Армениялық сарапшы: Президент Тоқаев халықаралық түйткілдерді шешуде бейбіт ұстанымды қолдайды

148

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында цифрлық трансформация, жасанды интеллектті енгізу, экономиканы нығайту және Қазақстанның халықаралық үдерістердегі рөлін арттыруға қатысты негізгі міндеттерді айқындады. 

Армениялық сарапшы: Президент Тоқаев халықаралық түйткілдерді шешуде бейбіт ұстанымды қолдайды Фото: Степан Григорян

Армениядағы глобализация және өңірлік ынтымақтастық жөніндегі Аналитикалық орталықтың жетекшісі, саяси қайраткер Степан Григорян Жолдаудың басты тұстарын талдап, олардың елдің ішкі дамуы мен әлемдік аренадағы орны үшін маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне қатысты басты міндеттерді белгіледі. Сіз осы басымдықтарды қалай бағалайсыз? 

Мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу" атты Жолдауын мұқият оқып шықтым. 

Бұл құжатта еліміз үшін айрықша маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, инвестиция тарту, өңдеуші өнеркәсіп пен энергетикаға жаңа серпін беру (осы тұрғыда ядролық энергетиканы дамыту бағыты ерекше мәнге ие), ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару, көлік-логистика саласын ілгерілету міндеттері атап өтілді. Мәселен, "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия нарықтарына тікелей жол ашады, ал "Шығыс – Батыс" дәлізі мен Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлықтық көпір ретіндегі маңызын арттыра түседі. Сондай-ақ елді цифрлық жаңғырту мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев  жаһандық жағдайға және адамзат алдындағы жаңа сын-қатерлерге жан-жақты тоқталды. Бұл талдаудың Қазақстан үшін өзектілігі қандай деп ойлайсыз?  

Қазақстан Президентінің әлемдегі жағдайға жасаған терең талдауын ерекше маңызды деп санаймын. Ол халықаралық қатынастардағы шиеленістердің күшеюі, державалар арасындағы қайшылықтар, соғыстар мен қақтығыстардың көбеюі, экономикалық дамудағы теңсіздік, халықаралық құқықтың беделінің әлсіреуі сияқты өзекті мәселелерді нақты атап өтті. Сонымен қатар жаңа қауіпсіздік қатерлерінің, соның ішінде жасанды интеллектке негізделген қауіпті қарулардың пайда болғанын көрсетті. 

Мұндай жан-жақты көзқарас Қазақстанға сыртқы қауіп-қатерлерді айқын бағалауға, сонымен бірге ішкі даму міндеттерін жаһандық сын-қатерлермен ұштастыра отырып, алдын ала ойластырылған әрі тиімді даму стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. 

Сонымен қатар БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі аталып өтті. Сіздің ойыңызша, бұл мәселе неліктен соншалықты өзекті және ол Қазақстанға әрі халықаралық қауымдастық үшін неліктен маңызды? 

Президент қазіргі халықаралық құқық пен қауіпсіздік жүйесінің заман талабына сай келмей отырғанын орынды атап өтті.  Қазақстан бейбітшілік процесстеріне белсенді қатысушы әрі диалог алаңы ретінде әрдайым халықаралық құқықты нығайту мен мемлекеттердің тең құқықтылығын жақтайды. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің БҰҰ-ны реформалау жөніндегі бастамасы әлемдік деңгейде үлкен мәнге ие. Бұл бастама тек Қазақстан үшін ғана емес, қазіргі халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі теңсіздікті сезініп отырған көптеген елдердің ортақ мүддесін білдіреді. Мен ерекше атап өткім келетіні: Қазақстан Президенті елдер арасындағы кез келген түйткілдерді бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Ол  Жолдауында беріктікке негізделген бейбітшілік пен жалпы прогресс үшін ымыра іздеу қажет деп айтты. Сол үшін де Қазақстан Аляскада өткен Ресей мен АҚШ саммитінің қорытындыларын, сондай-ақ АҚШ Президенті Трамптың араласуымен Вашингтондағы Әзербайжан мен Армения арасында қол қойылған бейбітшілік декларациясын құптады. 

Бұл Қазақстанның кедергілер емес, көпірлер салатын мемлекет ретіндегі ұстанымын айқын көрсетеді. Және дәл осы қазақстандық дипломатияның стратегиялық күші болып табылады. 

Президент елде бірпалаталы Парламент құру мүмкіндігін талқылауды ұсынды. Сіз бұл саяси реформаның болашағын қалай көресіз? 

Жолдауда қозғаған саяси реформаларға да тоқталу орынды. Мұндай Парламент тек партиялық тізімдер бойынша сайланатын болады, бұл дүниежүзілік парламенттік дәстүрлерге сай келеді. 

Аталған реформаны азаматтық қоғамда, сараптамалық ортада және, әрине, қазіргі Парламенттің өзінде жан-жақты талқылау ұсынылды. Бұл қадам елдің саяси жүйесін жеңілдетіп, тиімділігін арттыруға, сондай-ақ халықтың еркін тікелей білдіретін партиялардың рөлін күшейтуге бағытталған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу