Антарктидада экспедиция мүшесін құтқару үшін бірегей операция жүргізілді

341

Ғылыми экспедиция мүшесінің жағдайы жақсарып келе жатыр. 

Антарктидада экспедиция мүшесін құтқару үшін бірегей операция жүргізілді Фото: magnets.com

АҚШ-тың Антарктика бағдарламасының қызметкерінің денсаулығы америкалық "Мак-Мердо" ғылыми-зерттеу станциясында күрт нашарлады. Жергілікті медициналық қызметтің мүмкіндігі жеткіліксіз болғандықтан, АҚШ Ұлттық ғылыми қоры халықаралық көмекке жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Құтқару операциясы Жердегі ең қатал әрі қолайсыз аймақтардың бірінде жүргізілуі тиіс болатын. Науқасты Антарктика қысында эвакуациялау қажет болды. Тиісті кезең сәуірден қыркүйекке дейін созылады, бұл уақытта айнала тастай қараңғы болып, мұзды дауылдар жүреді және температура күрт төмендейді.

Көмек көрсету туралы өтініш Антарктикаға ұшуға маманданған аустралиялық Skytraders компаниясына жолданды. Мұндай жағдай Антарктикада ұшуға тәжірибесі бар пилоттардың өзі үшін сирек кездесетін жағдай еді. Алғашқы ұшу қарлы боран салдарынан тоқтатылды. Алайда бірнеше сағаттан кейін, 31 шілдеде Snowbird 1 бар Airbus A319 ұшағы Оңтүстік полюске жол тартты.

"Біз навигациялық ымырт деп аталатын жағдайда ұштық. Бұл тастай қараңғы деген сөз. Ауа райы ұшақ үшін рұқсат етілетін шектің шамасында болды.  Минус 43 градус – осы уақытқа дейін кездескен ең төмен температура", – деді екінші ұшқыш Луиза Робертсон.

Экипаж "Мак-Мердо" станциясына жақын орналасқан "Феникс" аэродромына бет алды. Мұнда ұзындығы шамамен үш шақырым болатын ұшу-қону жолағы орналасқан. Airbus ұшағы қона алуы үшін жердегі қызметкерлерге жолақты бірнеше сағат бойы дайындауға тура келді.

Барлық дайындық жұмысы жоспарға сай аяқталды. Ауыр халдегі америкалықты ұшақ бортына жеткізген соң, Airbus жанармай құйып, бірден Крайстчерч қаласына қарай ұшты. Жаңа Зеландияға жеткеннен кейін науқас ауруханаға жеткізілді.

Билік оның нақты қандай ауруға шалдыққаны, жасы мен аты-жөнін жариялаған жоқ. Қазір оның жағдайы жақсарып, сауығып келе жатқаны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу