Арқаның аязы АИ-92-нің абыройын асырды

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
9465

Астанада сақылдаған сары аяз салдарынан бір күн бойы АИ-92 бензині тапшы болды. Қаладағы жанар-жағармай стансаларында "әлеуметтік" бензин бір жерде талонмен сатылса, кей жерде мүлде сатылмады.

Арқаның аязы АИ-92-нің абыройын асырды

Бензин іздеген адамдарға жанар-жағармай стансаларында күн ұзаққа сарылып кезекте тұруға тура келді. Кейбір стансада АИ-92 бензинінің бір литрі 138 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде "бензин мен газ қайда бар?" деп бір-бірін сөзге тартты.

Әлеуметтік желілердегі хабарларға қарап, жағдайдың сағат сайын өзгергенін байқауға болады. Мысалы, желі қолданушыларының бірі Қорғалжын тас жолындағы стансада бензинді талонсыз 135 теңгеден алғанын жазды. Осыдан кейін тура жарты сағаттан кейін "Бензин жоқ, тек талон ғана бар" деген хабар шықты.

Жексенбі күні түске қарай ЖЖС-дағы жағдайға қала басшылары  араласты. Қала әкімі Әсет Исекешев: "ауа райы әдеттегіден тыс күрт сууына байланысты қаланың кейбір жанармай құю стансасында орташа тұтыну көрсеткіші ЖЖМ қорынан асып түсті", – деп жазды Фейсбуктағы парақшасында.

"Қазіргі уақытта "ҚазМұнайГаз" АҚ-ның қалаға тасымалдайтын АИ-92 бензині мөлшерін арттыруға тырысып жатыр. Бүгінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 130-135 теңге шамасында болып тұр. Жағдайды Энергетика министрлігі, Астана әкімдігі және "ҚазМұнайГаз" АҚ бақылауына алды.  Сонда да тиісті мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жанар-жағармай тасымалдаушылармен жиналыс өткізіп, қыс мезгіліне қатысты жоспарды тағы да пысықтап алуымыз керек. Нәтижесін бірден хабарлаймыз", – деп жазды қала әкімі.

Кешке қарай жағдай, шынында да, тұрақталды. Аbctv.kz тілшілері қаладағы ЖЖС-да болып,  онда әлі тізілген кезектің барын, бірақ АИ-92 бензинінің бағасы әр стансада 128 теңгеден 135 теңгеге дейінгі аралықта еркін саудаланып жатқанын байқады.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу