"АрселорМиттал Теміртау" министрліктің ескертуін елемеген

1283

Мұның соңы "Абай" шахтасындағы жарылыстың салдарынан 6 кеншінің қайтыс болуына әкеліп соқтырды.  

"АрселорМиттал Теміртау" министрліктің ескертуін елемеген

Сенатта өткен үкімет сағатында қауіпті өндірістік нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Салалық министрлік қызметінің маңызды бағыттарының бірі – техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу, жою және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өткен министр өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау азаматтардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатер төндіретін тау-кен, металлургия, мұнай-газ өндіру, мұнай-химия, химия және өнеркәсіптің басқа да салаларындағы техногендік апаттарды болдырмауға бағытталғанын баяндады. 

"Реттеуші жүйенің мерзімді реформалары және бизнеске қойылатын талапты қысқарту жөніндегі шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеудің әлсіреуіне алып келді. Салдарынан өнеркәсіптегі өндірістік тәртіп деңгейі төмендеп, техногендік апатқа алғышарт жасады", – деді Юрий Ильин.

Министр мысал ретінде 7 қараша күні Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Абай" шахтасында болған қайғылы оқиғаға тоқталды.  

"Біз бірнеше рет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талапқа сай емес екеніне назар аудардық. Инспекторлар тұрақты негізде тау-кен жұмыстарын жүргізуге, көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыруға, кейбір учаскелерде метан концентрациясын автоматты анықтау жүйесінің болмауына байланысты қауіпсіздік талаптарының жүйелі түрде бұзылып жатқанын анықтады.

Тексеру нәтижесі бойынша сот органдарына көмір шахталарының қауіпті учаскелерінде тау-кен жұмысын жүргізуді тоқтата тұруға қатысты талап-арыз жіберілді. Іс жүзінде талап-арызды қарау қорытындысы бойынша сот қауіпті учаскелерді тоқтата тұру туралы шешімді қолдамайды, тек әкімшілік айыппұл салады.

Санкция мен салынатын әкімшілік айыппұлдың көлемі тексерілетін субъектілерді селт еткізбейді. Оларға кемшілікті жоюға қаражат жұмсағаннан әкімшілік айыппұл төлей салған тиімді. Заңнаманы бұзғаны үшін тиісті жауапкершіліктің болмауы бақылау және қадағалау саласындағы алдын алу шараларына теріс әсер етеді, ал тексерілетін субъектілерге жазадан жалтару сенімін қалыптастырады", – деді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, мемлекеттік реттеудің базалық қағидаттарының кезеңдік өзгерістері қауіпті өндірістік нысан қызметінің салдарынан адамның өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру ықтималдығының дәрежесін ескермейтін бақылау мен қадағалаудың барлық салалары үшін тең жүргізіледі. Қолданыстағы мемлекеттік басқару жүйесі іс жүзінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметі шамадан тыс заңнамалық реттелгенін, ал олардың өкілеттігі нормативтік құқықтық актілердің нақтыланған нормасымен шектелгенін көрсетеді.

"Бұл қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алу және жою бойынша қабылданатын шаралардың жеткіліксіздігіне әкеледі. Бүгінгі күні өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды барлығы 381 инспектор жүзеге асырады, олардың қадағалауына 9 157  кәсіпорын және 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысан жатады. Осы жүйе құрылғаннан бері  инспекторлардың саны 4,3 еседен астамға қысқарды", – деді Юрий Ильин.

Министрдің мәлімдеуінше, жыл сайын бақыланатын нысандардың саны артып келеді. Инспекторларға жүктелген жұмыс көлемі олардың санына сәйкес келмейді. Бір инспектор 603 нысанды тексеруге мәжбүр. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу