Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге үшінші айналымда "Үлкен дулыға" додасының 5-ракеткалары, америкалық Айша Мухаммад – нидерландылық Деми Схурспен кездесті.
Матчты қазақстандық-сербиялық дуэт қос брейкпен сәтті бастады – 3:0. Бұдан кейін Мухаммад – Схурс қайыра брейк жасағанымен, Данилина – Крунич дегеніне жетті – 6:4. Екінші сетте Анна мен Александра қарқынын тіпті үдетті - 6:0.
Бір сағат 13 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Крунич 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мухаммад – Схурс 1 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады.
Чехиялық-америкалық жұп үшінші айналымда 2 сағат 43 минутқа созылған тартысты матчта мажарстандық Тимя Бабош – бразилиялық Луиза Стефаниды жолдан тайдырды – 6:7 (6:8), 6:3, 6:4.
Осылайша, Франция ашық чемпионатында Қазақстаннан Александр Бублик пен Анна Данилина жарысты жалғастырып жатыр.