"Армияның абыройын төккені" үшін Ресейде бейбіт тұрғындар жаппай айыппұл арқалауда

1571

Бейбітшілікті жақтап, соғысты даттап сөйлегені үшін жазықты болып, жазаланған ресейліктердің айыппұлдарын төлеп беретін астыртын қор жұмысқа кіріскен.

"Армияның абыройын төккені" үшін Ресейде бейбіт тұрғындар жаппай айыппұл арқалауда Фото: yandex.kz

RuNews хабарлауынша, Мәскеу тұрғыны өз қызының сегіз жасар сыныптасына "домалақ арыз" жазған. Ол балалар арасында танымал "Лайки" қосымшасында бір видеоны тауып алады: онда бірінші сыныпта оқитын балдырған қыз ақ параққа өз қолымен салынған Украинаның туы үстінде РФ туы салынған қағазды умаждап-умаждап, лақтыра салады. Ксения деген өсек тасушы әйел мұны "русофобия" деп бағалаған және кішкентай қызды ата-анасымен бірге жазалауды талап еткен. Журналистер анықтағандай, ол әйел өткен ғасырдан кеңестік идеология өтіп кеткен кексе емес, 30 жастағы жас әйел. Қазіргі уақытта полиция баланың қылығын Қылмыстық кодекске сәйкес қалай саралауға болатынын зерделеп жатқан көрінеді.

Тула облысында педагог әйел өз оқушысының бейбітшілікті насихаттап салған суретінен шошынып, дереу құқық қорғау органдарының өкілдерін шақыртқан. Құзырлы органдар оқушы қызды өз отбасынан тартып алып, жетімханаға жолдады. Енді билік оның әкесін ата-ана құқығынан айыруды жоспарлап отыр. Қантөгісті қаламайтын періште баланың тағдырын тәлкекке салып, өмірін тозаққа айналдырғанын түсініп, өкінген мұғалімнің өз еркімен жұмысынан кетіп қалғаны хабарланды.

Мәскеу Украина жеріне баса-көктей кіріп, бауырлас елді қанға бөктіре бастағалы бері солтүстік көршіде бейбітшілік сөзіне тыйым салынды, соны меңзейтін қимылдар үшін халық қудаланады. Мысалы, Мәскеу метросында ресейлік "Мир" картасын жоғары көтеріп тұрған жас жігіт ұсталып, оған айыппұл салынған.

Мыңдаған РФ тұрғыны бейбітшілікті аңсағаны үшін сотталып жатыр: бірі темір торға қамалса, енді біріне үлкен айыппұл салынады. Ресейде енді соғысқа қарсы шығуға қатаң тыйым салынған, тіпті соғыс деген сөзді айтуға рұқсат етілмейді, тек "арнайы әскери операция" деу талап етіледі. Бұдан бөлек, караокеде украинша әндерді шырқағандар, Украина туының астында суретке түскендер, "Нет войне" деп жазылған плакаттар ұстағандар, әлеуметтік желідегі соғысты қолдамайтын посттар және пікірлер жазғандар істі болды.

Ресейлік сарапшылар РФ Қылмыстық кодексіне енгізілген "армияны дискредитациялау" бабына көбінесе өңірлердің тұрғындары ілігетінін анықтады. Бірлі-жарым бизнесмен, депутат болмаса, арасында бай-бағыланы жоқтың қасы. Басым көпшілігі қалт-құлт етіп тірлік етіп жатқан, жалақылары аз, зейнетақыға күні қараған қарапайым адамдар. Сондықтан олар үшін 30 мыңнан 300 мың рубльге дейін баратын айыппұлдың өзі – еңсере алмас ауыртпалық.

Severreal.org (Север.Реалии) порталының мәліметінше, осындай жандарға "РОСштраф" айыппұлын өтеуге көмектесе бастады.

2022 жылғы 14 қарашада Ухта қаласында тұратын 56 жасар зейнеткер әрі суретші Арти Аарде таңазанда әлдекімдердің өз есігін соққылап, бұзғалы жатқанынан шошынып оянады.

"Мен "Бұл кім?" деп сұрадым. Көршілеріңбіз дейді. Есікті ашсам, оның бірі қызметтік куәлігін бетіме тықпалап: "Бізбен жүресіз" деді. Тағы үш адам пәтеріме басып кіріп, қарай бастады. Барлығы қарапайым киінген, формалары жоқ. Куәліктен басқа ешқандай қағаз көрсетпеді. Бөлімшеге апарып, сол жерден бірден соғысқа аттандыратынын айтып, қорқыта бастады", – деп еске алады Арти Аарде.

Полиция бөлімшесінде армияның абыройына нұқсан келтірді деген айыппен хаттама толтырған. Бұған суретшінің "ВКонтактедегі" парақшасында жариялаған соғысқа қарсы суреттері себепші болыпты. Оның бірінде мысалы, инфографика берілген: онда Женева конвенциясына сәйкес, адамды қандай жағдайда жауынгер, қандай жағдайда кісі өлтіруші немесе терроршы деп атауға болатыны көрсетілген. Тағы бірінде кеңес кезіндегі атақты "Родина-мать зовет" жарқағазы бейнеленген, бірақ оған "Сен ұлың үшін өтемақы алдың ба?" деген сұрақ қоса берілген.

Суретші өз суреттерінде Ресей армиясына немесе орыс солдатына нұсқайтын ешқандай танымдық белгі кескіндемеген екен. Бірақ соған қарамастан, бұл РФ армиясын дискредитациялау деп танылған.

"Мен бір жағынан Украина халқын, екінші жағынан, өзімнің коми ұлтымды (Ресей құрамындағы Коми республикасының тұрғылықты халқы) қатты аяймын. Қарулы қақтығыс салдарынан екі ұлт та азайып барады. Екеуі де азап шегуде. Бұлай болмауы керек. РФ халқы әбден ынжық болып кетті. Адамдар теледидардан не айтылса, соған қапысыз сенеді. Мен оларға баламалы ақпарат беріп, ойлансын деген ниетте болдым. Соғыс басталғалы түрлі плакаттар салып, жариялап жүрдім. Ешкім назар аудармады. Тек 51 жасар әлдебір Людмила Великая деген зейнеткер көріп,домалақ арыз жазыпты", – деді Арти.

Сотта ол "дискредитация" бабы бойынша өзіне қатысты бір емес, бірден 4 әкімшілік із қозғалғанын біледі. Сот процесі бірер минут қана жүріпті: бұл уақыт судьяның үкімді оқуына және "Бұған не айтасыз?" деп сұрауына ғана кеткен. Жауапкер аузын ашып, жауап бере бастағаны сол, судья: "Сенің ісің түсінікті, залдан шығып, сыртта күт" деп қуып шыққан. Салдарынан, бейбітшілік аңсаған коми ақсақалына сот 120 рубль айыппұл салды. Оны төлей алмайтынын түсінген қария былтырдан барлық инстанцияны адақтап шықты. Тіпті Коми жоғарғы соты да оған аяушылық білдіруден бас тартты.

Артидің зейнетақысы 15 мың 783 рубльді ғана құрайды. Бұрын дизайнерлік жиһаз жасаумен айналысыпты, бірақ соғыс басталғалы жергілікті тұрғындарының тұрмысы нашарлап, жиһаз сатып алуды қойған. Соттарға шағым жазуына жәрдемдескен журналист Александр Песковтың кеңесімен Арти "РОСштраф" жобасына хат жазады. Қордағылар қажетті 120 мың рубльді 5 күнде жинап берген.

Артиға көмегі бұл жобаның 2023 жылдағы ең ірі төлеміне айналды. Бұған дейін "РОСштраф" волонтерлары ұсақтау айыппұлдарды өтеуге көмектесіпті. Жобаның негізін қалаушы, саясаттанушы Федор Крашенинниковтың өзін сот телеграм-арнасында "путиндік судьялар" туралы посты үшін айыптап, 30 мың рубль айыппұл салды. Ол айыппұлды төлеу үшін жазылушылары арасында жылу жинау ұйымдастырыпты. Өзі сияқты саяси баптар үшін сотталғандарға айыппұлды төлеуге көмектесу идеясы сонда келген екен.

Жоба тәртібі бойынша саяси қудалауға ұшырап, айыппұлмен жазаланған адам телеграм-каналдың боты арқылы "РОСштрафқа" жүгінеді. Оның өтінімін волонтер қарайды. Өтініш қабылдануы үшін айыппұл туралы сот қаулысын қоса көрсету қажет. Еріктілер құжаттың жалған болмауын тексереді, тізілімде тиісті істі табады. Содан соң жылу жинау басталады. "РОСштраф" заңгері алдымен жазаланушыға айыппұлды төлеуді кейінге қалдыруды сұрап, шағымдануға немесе сот шешіміне қарсы апелляция беруге көмектеседі. Бұл неғұрлым көбірек адамға көмектесуге мүмкіндік береді. Бәлкім, кейбір сот шешімін жоғарғы инстанция жоятын шығар деп үміттенеді.

Жалпы алғанда, "РОСштраф" 2022 жылы 73 адамға айыппұлдан құтылуға қолұшын созды.

Жоба үйлестірушісі Андрей Светлов бұрындары Ресейде оппозициялық митингтерге шығушыларға 10 мың рубльден айыппұл салынатынын еске алды. Енді "РФ армиясын дискредитациялағаны" үшін деген бап аясында 30 мыңнан төмен айыппұл жоқ көрінеді.

Осылайша, халықтың қорғаушысына айналуға тиіс ресейлік әскер халықты жазалаушылардың құралына айналып кеткендей. 

РФ Украинаға қарсы кең ауқымды шапқыншылық бастағанына бірнеше күн өткенде Мемдума РФ Қылмыстық кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне жаңа баптар енгізді. Салдарынан, солтүстік көршіде әскери цензура енгізілді.

Мысалы, армияның абыройын төгуге қарсы бап пайда болды. Содан бері оның аясында қанша адамның жазаланғаны туралы нақты статистика жарияланбады. Бірақ ресейлік ақпарат құралдарында жария болған оқиғалардың өзі мұндай фактілердің көптігін айғақтайды. Сарапшылар бұл бап аясында РФ барлық өңірінде күн сайын іс қозғалатынын айтады.

РБК 2022 жылғы қазанда келесі сандарды мәлім етті: былтырғы сегіз айда РФ соттарына "дискредитация" туралы шамамен 4800 іс түскен.

"ОВД-Инфо" порталының дерегінше, 2023 жылғы 15 ақпандағы жағдай бойынша осындай кем дегенде 5 846 іс қозғалыпты.

Бұдан бөлек, Қылмыстық кодексте "ресейлік армия туралы фейктер" бабы да бар, ол бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. РФ бас прокуратурасының дерегінше, ол бапқа сәйкес, ашық түрде 187 іс қозғалған.

Егер әлдебір адам "дискредитация" бабымен екіден артық айыппұлмен жазаланса, онда үшінші рет оның үстінен әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғалады.

"РОСштраф" сарапшылары мұндай істер алда тек артады деп күтеді.

"Себебі, полицейлер де, судьялар да Ресейде сан қуып жұмыс істейді. Жоспарлы жүйеден жаман нәрсе жоқ: кезінде Солженицын жазғандай, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жергілікті НКВД қызметкерлері өз өңірінде "билікті құлатуға ымыраласты" деп, жаңа қылмыстық топтарды бірінен соң бірін ашып отырған. Осы арқылы олар соғыстан алып қалатын броньдарын сақтаған. Егер көрсеткіштерді өсіріп, қарқынды жұмысты көрсетпесе, тиімсіз деп танылып, соғысқа аттандырылуы мүмкін еді. Бүгінде ресейлік полиция пропагандаға шын сенеді, айнала толы анталаған жау, олар ішке кіріп кеткен деп санайды. Тиісінше, шеруге шығушыларды, соғысқа қарсыларды сатқындар, тыңшылар деп бағалайды", – деп түсіндіреді А.Светлов.

Андрей бір оқиғаны әңгімеледі: сырқат ауруханаға түскенде, дәрігер одан құжатын сұратады. Ол адамның паспорты украиналық герб бейнеленген қаптамаға оралғанын көріп, дәрігер құзырлы органдарды шақыртқан. Олар сырқатты алып кетіп, тергеп, оның қолға түскен кездейсоқ қаптаманы пайдалана салғанына сенбеген. Сот оны айыппұлмен жазалады.

Ресейлік сарапшылар "донос" жазу кең таралған өмір салтына айналып бара жатқанын қаперге салды: ресейліктер жұмыстағы әріптесіне, көршілеріне, таныстарына, тіпті туысқандарына қарсы домалақ арыз жаудырып жатыр.  

КСРО заманында "қырағы азаматтар" топырлатып 4 миллионнан астам домалақ арыз жазыпты. Салдарынан қаншама жазықсыз жан қудаланды, лагерлерге айдалды, атылды. Бұл үрейлі заман көршіде қайта орнамаса...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу