57 жыл бұрынғы ғаламат ұсыныс қайта жүзеге асқалы жатыр

33216

Қыстағы қарғын су – тек қауіп-қатер ғана емес, кәдеге жарата білсе, нағыз игілік көзі.

57 жыл бұрынғы ғаламат ұсыныс қайта жүзеге асқалы жатыр Фото: roscosmos.ru

Жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы Сарыарқада сіресе жатқан қарда 10 миллиард текше метр шамасында судың "ұйықтап" жатқанын мысалға келтіреді.

Inbusiness.kz тілшісі "биыл да біз үшін тасқын қаупі елеулі екінші жыл болғалы тұр" деп болжап отырған су саласының маманын әңгімеге тартып көрген еді.

Іргедегі мол судың іздеусіз-игерусіз кете беруі қалыпты жайт па?

Былтыр жылдың соңында Арал ауданында және Қызылорда қаласында Торғай мен Есіл өзендерінен Арал өңіріне су әкелу туралы мәселе көтеріліп, үлкен жаңалық ретінде қаралды, тіпті жобаның "иісі" мұрнына бармайтындар "бұл мүмкін емес" деп құры аттандады.

Теңіздің төл перзенті, қаламын қолынан тастамай су саласын 60 жылға жуық уақыт бойы жазып жүрген сарапшы Сайлаубай Жұбатырұлы сол жиынның біріне қатысқан еді. Сырдың жайын, судың жағдайын тамыршыдай тап басатын ағамызды көсіле сөйлетудің сәті түсті.

Жалпы, "Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу" жобасы айтылғалы бері көпшілік "Аралдың бір үміті оянатын болды!" десіп жүр. Қазіргі күні Кіші Арал теңізінің жалпы су көлемі 27 млрд текше метр болса, теңізде 22 млрд текше метрге жуық су бар екені жайлы деректер бар.

– Өткен жылдың аяғында, Орталық Қазақстан аумағының суын біраз зерделеп, есіліп аққан Есіл иініндегі Жарқайың ауданы, Торғай өзені бойындағы Аманкелді, Торғай аудандары тұрғындарымен кездесіп, жол соңында, ат басын Аралға тіреген бір жұмысшы топ осы талаптың қарлығашы ретінде – жақсылық хабаршысы деп қабылданды. Ресми түрде, "Каспий-Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру Халықаралық қоры" және "Қазақ Су шаруашылығы ҒЗИ" өкіл-мамандарынан құралған ынталы тобы еді бұл бастамашылар. Елге ұсына келген идеялары – "Есіл өзенінің орта ағынындағы тасқын сулардың бір бөлігін Торғай өзені мен Арал теңізіне бағыттаудың" теникалық-экономикалық негіздемесі. Арал жұртшылығы бұл ақжолтай хабарды қуана қабылдады. Бір оңды жайт – жоғарыдағы Жарқайың тұрғындары, бергі, Тұран ойпатына бейім Торғай, Аманкелді ауданының халқы Есіл-Торғай суларын игеру және сол ағынның бір бөлігін Аралға бағыттау ұсынысын бір адамдай қолдаған екен. Бұл ағайындық көңілге экология сынының ортасында жатқан Арал жұртшылығы аса разылық сезімде болды, – деп әңгімесін бастады Сайлаубай Жұбатырұлы.

"Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу" жобасы Аралды толтырудың ең тиімді тәсілі делінген-ді. Демек, бұл – Аралды толтыру арқылы қарғын суды кәдеге жарату идеясы.

Бүгінде арысы – Ертіс, бер жағы – Есіл, Тобыл: көп көлемді судың теріскей көрші жеріне кетіп жатқаны рас. Орталық Қазақстан аумағында су тапшылығы байқалады. Аралдың басындағы ахуалды күллі әлем біліп отыр.

Экологтың сөзінше, осындай жағдайда, іргедегі сонау мол судың іздеусіз-игерусіз кете беруі қалыпты жайт деуге келмейді.

"Арал менің тағдырыма айналып кетті..."

Бір қызығы, Сайлаубай Жұбатырұлы бұл жобаны осыдан 57-58 жыл бұрын көтергенін айтып отыр. Аталған мақаланы Арал трагедиясы басталғанына қарамастан, баспаға жіберген патриот азаматтарға да алғысын айтып қалды.

– Мен 1967 жылы мектепті жаңа бітірген баламын, бірақ балықшы болып бір жыл еңбек өтілімді жинап жүргенмін. "Білім және Еңбек" деген республикалық журналға мақалам шықты. "Арал суы молайса…" деген тақырыпта. Жалпы, ол кезде цензура бар, Үкіметтің бақылауы бар, әйтпесе "Аралды қайтсек сақтаймыз?" деген тақырыптағы өткір мақала еді. Солай беруге қорыққан болуы керек, журналдың сол кездегі редакторы Абдул-Хамид Мархабаев деген жазушы ағамыз болатын. Осы бір азаматтың патриоттығы ғой, сондай қиын уақытта мақаланы батылы жетіп, журналға басып жіберді. Әйтпесе, Арал теңізі туралы трагедия 1967 жылдың тамыз айында басталған. Сол кезде-ақ Арал айтуға болмайтын тақырып ретінде шеттетіле бастаған-ды, – деп бір тоқтап, демін ішке тартты ағамыз.

Сөз басында айтқан "Каспий-Арал бассейнінің экожүйесін жаңғырту және су тасқынын басқару" халықаралық қорының жоба үйлестірушісі әрі менеджері Арман Тоғатай және "Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы, жерлесіміз Оразхан Қарлыханов деген азаматтар.

Кейіпкеріміз бастамашыл топпен жолыққанда өзінің осы тақырыпты 1967 жылы қаузағанын жеткізген. Ғалымдар оның айтқанын зейін салып тыңдап, тіпті керек жерін түртіп алып та отырған.

– Арал содан бері менің тағдырыма айналып кетті. Мұны айту себебім, дәл сол мақалада схемасымен, сызуымен Есілден Торғайға, Торғайдан Аралға, мына жағы Шудан, Ыстықкөлден, Тобылдан, Ырғыздан тартып суды келтіру көрсетілген еді. Сол мақала Аралдың алғашқы қарлығашы болды. Жақында Аралға келген ғалымдар тобына соны көрсетіп едім, бәрі мақұлдады және таңғалды. Осыдан 57 жыл бұрын бұл мәселенің көтеріліп, айтылғаны олар үшін тосын жаңалық та болған сияқты. Бірақ, мен ол мақаламен ғана шектелген жоқпын. Республикалық және облыстық газет-журналдарда ол туралы ондаған мақала жаздым. Көптеген сызба арқылы талдап, жолын көрсетуге мүмкіндігімше тырыстым, айттым, жаздым, – деді эколог.

Су тасқыны – молшылық ризық, қалауын таба алмасақ, ол – апат, проблема…

Сайлаубай Жұбатырұлы табиғат су күтулі жерімізге жыл сайын ақ басқын қар, ағыл-тегіл жаңбырды үйіп-төгіп қайта-қайта бере де бермейтінін ашық айтып отыр.

– Талқылау барысында, біз жобаның "…тасқын суларды игеру" деген анықтауыш-бөлігіне назар аударып біраз ойды ортаға салдық: Әлемдік климат "өртеніп-жанып" бара жатыр десек те, табиғаттың "мүшел" айналымының ылғалды жылдары келіп, жерімізге қар мен жаңбыр түрінде өз игілігін беріп жатқаны соңғы жылдары байқалып отыр. Осы игілікті суға зәру өлкелеріміз орнықты, ұтырлы ретпен игере алса, ол – молшылық ризық, қалауын таба алмай, қиындықтарға жол беріп қойса, ол – апат, проблема… – деп көпшілікті елең еткізер пікір білдірді ол.

Эколог "жоғарыда ұсынылған жоба ("Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу" жобасы – ред.) қалай да жүзеге асуы тиіс!" дегенді айтады. Оның себебі де нақты әрі ақылға сияды.

– Қалыптасқан табиғи дәстүр бойынша, көктемнің бірер айында Орталық Қазақстан суларының 80 процент ағыны бұрқап, жөңкіле ағып өтеді. Демек, мұндай ахуалда, әлгі ұсынылған жоба болашағы "тасқындар" деген ерек жайттарға сонша байланбаған, тәуелсіз болашақты іс болмақ. Көктемгі адуын сулар қалай да жуасытуды, игеруді қажет етеді. Қандай да бір жыл мінезінде де бұл ұсыныс болашақты, ғұмырлы болады деп отырған себебіміз сондықтан, – деп сөзін жалғады С.Жұбатырұлы.

Кейіпкеріміз әңгіме барысында пәленбай ғасыр бұрын Аралға 4 өзен құйып тұрғанына тоқталды. Олар – Торғай-Ырғыз, Шу-Сарысу және Сырдария мен Әмудария. Бұл да біз үшін тың жаңалық болды...

Есіл бойындағы жылда ие бермей тұрған тасқындар реттеледі

Жазушы, эколог ағамызбен өте ұзақ сұхбаттастық. Бірнеше сағат артта жай қалды. Миымыз біраз дерекке, телефонымыз құнды аудиоларға толықты. Сонда бір анық ұғынғанымыз – Солтүстік өңірлерден Оңтүстікке су әкелу жобасының өміршеңдігі, жүзеге асыруға болатындығы.

Аталған қадам арқылы "екі жеп, биге шығуға" мүмкіндік туып тұрғаны "соқырға таяқ ұстатқандай" байқалады. Яғни, мұның тасқынды игеруден өзге де Аралды толтыру идеясы қысы-жазы тоқтамастан жүзеге аса бермек. Ұзын сөздің қысқасы, Жұбатырұлы Аралға солтүстік пен оңтүстік өңіріміз суды қатар берсе, бәрі жақсы өрбитініне сенеді.

Оның сөзінше, егер оңтүстік тауларымыздағы дария шаршаған болса, солтүстік көмекке келеді. Бұл – үлкен екі қанат. "Екі сиырды тел емген бұзау балпанақтай болып өседі" деп дана қазақ айтқандай, мұнан Арал жаман болмайды...

– Бір мәлімет бойынша, әзір, Сарыарқада сіресе жатқан қарда 10 миллиард текше метр шамасында су "ұйықтап" жатыр. Демек, биыл да біз үшін тасқын қаупі елеулі екінші жыл болғалы тұр. Сол молшылық – зиян қатері емес, игілік көзіне айналғай! Осының бір болашақты, бекем тетігі "Есіл (арысы Ертіс) – Торғай – Арал" жаңа су жолы болмақ. Ол жоғарыда айтқанымыздай, тасқынсыз жылдары да өз қызметін сенімді дәстүрде жалғастыра алады. Ең алдымен, Орталық Қазақстанның су мәселесіне оң әсері болады. Есіл бойында жылда ие бермей тұрған тасқындарды реттейді. Торғай, Сарыөзен алабын суландырып, осы өзендер экожүйесін оңалтады. Арал маңы Қарақұмының берекелі жайылымдарына дем береді. Арал, Қазалы аудандары шөлін қандырып отырған "Толағай" су кенішін жерастынан қуаттандырады. Ең ақырында, ол ел тілегімен көтеріліп жатқан біртұтас Солтүстік Арал теңізін қолдауға келетін жаңа су көзі болмақ. "Есіл (арысы Ертіс) – Торғай – Ырғыздың" бір арнада тоғысатын бөлек ағыны аз су болмасына сенім зор. Арна жүйесінің жалпы құны (2024 жылғы бағаммен) – 260,373 млрд теңге. Жұмыстың біту уақыты, биылғы жылмен санағанда – 2027 жыл. Қаржылық-экономикалық қайтарымы нақты есептелген. Бұл су жолының экономикалық, әлеуметтік, экологиялық күтулі игіліктері көңіл қуантады. Еліміздің орталық алабынан бері түсетін бұл арна біздің Оңтүстіктен келетін дәстүрлі дариялар ағынына еш кері әсер беруге тиіс емес. Оңтүстіктегі сыбағалы суларымызға еш балама жоқ! – деп сөзін нақтылады су саласының маманы.

Жаңа су арнасы идеясы Үкіметтің деңгейінде қарала бастады

Қайталаудың еш әбестігі жоқ, Сайлаубай Жұбатырұлы Жарқаңың (Державинск), Торғай мен Аманкелді тұрғындарының Арал теңізінің жағдайына бейжай қарамағанына ризашылығын білдіреді.

"Бұл – үлкен ағайынгершіліктің, адамгершіліктің көрінісі. Бұл – біздің бірлескен болмыс-табиғатымыздың белгісі" деп есептейді ол.

– Ғалымдар тобы барлық жайтты зерттеген. Әуелі Державинскінің халқымен кездескен әрі өте дұрыс істеген, "олар қарсы бола ма?" деген қауіп болған, өйткені әртүрлі аралас халық бар, аты да айтып тұр дегендей... Бірақ сол жақтың адамдары "Аралға деген көмегіміз болса, Есілдің суынан бөлуге қарсы емеспіз" депті. Одан төмен Торғай, Аманкелдінің халқымен кездескен. Торғайдың халқы бұған қуанбаса, қарсы болмайды ғой. Бұл топ осылай 2-3 пунктке соғып, халықтың рұқсатын алып, келісіп, демократиялық принципті Аралға жеткен екен. Аралдың халқы логика бойынша қалай қарсы болсын, қуанып жатыр! – деп ағынан жарылды жазушы ағамыз.

Шынын айту керек, тарихпен ептеп таныс, географияны бір адамдай түсінетіндердің өзі солтүстіктен оңтүстікке су әкелуді "ақылға сыймайтын іс" деп топшылауы мүмкін. Бірақ, мұны мақала басталғалы бері дәлелдеуге барынша тырысып жатырмыз. Ғалымдарымыз да түсінді, іске кірісті.

– Есілді картадан қарап отырсаңыз, бізге қарай төмендеп келе жатып, Державинск деген Жарқайың ауданының орталығына келіп, күрт бұрылып Ертіске құйып, ары қарай Солтүстік мұхитқа кетіп қалады. Осы жерден 30 шақырымдай ғана жер, 60 метр тереңдікте болады дегенмін, соны бермен қарай Торғайдың алабына жеткізсек, Торғай транзиттік арнасы бар, булану шығынын өзі көтереді, берілген судың мұрты да бұзылмастан біздің желке жағымыздағы Құрдымкөлдің маңайына Бақшақ-Байтақ көлдер маңына жеткізеді. Біраз уақыт бұрын осы Бақшақтың төңірегінде Торғайдың суын Аралға жеткізу туралы ұмытылысы, талпыныс-талабы болған. Сөйтіп Бағысбаев бөгетін салып, Торғайдың аяқ жағындағы Айғырөткел деген жерден Атықай-Дәгір, Қасқырлы-Шатырлы деген арналарды, жүлгелерді қуалап отырып, Қарақұм совхозының Көкаша деген фермасының сыртына дейін суды жақындатқан, – деп сөзін үтір-нүктесіне дейін нақтылады эколог.

Сайлаубай Жұбатырұлы "жақында отандық телеарна "Каспий-Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру Халықаралық қоры" және "Қазақ Су шаруашылығы ҒЗИ" бастамасымен ұсынылған осы жаңа су арнасы идеясы Үкіметтің деңгейінде қарала бастағанын хабарлады" деп отыр.

Енді бұл игілікті бастама Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінде қолдау тапса, еліміз "бір оқпен екі қоян атарына" нық сенімді.

Қорытындыласақ, болмайды деген сөз болмайды! Аралға елдің бар аймағы жан-жақтан тіреу болса, теңіздің толарына үміт ояна түсері сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу