Арабпен серіктес боламын десең, өнімің мінсіз болсын!

2447

Араб елінен келген трейдерден Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені өкілдері алыс-беріс бағасын қазірден белгілеуді сұрады.

Арабпен серіктес боламын десең, өнімің мінсіз болсын!

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, жасымық сияқты бұршақтұқымдас дақылдарды сатып алуда өзара уағдаластық баптары алдын ала айқындалар болса, Біріккен Араб Әмірліктерінің белді сауда компаниясын қажетті өніммен қарық етпек.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) "EMCO International" компаниясының іргетасы 1992 жылы қаланған. Дубай қаласында орналасқан жетекші сауда үйі. Қант, күріш, түрлі дәндер, жаңғақ тәрізді ауыл шаруашылығы азық-түлігін саудалауда кең желісі бар олар Қазақ елінен негізінен бұршақтұқымдас дақылдар қабылдауға ынта байқатып отыр. Бүгінде компания тек БАӘ аумағымен шектелмей, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы қамтып, Қазақстан импортын мұқият салмақтап отыр. Бұған дейін "Атамекен" басшылығы сол жаққа сапар шегіп, шынайы мүмкіндіктерімен танысып қайтқаны белгілі.

Анығырақ тоқталсақ, таяуда "Атамекен" палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне іссапарында Қазақстан фермерлерін фьючерстік келісімшарттар арқылы қаржыландыруды ұсынды. Мысалы жасымық Үндістанға Әмірліктер арқылы Канада елінен жылына 2 млн тонна жеткізілетіні біраз кәсіпкерге ой салары анық. Ал дәл сол Канадаға жасымық өнімі бірнеше жыл бұрын мүлде бейтаныс болғанымен, дүниежүзіндегі мұқтаждықты тез аңғарған ол жақтың кәсіпкерлері маңызды бағытты тез қолға алып, қазір көшбасшы орынға шыққан. Енді экономикасы гүлденген араб елі Қазақстан жасымығын сараптамаға жіберуді өтініп отыр.

"Араб Әмірліктері шағын ғана ел болғанымен, логистикалық инфрақұрылымы мен қаржылық мүмкіндігі қуатты деп есептеледі. Былайша айтқанда, таяу шығыс аймағының сауда хабы іспетті. Сонымен тақырыпқа тікелей ойыссақ, 2011 жылы БАӘ астық-бұршақ өнімдерін 500 млн долларға сатып алып, содан бері оның импорты жыл сайын өсіп келеді. Жалпы әлемде бұл дақылдарды тұтыну қарқыны артып отыр. Себебі ақуыздың қайнаркөзі осы өсімдік түрінде", – дейді "EMCO International" компаниясының басшысы Атик Ансари. Ол Қазақстанның экспорттық әлеуетін лайықты бағалайтынын мәлімдеді. Мәселен араб трейдері қажетті нарыққа ресейлік өндірушілердің шығуына септігін тигізген. Нәтижесінде Ресей қазіргі уақытта астық-бұршақ дақылдарын жеткізуде дүниежүзінде алтыншы орыннан көрініп отыр.

Селекторлық тәртіпте өткен кеңеске өңірлер де байланысқа шықты. Жиын барысында ынтымақтастық қырлары, баға мен көлем, логистика жайы сияқты нақты өзекті жайлар қызу талқыланды.

"Аймақтық астық холдингі" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің коммерциялық директоры Қайрат Әлібеков бастаған отандық өндірушілерді өнімнің әр тоннасына бекітілетін баға жайы, араб трейдерінің кепілдік сатып алу көлемі алаңдатты.

"Биыл қызыл түсті жасымыққа арнап 1000 га егістікте дала жұмыстарын жүргізгендіктен, 700 тоннаға жуық өнімді сыртқы нарыққа ұсына аламыз. Бірақ кепілді дақыл көлемін сатып ала аласыздар ма?", – дейді Қайрат Әлібеков.

"EMCO International" компаниясының жетекшісі бағаның сұранысқа сай құбылып тұратынын хабарлады. Оған дәлел, жыл басында тоннасына 700 доллар делінген жасымық өнімінің құны, ауа райының нашарлығынан түсім күрт азайған жағдайда жыл аяғында 1200 долларға қымбаттаған.

"Фьючерстік шартқа отырсақ, қатты қуанамыз. Келешек ынтымақтастық көкжиегі айқындалып, алаңсыз шаруамызбен шұғылдана берер едік. Жарты ақшасы шотқа түссе, күзде өнімді ұсына қоямыз. Әйтпесе өнім қар астында қалып, техника мен жанармайға қаржы жетпей қысыламыз. Көк жасымық өсірумен екі-үш жыл айналысып келеміз. Тың дақылды қолға алғанымыздың себебі, бидайға қарағанда бағасы әлдеқайда тиімді, отандық экономика да әртараптанады. "EMCO International" компаниясы құп көрсе, 5 мың тонна жасымық бізден жөнелтіліп, еңсеміз көтеріліп қалар еді", – дейді Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы "Отан" кооперативінің өкілі Ермек Нұрбаев.

Жағымды жаңалық сол, Атик Ансари Қазақстанның тауар жеткізушілерімен фьючерстік шарттар аясында жұмыс істеуге дайын екендігін растады. Алайда, мәртебелі мейманның ескерткені, өнім сапасы стандартқа сай мінсіз болуы керек.

Кездесу қорытындысында қос тарап "В2В" сипатында жеке жүздесу ұйымдастыруға келісіп, байланыс деректерін алмасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу