Антикоррупциялық органның жаңа басшысы Агенттікті реформалауға кірісті

2029

Сыбайлас жемқорлықпен күресуші ведомствода салмақты қысқартулар жоспарлануда. 

Антикоррупциялық органның жаңа басшысы Агенттікті реформалауға кірісті

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылғы 16 сәуірдегі жарлығымен Алик Шпекбаевты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатқаны мәлім. Алик Жатқамбайұлы осы саланы 7 жылдай басқарды. Оның тұсында осы қызмет бірнеше рет реформаны бастан кешіп, атауы да әлденеше рет өзгерді. Мысалы, 2014–2017 жылдар аралығында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы" аталды. 2017 жылғы желтоқсаннан 2019 жылғы шілдеге дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ретінде қос саланы біріктірді. Екі жыл бұрын одан шенеуніктерді бақылайтын меморган іргесін аулақ салды. Енді саланы тағы жаңарулар күтіп тұрғанға ұқсайды, деп жазады Inbusiness.kz.

Президент 16 сәуірдегі жарлығымен Марат Ахметжановты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындады. Сондай-ақ Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрамынан Алик Жатқамбайұлы шығарылып, Марат Мұратұлы кірді.

Жаңа басшы антикоррупциялық органның ішкі құрылымын өзгертуге ниетті. Осы орайда ол Президенттің өз ведомствосына қатысты бірқатар бұрынғы жарлықтарын өзгертетін жаңа жарлық жобасын әзірлеп шықты.

Айта кету керек, 2019 жылы сол кездегі төраға командасының "креативщиктері" Елбасының 2016 жылғы 5 қазандағы №349 жарлығына өзгерістер енгізген болатын. Оған сай агенттік департаменттерінің саны қысқарды және олар қайта аталды. Нәтижесінде, Превенция департаменті, Парасаттылық департаменті (департамент добропорядочности), Серіктестік департаменті (департамент партнерства) секілді тосын атаулы құрылымдар пайда болды.

Енді бұлардың бәрі алып тасталуы мүмкін.

Жаңа құрылым ескі "жасампаздықты" жоймақ

Салыстыру үшін айтсақ, қазір агенттіктің құрылымы келесідей: Басшылық; Төрағаның хатшылығы; Превенция департаменті; Парасаттылық департаменті; Серіктестік департаменті; 1-ші; 2-ші; 3-ші; 4-ші; 5-ші департаменттер; Стратегия және жедел басқару департаменті (штаб); Әкімшілік-құқықтық департамент; Кадр жұмысы департаменті; Жеке қауіпсіздік департаменті; Ішкі аудит қызметі.

Жаңа жарлық жобасында ықшамдалған жаңа құрылым ұсынылады:

1) Басшылық;

2) Төрағаның хатшылығы;

3) Превенция қызметі;

4) Сотқа дейінгі тергеу қызметі;

5) Анықтау және жолын кесу қызметі;

6) Арнайы департамент;

7) Ұйымдастыру-бақылау департаменті (Штаб) ;

8) Кадр жұмысы департаменті;

9) Жеке қауіпсіздік департаменті;

10)Нормашығармашылық және халықаралық ынтымақтастық департаменті;

11) Қаржы-құқықтық қамтамасыз ету департаменті.

Марат Ахметжановтың байламынша, бұл – басқарушылық шешімдерді қабылдаудың жеделдігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын бөлімшелердің өзара әрекеттестігін жақсарту, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін қажет екен. Бұған қоса, орталық деңгейде бірін-бірі қайталайтын функциялар анықталған, оларды жою мақсат етілуде.

Президенттің жаңа жарлығы жобасына түсіндірме жазбасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа төрағасы бұл жаңалықтар осы ведомствоның іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында әзірленіп отырғанын хабарлады.

Расында, көптеген сарапшы жемқорлықпен күрестің тым әлсіреп қалғанын, агенттіктің торына кілең шабақтар ілініп, шортандар құтылып кететінін айтып, сынауда. Ірі тұлғаларға қатысты істер сотта жайрап қалған кездер болды.

Соның жарқын бір мысалы – LRT жобасы аясында мемлекеттің миллиардтаған (5,8 миллиард теңге) қаражатының талан-тараж етілуі болса керек. Осы істі аяғына дейін жеткізіп, шен-шекпеніне қарамастан, барлық айыптыны жазалауды "Антикоррға" Президент Қ.Тоқаевтың өзі жүктеп, саяси ерік-жігер танытқан-тын. Күні кеше Нұр-Сұлтанда сот бұл іс бойынша үкім шығарды. Жемқорлықпен күрес қызметі ұстай алған тұлғалар 7-ден 10 жылға дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда сарапшылар да, жұртшылық та халықаралық деңгейге шыққан бұл залалды жоба үшін тек қатардағы орындаушылар жазаланғанына назар аудартуда.

Антикоррупциялық орган бұл қылмыстық істі елорда әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басшысы Талғат Ардан ұйымдастырғанын мәлімдеген-тін. Алайда оларды дер кезінде құрықтау шараларын қабылдап үлгермей, қапы қалды: ол екеуі де шетелге қашып кеткендіктен, халықаралық іздеу жарияланды.

Жаңа басшылықтың жемқорлыққа қаншалыққа жойқын соққы берері белгісіз. Қалай болғанда, осының алдында агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов журналистерге мәлімдегендей, "бүгінде антикоррупциялық құралдардың бүкіл қажетті топтамасы агенттіктің құзырында бар".

Ірі жемқорды әшкерелесе, 11,6 млн теңге сыйақы алады

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолданыстағы құрылымы 14 дербес құрылымдық бөлімшеден тұрады. Кадрлық әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалану, орталық деңгейде қайталанатын функцияларды жою мақсатында құрылымдық бөлімшелер мен басшылық құрам лауазымдарының жалпы санын бір мезгілде қысқарта отырып, агенттіктің құрылымы оңтайландырылады. Жарлық жобасы құрылымдық бөлімшелердің санын 14-тен 10-ға дейін, функциялары ұқсас агенттіктің бейінді бөлімшелерінің санын 7 департаменттен 3 қызметке дейін азайтуды көздейді", – дейді төраға М.Ахметжанов.

Оның айтуынша, дамыған елдердің озық тәжірибесі негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы да қайта жетілдіру қажет көрінеді.

"Осы мақсатта норма шығармашылығы және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бағыттарды 1 департаментке біріктіру ұсынылады. Осы өзгерістер басқарушылық шешімдерді қабылдау тиімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ агенттікке жүктелген міндеттерді шешуде бөлімшелердің өзара іс-қимылын жақсартуға мүмкіндік береді. Жарлық жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы қаражат бөлуді талап етпейді", – деді М.Ахметжанов.

Мемлекеттің өзегіне түскен "жегіқұртпен" күреске жұртшылықты кеңінен тарту мәселесі өзекті болып тұр. Кейінгі екі жылда антикоррупциялық орган жемқорлық қылмыстың жасалғаны туралы  хабарлап, дәлелдей алған 396 азаматқа ғана ақы төлепті. 2019 жылы – 214 адамға 31,8 млн, ал 2020 жылы – 182 адамға 27,1 млн теңге берілген. Елдегі коррупция деңгейін ескерсек, бұл теңіздегі тамшыға ұқсайды.

Халықты жемқорлықпен күреске ынталандыру үшін сыйақы көлемі арттырылды: егер бұрын ірі жемқорларды әшкерелегендерге 100 АЕК-тен (277 800 теңгеден) артық берілмесе, бүгінде сыйақы мөлшері пара көлемінің 10%-ына дейін жеткізілді. Бірақ ең жоғарғы сыйақы 4 мың АЕК-тен (2021 жылы 11 миллион 668 мың теңгеден) аса алмайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу