Аралдың толуы тек суға байланысты емес болып шықты

436

Аралды құтқару жөніндегі бастамалардың айтылып келе жатқанына жарты ғасырдай уақыт өтті. 

Аралдың толуы тек суға байланысты емес болып шықты Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Дегенмен теңіздің тағдыры айтарлықтай оңалды деуге негіз бар ма? Кіші Аралды қалыпқа келтірдік дегенмен, шешімін таппай отырған мәселе әлі де жетерлік.

Бірақ Қазақстан бұл жайтты өз бетінше шеше алмайтыны тағы бар. Өйткені елдегі ірі өзендердің көбі бастауын көрші елдерден алады. Соның бірі – Аралға құятын Сырдария. Ол үшін көршінің көңіліне қарауға тура келеді.

Бұған дейін Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет екенін Президент те биылғы Ұлттық құрылтайда ескерткен.

Құрғақшылықтың салдарынан ендігі кезек экологиялық мәселеге келіп тіреліп отыр. Ел ішінде экологиялық дағдарыс салдарынан Арал халқының денсаулығы сыр беріп жатқаны жиі айтылып жүр. Теңізді қайта қалпына келтіру мақсатында Аралды құтқару қоры құрылып, қор жұмысын 3 жыл сайын Орталық Азия елдері үйлестіретін болып келісілгені де мәлім. Дей тұрғанмен, гидрологиялық жүйенің теңсіздігінен 60 жылдан астам уақыт бойына Арал тағдырына қатысты мәселеге нүкте қойылмай тұр.

Бұл тұрғыда "Арал-Сырдария" бассейндік инспекциясы тарапынан "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС) жобасын жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк тарапынан 64 млн доллар бөлінгенін біреу білсе, біреу білмес. Инспекция соның арқасында экологиялық һәм экономикалық ахуалды реттей алғандарын мәлімдепті.

"Солтүстік Арал теңізі аумағын ұлғайтудың нұсқалары (бірдеңгейлі, екідеңгейлі) бойынша келіспеушілікке байланысты жоба жұмыстары бүгінге дейін созылып келді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы облысқа жасаған жұмыс сапары аясында "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу" жобасының екінші кезеңін іске асыруды тапсырған болатын. Дүниежүзілік банк тарапынан бөлінген 1,5 млн АҚШ доллары қайтарымсыз гранты есебінен 2020 жылдан бастап "Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру" жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталды", – деп делінген инспекция жауабында.

Жобаны талқылау барысында Арал ауданының тұрғындары бірдеңгейлі нұсқаны таңдаған. Бұл нұсқа бойынша, Көкарал бөгетінің балтық жүйесін 44 метрге дейін биіктету шешімі тұр. Осы арқылы сулылықтың болжамын ескере отырып, ТЭН жобасында негізгі нұсқа ретінде Көкарал бөгетін барынша биіктету жолымен бірдеңгейлі су айдынын құру, яғни, қолданыстағы Көкарал бөгетін 42 метрден 44 метрге биіктету қарастырылады.

Жалпы, кейінгі кездері теңіздің күйі қаша бастағаны жайында ақпарат ел ішінде желдей есіп тұр. Бұған қоса, Сырдария өзенінің мүшкіл хәлі, әсіресе вегетация кезеңіндегі жағдайы көп жылдан бері көпті толғандырып келеді.

Ресми дерек бойынша, 2022 жылдың қазанында Кіші Арал теңізінің су көлемі 18,5 млрд текше метрге азайған. Қазір су деңгейінің көлемі 22,8 млрд текше метрге дейін қайта көбейіпті. Ал 2025 жылдың маусым, шілде, тамыз айларында Арал теңізіне орташа есеппен түскен су секундына 15 текше метр болды. Негізінен, теңізге 2024 жылы 2,6 млрд текше метр су түссе, 2025 жылдың 1 қаңтарынан 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін Кіші Арал теңізіне түскен су көлемі 1,8 млрд текше метр құрады. Демек, кейінгі жылы келген су көлемі біршама азайған.

"Тұран ойпаты-Арал теңізі" қоғамдық бірлестігі болса, БҰҰ аясында үлкен су хабын құруға қол жеткізе алсақ, Арал теңізін қоректендіріп тұрған жалғыз артерия – Сырдария суынан тиесілі лимитімізді түгел алуымыз мүмкін екенін хабарлап отыр. Егер Аралды құтқару қорына бұрынғыша Қырғызстан мемлекеті де мүше болса, мемлекеттер су мәселелерін бірлесе шешер еді. Бірақ бұл мәселеге Қазақстаннан басқа бел шешіп кіріскісі келетін елдер көрінбейді.

Енді тақырыпқа ғылыми тұрғыдан қарап көрейік. Біз сөйлескен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Хасый Жамантіков Кіші Аралды толтыру бастамасын құптайды, дегенмен мәселе тек суға емес, топыраққа да қатысты екенін жеткізді.

– Біздегі жерасты топырағы – шөгінді топырақ. Негізі Сырдария секілді арыны қатты өзен аз еді. Жолдағы небір кедергінің бәрі таяз суға айналдырды. Оның суы келмей жатқан соң Аралдың хәлі не болмақ? Алғашқы кезде борпылдақ, әлі бірікпеген топырақ құрамы пестицид, гербицид сияқты улы заттар сумен келіп, шаңмен бірігіп, желмен ұшып, айналаны ластауға бейім болады. Ол шаң қоспалары космостық кеңістікке көтеріліп, жер бетінің кездейсоқ жеріне жетіп, шөгіп, сол жерді де ластайды. Сондықтан бірінші мәселе шаңды қозғалысқа келтірмейтін ic-шара жасау. Теңіз ұлтанының бетiндегі әртүрлі қоспалы өте зиянды борпылдақ шаңды бекітетін бірден-бір жол – өсімдік жамылғысымен ұлтан бетін бүркеу әдiсi. Ғалымдармен бірге Арал өсімдіктерін зерттеу арқылы, бүркемелі өсімдікке қара сексеуіл таңдалды. Оны егу жолдары іріктелді. Басты мақсат – қазір жаһанда белең алып бара жатқан қуаңшылық пен шөлейттену өзгерістерін өрістетпеу еді, – деді ғалым.

Сарапшының сөзінше, 1998-2012 жылдары эрозиялық процестерді тоқтату, қуаңшылық пен шөлейттенуге бетбұрысты әлсірету, өсімдік жамылғысын дамыту бағыттарында сенімді ғылыми-зерттеулер жүргізілген. Нәтижесінде, егілген сексеуіл өскіні тұздан қорғалып, жерсінуі ұлғайыпты. Бұл үлкен ғылыми жетістікке жататын көрінеді.

Сонымен, әзірге еліміз Кіші Аралды сақтап қалумен шектелуге мәжбүр. Ал теңіздің дәуірлеген кезеңіне қайта оралу тек қиял күйінде қалатын шығар. Тек кейінгі жылдағы үрдіске салмай, теңізге құятын су көзін азайтпау керек екені байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу