banner

"Әр анаға 1 миллион теңгеден берілсін"

6521

Халық партиялардан нені талап ететіні анықталды.

"Әр анаға 1 миллион теңгеден берілсін" Фото: Максим Морозов

Сайлау жақындаған сайын үгіт-насихат көрігі де қыза түсуде. Парламенттік додада ат терлеткен әр партия сайлаушының көңіліне жағар сөздерді ұрандатып жатыр. Халықтың өзі билік басына келуге ынтыққан партиялардан шынында нені естігісі келеді?

Бұл сауалға жауапты қазақстандықтардың Үкімет мүшелеріне жолдаған талап-ұсыныстарынан аңғаруға болады. Мысалы, қарапайым жүкші болып істейтін маңғыстаулық еңбеккер Құралбай Сандыбаев биліктен және соның бір тармағы – Парламенттің екі тізгін, бір шылбырын өз уысына алғысы келетін партиялардан келесіні талап етті.

"Биліктегілер, партиялар халықтың жағдайын түсінеді деп ойлаймын. Талап төмендегідей. Біріншіден, елдегі зейнет жасын қазіргі 63-тен 60 жасқа дейін жаппай азайтқан абзал. Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігі, денсаулығы, елдегі экология нашарлағандықтан осыған бару керек. Өйткені көбісі 63-ке жеткенше мәңгілік сапарға аттанып кетеді. Екіншіден, елдегі әрбір дүниеге келген сәбиге 1 миллион теңге көлемінде "ана капиталы" берілгені жөн. Сондай-ақ әрбір балаға отбасылық жағдайына қарамастан, 18 жасқа толғанша ай сайын 25 мың теңгеден міндетті жәрдемақы төленуі керек. Сонда қазақ халқының демографиясы күрт артып, ана мен баланы қорғау күрт жақсарады", – деді Құралбай Базарбайұлы.

Үшіншіден, ол еліміздегі барлық қарапайым жұмысшылардың (бастықтардың емес) жалақысын 75%-ға көтеруді сұрады.

"Жалақыны көтеруден жалтаратын компанияларды таратып жіберген жөн. Барлық азық-түлік, дәрі-дәрмектер қымбаттауда. Коммуналдық төлемдер шарықтап көтерілуде, жол ақысы да өсуде. Сондықтан елдегі ең төменгі жалақы көлемін еуропалық стандарттарға дейін жоғарылатып, индексациялау қажет. Әйтпесе, қазір барлығы жекеменшіктің қолында, көптеген компания миллиардтап табыс тапса да, жұмыскерлеріне жалақыны өсіргісі келмейді. Салдарынан, тіпті тоқтаусыз еңбек ететін азаматтардың да тұрмысы құлдырап барады", – дейді Қ.Сандыбаев.

Шағым иесінің байламынша, өзге елдерден ерекшелігі сол, қазақстандықтар бас көтерсе, саяси мәселелерге бола емес, қарны ашқандықтан көтерілуі мүмкін. Ал бұрынғыдай тоқ күйге түссе, көңілі де орнына түседі.

"Ақша баспана шығынынан аспайды"

Құралбай Сандыбаев осы сөзді амалы таусылғандықтан айтып отыр.

"Маған тұрмыс техникасы дүкенінің грузчигі ретінде 110 мың теңге еңбекақы белгіленген. Содан алым-салығын, жарналары мен аударымдарын ұстаған соң қолыма 85 мың теңгедейі ғана тиеді. 2019 жылғы тамыз айынан бері сыйақы беруді тоқтатты. "Әне береміз, міне береміз" деп бүкіл жұмысшыларды алдап, көздерін төрт қылды. Не айлықты көбейтпейді. Айлығымның 10 мыңын – газға, 7 мыңын – тоққа,

4 мыңын – суға, 5 мыңын – интернетке, 1 мыңын – қоқыс шығаруға беремін. 7 мыңы жол ақысына кетеді. 34 мыңын осылай төлегенде, қалтада қалатын 51 мың теңгеге бір адамның өзіне күн көру қиын", – деп ағынан жарылды ол.

Жұбайынан айырылып, жесір қалған ана Дана Богданова да мемлекеттің қорғауына қарамастан, тұрмысы төмен екеніне шағымданады.

"Кәмелетке толмаған екі баламмен қалдым. Әлеуметтік осал топқа жатамыз. Рас, асыраушысынан айырылған отбасы ретінде екі балаға жәрдемақы аламын. Оның үстіне балаларды өз бетіммен асырап жетілдірейін деп, екі жұмысты қатар алып жүрмін. Алайда пәтер жалдауға мәжбүрмін. Жалдау ақысын тұрақты төлеп тұруға күш қалмай барады. Әкімдікте үй кезегінде 4 жылдан бері тұрмын, кезектің қалай бөлінетінін түсінбеймін, жылжымайды. Бізге ең құрығанда жалдау ақысы аз мемлекеттік арендалық баспана берсе деймін. Сонда шамалы артылған ақшаны өз баспанамды сатып алуға жинай алар едім. Біз маскүнем, немесе қаңғыбас емеспіз, жатыпішер жалқаудай диванда шалқая жатқан жоқпыз. Тек мемлекет балаларды көтеруде қолғабыс етіп, көмегін тездетсе екен", – дейді ол.

Халықты қолдау жүйесі алда жетілдіріледі

Айтпақшы, Құралбай Сандыбаевтың хатына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап қайырған екен. Ол мысалы, зейнеткерлер жасын азайта алмаймыз дейді. Неге?

"Зейнетақы мөлшері азаматтың БЖЗҚ-да жинаған қаражатының мөлшеріне тәуелді. Еңбек өтілі толық болмаса, зейнетақысының көлемі жыл сайын бекітілетін зейнетақының ең төменгі мөлшерінен де аз болуы ықтимал. Зейнетақы жинақтарының көлемін арттырудың бір жолы – жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың еңбек стажын ұзарту. Осы себепті 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жастан 63 жасқа арттыруды көздейтін норма күшіне енді", – деді министр.

Әлеуметтік төлемдер мәселесіне тоқталған ол Қазақстанда баласы бар отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылғанын жеткізді.

"Оған мемжәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары және азаматтар өмірінің барлық кезеңінде әлеуметтік қорғаудың өзге шаралары кіреді. Бұл ретте жәрдемақылар отбасында орын алған жағдайға, яғни жүктілік пен босануы бойынша, бала туғанда, бала бір жасқа толғанға дейін оған күтім жасауына, асыраушысынан айырылуына, баланың мүгедектігіне, мүгедек баланы бағуына байланысты төленеді. Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға балалар санына қарай сараланатын, 44 532 теңгеден басталатын жаңа жәрдемақы енгізілді. Бұған қоса, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады", – деді министр.

Ол табысы аз отбасылардың 1-ден 18 жасқа дейінгі балалары балабақша мен мектепте тегін тамақтанатынын (пандемияға

байланысты ол ақшалай өтемақыға ауыстырылды), қалалық қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жол жүретінін, тегін мектеп формасымен және оқу керек-жарақтарымен қамтылатынын еске салды.

Сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы балаларына азық-түлік жиынтықтары және тұрмыстық химия тауарларынан тұратын кепілді әлеуметтік топтама (КӘТ) енгізілді.

"Егер отбасыға қажет болса, жергілікті әкімдіктер тұрғын үй ұсынады, қосымша әлеуметтік көмек көрсетеді. Осыны ескере отырып, мемлекет бүгінде баласы бар отбасылар алдында өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындайтынын атап өту қажет. Дегенмен, балалы отбасыларды қолдаудың мемлекеттік жүйесі еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты алда жетілдірілетінін хабарлаймыз", – деді Біржан Нұрымбетов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу