Аргентина Марадонамен қоштасып жатыр

6525

Үш жасында доп құшақтап ұйықтаған ұлы футболшы қарашаның 25-де 61 жасқа қараған шағында дүние салды.   

Аргентина Марадонамен қоштасып жатыр

Аргентинаның ұлы футболшысы – өз елін 1986 жылы  Әлем кубогында "Құдайдың қолымен" жеңіске жеткізіп, дүниежүзілік чемпион етіп, кейін кокаинмен, семіздікпен күрескен Диего Марадона 60 жасында дүние салды.

Өкілі Себастьян Санчидің сөзінше, Марадона  сәрсенбі күні жүрек талмасынан қайтыс болған. Марқұм ақтық сапарға аттанардан екі апта бұрын Буэнос-Айрес ауруханасынан миына ота жасатып шыққан еді.

Аргентина президентінің кеңсесі хабарлағандай, Марадонаның қазасына байланысты елде алдағы үш күн қаралы деп жарияланды.  Осыған байланысты көңіл көтеру шаралары тоқтатылып, ұлттық ту төмен түсіріліп, телеарналардың эфиріне спортшының өмірі, қызметі, жеңістері туралы бағдарламалар шығып жатыр.

Марадона Англия командасының қақпасына 1986 жылғы Әлем чемпионатының ширек финалында әйгілі голын салды. Ағылшындарға сенсек, сол доп баспен емес, Марадонаның қолымен қақпаға кірген. Бір әңгімесінде Марадона ойынға жаратқанның өзі араласып, атышулы голды Құдай өз қолымен салып берді деген еді. Ал, 60-жылдығы қарсаңында әлем чемпионы France Football журналына сұқбат беріп, ағылшындарға осы жолы оң қолымен гол салғысы келетінін мәлімдеді.

Жанкүйерлерін өзіне ғана тән ойын сиқырымен тамсандырған Марадона футболсүйгіш Аргентинаның піріне айналып, бір кездері тіпті "Алтын ұл" атанды.

"Сіз бізді әлемнің шыңына шығардыңыз. Ғажайып бақытқа бөледіңіз. Ұлылардың ұлысы едіңіз", - деді Аргентина президенті Альфредо Фернандес әлеуметтік желіге жариялаған жазбасында.

Пеле болса, Марадонаның туған-тыстарына көңіл айта отырып, "онымен бірге көкте футбол ойнауға" үміт білдірді.

Батыл, жылдам әрі жұмбақ Марадона шабуылдың шебері еді: допты бір аяғынан екіншісіне оп-оңай беріп, алаңда желдей есіп жүгіретін. Және де ол голдардың көбін ең жойқын қаруы – сол аяғымен салды.

"Марадона басымен ойлағанды, аяғымен істейтін", - дейді италиялық клубта бірге ойнаған әріптесі Сальваторе Баньи.

Британиядан кек

Карьерасының соңғы жылдарында артық салмақ жинағандықтан, Марадона орнына атыла жүгіру қауқарынан айрылып, 1991 жылы допингтік жанжалға алғаш рет ұрынды. Содан кейін атақты футболшы кокаинға әуестігін мойындап, 1997 жылы 37 жасында доп қууды тоқтатып, зейнеткерлікке шықты.

Марадона кокаинның кесірінен 2000 жылы өлім аузынан құтқарылса, 2004-те жүрек проблемасына тап болды. Бірде өзі айтқандай, есірткі оның "ең мықты қарсыласы" болған. Ал, 2007-2007 жылдары Марадона алкоголь мен тамақты шектен тыс көп ішкендікен, анастомоз, гепатит тәрізді ауруларға шалдықты.

2008-2010 жылдары Марадона Аргентинада, Біріккен Араб Әмірліктерінде тренер болды.

1960 жылы дүниеге келген Марадона сегіз баланың бесіншісі. Ол Буэнос-Айрестің шетіндегі кедейлер ауданында өсіп, көршілерінің ұлдарымен "лас футбол" ойнаған. Талай аргентиналық халықаралық деңгейдегі ойыншыға айналғанымен, олардың ешқайсы Марадона тәрізі дүниежүзілік даңққа ие болған жоқ. 2001 жылы ФИФА Марадонаны Пеле тәрізді тарихтағы ең ұлы екі спортшының бірі деп атады.

Көптеген аргентиналықтар Марадонаның 1986 жылғы Әлем чемпионатындағы жеңісін Ұлыбританиядан кек алу деп есептейді. Айта кетсек, 1982 жылы Фолкленд аралдары (оларды аргентиналықтар әлі күнге дейін "Лас-Мальвин" аралдары деп атайды) үшін соғыста Аргентина Британиядан ойсырай жеңілгені белгілі.

"Бұл – ұтуға талпыныс қана емес. Ойынның соғысқа еш қатысы жоқ. Дегенмен, олар сол шайқаста аргентиналықтарды құс тәрізді қырғанын білеміз. Сондықтан, мұны – кек деп білемін. Біз туымызды қорғадық", - деді бір сұқбатында ұлы спортшы.

Марадонаға тәй-тәй басып жүре бастағаннан кейін-ақ  доп сыйлаған. "Ол кезде 3 жаста едім, сол допты түні бойы құшақтап ұйықтадым", - деді Марадона балалық шағын еске ала отырып.

Марадона солшылдардың да чемпионы еді

Кубада Марадона гольф пен сигараға әуес болды. Фидель Кастромен сұқбаттасып, оның революциялық майдангері Че Геваварың суретін оң қолына бояуын сіңдіріп салдырды. Ал, 2005-те Марадона Америка елдерінің саммиті қарсаңында солшылдар шеруіне қосылып, Венесуэланың сол кездегі президенті Уго Чавестің қасында тұрып, аймқты та, алқалы жиынға кіші Джордж Буштың қатысуын айыптады.

2008 жылы Боливия президенті Эво Моралеспен Ла Паста футбол ойнаған Диего Марадона 2019 жылы Аргентинада Кристина Фернандестің консерваторлық үкіметін биліктен тайдыру үшін саясатқа бет бұрып, президенттік сайлауға кандидат ретінде қатысатынын жариялады.

"Фидель айтып еді, өзіңді енді саясатқа арна деп. Мен Кристинаға бәсекелес болып сайлауға түсер едім", - деді Марадона 2018 жылы Аргентинаның "Кларин"  газетіне берген сұқбатында.

Дегенмен, Аргентинаның ең таныман футбол комментаторы Виктор Уго Моралестің ойынша, Марадона кокаинмен, саясатпен емес, ең бастысы - қайталанбас ойындарымен ел жадында мәңгі-бақи сақталады.

"Ол - заманымыздың ұлы суретшілерінің бірі болды. Музыка мен бейнелеу өнерінің хас шеберлері тәрізді Марадона біздің ақыл-ойымызға серпіліс беріп, рухымызды байыта түсті. Диего тәрізді мені ешкім толғандырмапты", - дейді тележүргізуші.

Сәрсенбі күні Буэнос-Айресте Марадонамен қоштасу үшін ондаған мың адам көшеге шығып, мақұмның балалық шағы өткен үй мен бұрынғы Boca Juniors футбол клубының жанына гүл шоқтарын қойды.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу