Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында чехиялық Мари Бузковамен бірге өнер көрсетіп жатыр. Турнирдің алғашқы айналымында олар польшалық Катарина Питер мен мысырлық Майяр Шерифті сенімді түрде 6:3, 6:3 есебімен жеңді.
Бұл жұп бұған дейін де жақсы нәтиже көрсетіп, өткен сенбіде Истбурнде WTA 250 турнирінде чемпион атанды. Айта кетейік, соңғы бес аптаның ішінде Данилина төрт түрлі серіктеспен кортқа шығып, қатарынан төрт турнирдің финалына жетті. Бұл кәсіби шеберліктің айқын дәлелі.
Әзірге Уимблдондағы келесі айналымдағы қарсыластары анықталған жоқ. Дегенмен, алғашқы жеңісінің арқасында Данилина мен Бузкова 26 000 фунт стерлинг көлемінде сыйақыға ие болды.
Ал, Елена Рыбакина Уимблдонның үшінші айналымына шықты. Қазақстандық теннисші турнирдің екінші кезеңінде грек спортшысы Мария Саккариді (WTA №77) оңай ұтты – 6:3, 6:1.
Бұған дейінгі алғашқы кездесуінде Рыбакина армениялық Элина Аванесянды жеңген болатын. Енді үшінші айналымда ол Клара Таусон (WTA №22) мен Анна Калинская (WTA №39) арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Үшінші айналымға өткенінің арқасында Елена 152 000 фунт стерлинг көлемінде сыйақы алады.
Айта кетейік, Елена Лондонда былтырғы жартылай финал нәтижесін қорғап жатыр.