Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында айтқан сөзі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты.
Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді.
Бүгінгі уақытта Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді.
Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз, – деді ол.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Каспий теңізінің тағдырына алаңдайтынын айтқан еді.