Анна Данилина сенсация жасады

1181

Анна бразилиялық теннисшімен бірге жұптық сайыс бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұрған чехиялық теннисші қыздарды тізе бүктірді.

Анна Данилина сенсация жасады

Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен дуэтте Гвадалахарада (Мексика) өтіп жатқан турнирдің жартылай финалында чехиялықтар Барбора Крейчикова мен Катержина Синякованы 6:2, 5:7, 10:7 есебімен, айқын басымдықпен жеңді.

Айта кетейік, Крейчикова мен Синякова жұптық сайыста WTA рейтингінің көшбасшылары болып табылады (Данилина мен Хаддад Майя тиісінше 19 және 22-орындарда). Теннисшілердің жеке кездесулерінің есебі 1:1 болды. Биылғы жылдың басында Анна мен Беатрис Аустралия ашық чемпионатының финалында чехиялық теннисшілерден ұтылып қалды.

Осы жеңісінің арқасында Анна спорттық мансабында алғаш рет Әйелдер теннисі қауымдастығы ұйымдастыратын биылғы жылдың финалдық турниріне қатысады. Қазақстан өкілі мұндай жарысқа соңғы рет 2010, 2011 және 2016 жылдары қатысқан. Ол уақытта еліміздің атынан Ярослава Шведова Ваня Кинг пен Тимеа Бабошпен жұптық сайыста өнер көрсеткен болатын.

Биылғы жылдың соңғы WTA турнирі 31 қазан мен 7 қараша аралығында Форт-Уэртте (АҚШ) өтеді. Оның жүлде қоры 5 миллион АҚШ долларын құрайды.

WTA жұптық рейтингінде Данилина қазақстандық теннисшілер арасынан ең үздік нәтиже көрсетіп, қазіргі таңда 19-орында екенін айта кетейік.

Сонымен қатар қазақстандық теннисші Тимофей Скатов (әлемнің 158-ші ракеткасы) Чилидің Кокимбо қаласында өтіп жатқан ерлер арасындағы Challenger турнирінде жартылай финалдық кездесуін өткізді. Аргентиналық теннисші Факундо Диас Акостамен (әлемнің 228-ші ракеткасы) өткен ойында қазақстандық екі сетте 2:6, 1:6 есебімен жеңілді. Матч 1 сағат 43 минутқа созылды.

Айта кетейік, қазан айының басында Скатов Пармада (Италия) өткен Челленджер сериясындағы турнирде жеңіске жетіп, ATP рейтингінде 57 сатыға жоғары көтерілді. Бұл қазақстандықтар арасында Александр Бубликтен кейінгі екінші көрсеткіш.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу