Анна Данилина Sydney Tennis Classic турнирінде жеңіске жетті

1727

Бұл Анна Данилинаның спорттық мансабындағы WTA 500 сериялы турниріндегі алғашқы жеңісі.

Анна Данилина Sydney Tennis Classic турнирінде жеңіске жетті

Анна Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Аустралияның Сидней қаласында өткен беделді Sydney Tennis Classic турнирінде жеңіске жетті. Шешуші кездесуде қазақстандық-бразилиялық дуэт Вивиан Хайзен (Германия) мен Панна Удвардаға (Венгрия) қарағанда мықтырақ болды. Соңғы жекпе-жек екі сағатқа жуық уақытқа созылды және финал тағдыры супер тай-брейкте шешілді. Анна мен Беатрис қарсыластарын 4:6, 7:5, 10:8 есебімен жеңді. Данилина үшін бұл оның мансабындағы екінші үлкен жетістік. Өткен жылы Польшада ол WTA 250 сериялы теннис турнирінде алғашқы кубогын жеңіп алған болатын.

Қазақстандық теннис жанкүйерлері үшін тағы бір тамаша жаңалық – қыздар арасында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингтегі өз орнын нығайтты. Қазіргі уақытта спортшы тағы бір сатыға жоғары көтеріліп, 12-орынға жайғасты. Ол WTA рейтингінде отандық теннисшілер арасынан тарихи көрсеткішті жаңартты. Ресми WTA рейтингі дүйсенбі күні басталатын Australian Open-2022 турниріне дейін жарияланады. Әлемнің үздік он теннисшісінің қатарына қосылу үшін Қазақстанның бірінші ракеткасы шамамен 700 ұпай жинауы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, енді Рыбакина Аустралияның ашық чемпионатында өнер көрсетеді. Жеребе қорытындысы бойынша жекелей сында, бірінші айналымда отандасы Зарина Дияспен сынға түседі. Кездесу 17 қаңтарға жоспарланған.

Сондай-ақ Аустралия ашық чемпионатында жекелей жарыстар бойынша өнер көрсететін басқа да қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды. Тимофей Скатов (255) тағы бір іріктеу жарысының жеңімпазы, словак Норберт Гомбоспен (117) ойнайды. Осы кездесудің жеңімпазы екінші айналымда Марин Чилич (29, Хорватия) – Эмилио Гомес (155, Эквадор) арасындағы матчтың үздік теннисшісімен кездеседі.

Михаил Кукушкин (180) америкалық Томми Полмен (41), ал келесі айналымда жеңімпаз әлемнің бірінші ракеткасы сербиялық Новак Джоковичпен немесе оның отандасы Миомир Кечмановичпен (78) ойнайды.

Александр Бублик (35) іріктеу финалында Кукушкиннен жеңілген америкалық Эрнесто Эскобедомен (141) кездеседі. Ал осы текетірестің жеңімпазы Гаэль Монфилс (19, Франция) - Федерико Кориа (64, Аргентина) жұбындағы жеңіске жеткен теннисшіге қарсы ойнайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу