бас тартты. Басында ІІМ осы оқиға бойынша Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне тексеріс жүргізуге тапсырма береді.

"Азаматқа шығын келтірілмегендіктен, Есіл ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастаған да жоқ. Әйтсе де азамат ұсынған ақпарат басқа ұқсас жағдайлар болса, тексеріс кезінде пайдаланылады", – деген қысқа жауап қайырды ішкі істер органы.

Мұның нені білдіретіні белгісіз. Әйтпесе, алаяқ әлгі sim-картаны қоқысқа лақтыра салса, соған қатысты ақпарат та қажетсіз болып қалмақ.

Атап өтер жайт, еліміздің ең ірі 11 банкі – Kaspi.kz, Сбербанк еншілес банкі, Halyk Bank, Нұрбанк, Банк ВТБ (Қазақстан), ForteBank, Jýsan Bank, AltynBank, Банк Хоум Кредит, Еуразиялық банк, "Альфа-Банк Қазақстан" қазақстандықтарға үндеумен қайырылды. Онда коммерциялық банктер өз клиенттеріне алаяқтардың шабуылы жиілегенін мәлімдеді және кең таралған бірнеше схеманың мән-жайын айтып берді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !