Жер бетінде жаңа климаттық қатер пайда болды: бұрын улы көміртекті өз бойына сіңіріп, тереңге батырып келген Арал теңізі қазіргі кезде ауаға керісінше, жүздеген миллион тонна көмірқышқыл газын лақтыруда, деп жазды inbusiness.kz.
Құрғаған теңіз "климаттық бомбаға" айналған ба?
Аралдың экологиялық апаты бүкіл адамзатқа және Жер шарына қауіп төндіретін сипатқа ауысыпты: оның салдары бұрын болжанғаннан әлдеқайда терең әрі ауыр болып шықты.
Кезінде айдыны шалқып жатқан атақты теңіз мыңжылдықтар бойы өлі өсімдіктердің және тірі ағзалардың қалдықтарын өз түбіне консервациялап, олардан бөлінетін көміртекті шып-шырғасын сыртқа шығармай сақтайтын табиғи алып қойма қызметін атқарып келді.
Алайда әп-әдемі экологиялық процесті адам келіп бүлдірді. Теңіз түгелге жуық тартылып, шетсіз-шексіз Аралқұм шөліне айналғаннан кейін бұл нәзік табиғи тепе-теңдік мүлдем бұзылды. Беткейге шығып қалған түпкі шөгінділер ауамен тікелей байланысқа түсіп, ғасырлар бойы "қамалған" көміртек біртіндеп босап, атмосфераға көтеріле жөнелген.
National Geographic хабарлағандай, осылайша теңіздің жойылуы оның түбінде ғасырлар бойы жасырынған орасан зор көмірқышқыл газының айналаға тарауына себеп болыпты. Бұл жаңалықты халықаралық ғалымдар тобы таяуда ғана ашты.
Зерттеушілердің бағалауынша, ұланғайыр су қоймасы тартыла бастағалы атмосфераға шамамен 748 миллион тонна көмірқышқыл газы шығып үлгерген. Есептеулер 1960 жылдардан 2022 жылға дейінгі кезеңді қамтыды. Ауқымын түсіну үшін салыстырсақ: бұл сұмдық көрсеткіш Венгрия сияқты елдің шығаратын барлық парник газдарының жылдық көлемінен 15 есеге жуық артық!
Ғалымдардың байламынша, ең сұмдығы әлі алда: бұрынғы теңіз түбінің аумағында кем дегенде 605 миллион тоннадан астам CO₂ бөліп шығаруға қабілетті органикалық қалдықтардың қоры сақтаулы.
Бұл планета климатына соққы беретін әлеуетті қауіп. Салдарынан, Арал трагедиясы тек аймақтық экологиялық мәселе болудан қалды. Су қоймасының тартылуы жаһандық климаттық теңгеріммен де тығыз байланысты екені анықталды.
Экологиялық дағдарысты табыс көзіне айналдыруға болады
Көлдер мен теңіздер планетаның көміртек айналымында шешуші рөл атқарады. Су қоймасы тірі тұрғанда, ондағы қаптаған балдырлар мен өсімдіктер атмосферадағы аса улы көміртекті үнемі сорып алады. Тіршілігі біткенде органикалық заттар түпке шөгіп, ғасырлар бойы жиналады.
Оның тек аз бөлігі ғана кейін сыртқа шығады: мысалы, балық аулау нәтижесінде немесе балықпен қоректенетін құстардың әрекеті арқылы. Қалғаны табиғи көміртек қоймасына айналады.
"Арал теңізінде бұл тетік ғасырлар бойы жұмыс істеді. Бірақ өткен ғасырда су қоймасының жаппай құрғауы жағдайды күрт өзгертті. Бұрын су астында жасырынған түпкі шөгінділер сыртқа шығып қалып, ауамен әрекетке түсті. Соның кесірінен олардағы көміртек атмосфераға көмірқышқыл газы түрінде біртіндеп орала бастады. Сонымен қатар, жел эрозиясы кепкен түптің бөлшектерін алыс жерлерге таратуға ықпал етуде", – делінген шетелдік ғалымдардың зерттеуінде.
Сол себепті Аралдың қасіреті судың жоғалуымен, экожүйелердің деградациясымен және шаңды дауылдармен ғана шектелмейді. Құрғаған түптің өзі жаһандағы алапат көміртек шығарындыларының жаңа көзіне айналды.
Бұл көміртектің шығу тегін анықтау үшін испандық ғалымдар жетекшілік еткен зерттеу тобы 2022 жылы экспедициясын бастады. Мамандар Қазақстан мен Өзбекстандағы бұрынғы теңіз түбінің 14 учаскесінен түпкі шөгінділердің үлгілерін, сынамаларды алды. Сол жерде бөлініп жатқан CO₂ ағындарын өлшеп, көміртектің изотоптық құрамын зерттеді.
Соңғы көрсеткіштің маңызы үлкен: ол ауаға таралып жатқан көміртектің кезінде Арал теңізінің түбінде қордаланған органикалық заттардан бөлініп жатқанын дәлелдеуге мүмкіндік беріпті.
"Зерттеушілер сондай-ақ теңіз түбінде бүгінде өсіп тұрған тым сирек өсімдік жамылғысын және жел эрозиясының ауқымын да бағалады. Нәтижелер көмірқышқыл газының бұрын көмілген органикалық қалдықтардан бөлініп жатқанын растады", – деп жазды National Geographic.
Ғалымдар тағы бір тұжырымға келді. Егер осы органикалық заттардың едәуір бөлігін ары қарай сыртқа шығартпай, түпкі шөгінділерде сақтап қалу мүмкін болса, онда ғаламшардың атмосферасына таралатын шығарындылар да азаяр еді.
Демек, сақталған көміртек – экономикалық құндылыққа айналады. Зерттеушілердің есептеулерінше, сыртқа шығармай, тартылған Арал түбінде тұтып қалуға болатын шығарындылар көлемі Қазақстан мен Өзбекстанға 3,6 миллиардтан 18 миллиард долларға дейін бағаланатын көміртектік кредиттерге (көміртек бірлігі түріндегі қаржыландыруға) барабар болуы мүмкін.
Яғни, құнттаса, халықаралық ұйымдардың назарын аударта алса, екі ел Аралдан табыс таба алады екен. Көміртектік кредиттер Аралды құтқару бағдарламасын қаржыландыру қайнарының бірі бола алар еді.
Аралды "қайта тірілту" ғасырларға созылуы ықтимал
Дегенмен, ғылыми кеңестер мен теңізді қалпына келтірудің практикалық шаралары арасында үлкен алшақтық жатыр. Тек Қазақстан мен Өзбекстан тізе қосып, Аралды тірілте алмайды. Өйткені бұл екі ел де осы теңізді толтыратын су қайнарларының бастауында отырған жоқ. Ол дариялар өзге елдерден бастау алады.
Нақтылағанда, Сырдария – Қырғызстандағы Нарыннан және тау бөктерлеріндегі мұздықтардан, ал, Әмудария – Тәжікстандағы ұлы Вахш өзенінен және осы ел мен Ауғанстан арасында ағатын алып Пяндж өзенінен қоректенеді. Қазіргі жаһандық жылу аномалиясы жағдайында бұл елдердің өздері судан таршылық тартып жатыр.
Арал теңізі тәуелді өзендердің суы негізінен ауыл шаруашылығы мен өндіріске жұмсалды. Сондықтан ресурстарды басқарудың бүкіл жүйесін өзгертпейінше, су қоймасының аумағын айтарлықтай ұлғайту қиын.
Испандық ғалымдар жасалуы қажет шаралардың қатарына ирригациялық жүйелерді жаңғыртуды, Ауғанстан да кіретін Орталық Азиядағы суды пайдалану тиімділігін арттыруды, шығындарды қысқартуды және суды тасымалдауды оңтайландыруды жатқызды. Бұл ретте мұндай өзгерістерді Аралды қоректендіретін өзендердің су жинау бассейні бойында орналасқан барлық мемлекет үйлесімді түрде жүзеге асыруы шарт.
Бұған дейінгі зерттеулер Арал теңізінің 1960 жылғы аумағының кем дегенде жартысына суды қайтару мүмкіндігін бағалаған болатын. Бұл үшін осы елдерге шамамен 9,7 миллиард долларлық ауқымды шығын шығару қажет болады екен.
Зерттеушілер бұрынғы Арал теңізін толық қалпына келтіруді "саяси, әлеуметтік және техникалық тұрғыдан аса күрделі міндет" деп санайды. Бірақ бұл осы істің мағынасы жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, техникалық және экономикалық тұрғыдан жүзеге асыруға болатын жобаларды кейінге ысырмай, қазірден орындау маңызды.
Су солтүстікке бет алды: теңіз шөлге тойтарыс беруде
Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстанның Аралды сақтау бағытындағы қадамдарының мән-маңызы айрықша. Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі 2026 жылдың соңына дейін Солтүстік Аралға тағы 1,2 миллиард текше метр су жіберу жоспарланып отырғанын хабарлады.
"Біз Солтүстік Арал теңізін сақтау бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл үшін Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобаның екінші фазасы әзірленді. Ол теңіздегі су деңгейін көтеру және көлемін ұлғайту үшін Көкарал бөгетін қайта жаңғыртуды қарастырады. Қазіргі уақытта Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Солтүстік Аралдағы су көлемін 34 миллиард текше метрге дейін жеткізу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
2025 жылдың 1 қазанынан бүгінгі күнге дейін Сырдария өзені арқылы Кіші Аралға 1,4 миллиард текше метр су жіберілді. Ағымдағы вегетациялық кезеңде секундына 40 текше метр су ағызылуда.
Бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 миллиард текше метрді құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда судың тұздылығы орта есеппен 10%-ға төмендеп, 7,9 промиллеге жетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында теңізден 4,2 мың тонна балық ауланды.
Жергілікті тұрғындар үшін суды сақтау – абстрактілі климаттық міндет емес, балық шаруашылығын дамыту мәселесі. Министрмен кездесуде Арал ауданының балықшылары теңізді және балық ауланатын басқа да су объектілерін сақтау үшін суды пайдалану лимиттерінің қатаң ұстануды қамтамасыз етуді сұрады.
"Ауыл шаруашылығында су пайдалану лимиттері бекітілгенін білеміз. Бірақ фермерлер бұл шектеулерді сақтап жатқан жоқ. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек. Біз, балықшылар, Сырдарияның төменгі ағысындамыз. Облыстың бүкіл балық шаруашылығы үшін шаруа қожалықтарының суды үнемдеуі маңызды", – деді "Арал" сервистік-дайындау орталығы" ЖШС директоры Әділбек Айымбетов.
Сондай-ақ балықшылар Сырдария өзеніне суды тиімдірек жіберу үшін Аманөткел су торабын немесе бөген-шлюз салуды ұсынды. Бұл су өткізу көлемін секундына 100 текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді екен.
Астанаға орала сала, Нұржан Нұржігітов Су шаруашылығы комитетіне шлюз құрылысының жобалау-сметалық құжатын әзірлеу міндетін қойды. Сонымен қатар министр Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен үнемделген суды қоса алғанда, Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су жіберуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Шетелдік ғалымдар Арал қасіреті аймақтық экологиялық дағдарыс шеңберінен әлдеқашан шығып кеткенін біліп отыр. Оның құрғаған түбі көміртек шығарындыларының қуатты көзіне айналуда. Мұндай үдерістер дүниежүзіндегі таязданған су қоймаларының көбінде орын алуда. Сондықтан Аралды құтқару – бұл биоалуантүрлілікті жандандыру ғана емес, сонымен бірге табиғи көміртек қоймасын қорғаудың жақсы үлгісіне айнала алар еді.
Бүкіл әлем судан тарығып жатқанда теңізді 1960 жылғы шекарасына қайтару әрине, мүмкін емес. Бірақ Солтүстік Аралды сақтап қалу, экожүйелерді, балық шаруашылығын қалпына келтіру және шығарындыларға тосқауыл қою – толықтай жүзеге асыруға болатын шаруа.