Арысқа қаржылай қанша көмек көрсетілгені анықталды

5417

Қарапайым қазақстандықтардан бастап, ірі компанияларға дейін Арыс қаласына қол ұшын созуды жалғастыруда.

Арысқа қаржылай қанша көмек көрсетілгені анықталды

Әскери қоймадағы алапат жарылыстан зардап шеккен Арысқа жиналып жатқан демеуқаржының көлемі миллиондап емес, енді миллиардтап санала бастады.

"Түркістан" қорына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұңғыш Президент кеңсесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент әкімшілігі, Сенат пен Мәжіліс, Премьер-министр кеңсесі, министрліктер, комитеттер мен оларға бағынышты ұйымдар, облыстар мен қалалардың әкімдіктері, бірқатар бюджеттік мекемелер, соның ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, спортшылар, полицейлер, өрт сөндірушілер және басқалары бір күндік жалақыларын аударды.

Бұл ізгі істен бизнесмендер де қалыс қалмады. Арыс тұрғындарына көмекқаржы ретінде "BI Group" холдингі 100 миллион теңге жолдады.

"Қирау ауқымы басында болжағаннан әлдеқайда зор екені анықталуда. Біздің құрылысшылар төрт күннен бері жұмыс жасауда. Барлық үйлер саманнан салынған болып шықты, бұл қалпына келтіру ісін күрделендіруде. Егер жарылыс түнде болғанда, салдары әлдеқайда қайғылы болар еді. Бізге 100 үй бөлінді, жөндеуге кірістік", – дейді холдинг басшысы Айдын Рақымбаев.

Ал "Еуразиялық топ" Арыс қаласын қолдауға 400 миллион теңге беретінін жариялады. Бұл қаражатты ERG мыңдаған адамнан тұратын ұжымынан – өзіне жұмыс жасайтын кеншілер, металлургтер, энергетиктер және көлікшілерден жиған екен.

"Бұған қоса, Еуразиялық топқа кіретін "3-Энергоорталық" кәсіпорнының еріктілері сол жерде қолдан келгенше қолғабыс жасауда. Біздің қызметкерлер аударылған қаражаттар мен жұмсалған күш-жігер қираған нысандарды қалпына келтіруге жәрдемдеседі және күрделі уақытта зардап шеккендерге демеу болады деп шын үміттенеді", – деп хабарлады компания.

"ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясының жұмысшылары Арыс тұрғындарына 120 миллион теңгеден астам қаржы бағыттады.

Басқарумен және инвестициялаумен айналысатын қазақстандық "Верный капитал" компаниясы 60 миллион теңге бөлді.

"Астана моторс", "Мега" секілді ірі нысандарды біріктіретін Astana Group 20 миллион теңге және гуманитарлық көмек жолдауға шешім қабылдаған. 

Оның сыртында волонтерлар, қоғам белсенділері, жеке кәсіпкерлер, ірі гипер-супермаркеттер желілері, киім дүкендері керек-жарақ пен киім-кешек толы тең-тең жүк жөнелтуде. Бұдан бөлек, құпия ұсталатын мемлекеттік материалдық резервтен де қажетті заттар бөлініп жатыр.

Әлеуметтік желілерде Арысқа көмек көрсеткені жайында қаншама видеоесептер мен посттарды кездестіруге болады.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, жарылыстан қираған қалаға көмек көлемі еселеп артуда.

"Арыстағы жағдайға байланысты облыста "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры құрылғаны белгілі. Оған еліміздің барлық түкпірінен қаражаттар аударылуда. Қазіргі кезеңде "Түркістан" қорының есепшотына қайырымды қазақстандықтардан 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы түсті", – деп хабарлады әкімдік.

Түркістан облысы әкімдігінің дерегінше, қалаға бүкіл Қазақстаннан гуманитарлық көмек те көптеп түсуде.

"Бүгінде қоймаларда 510 тоннадан астам гуманитарлық көмек қордаланған. Штаб қызметкерлері қала тұрғындары арасында 400 тонна азық-түлікті, тұрмыстық заттарды, жеке гигиена құралдарын, киімдерді, тұрмыстық химияны және басқасын таратты. Гуманитарлық көмек қоймаларында веб-камералар орнатылды. Олардан онлайн-трансляцияны интернет арқылы www.barlau.kz/company/tx/ мекенжайы бойынша бақылауға болады", – деді әкімдіктегілер.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, өз кезегінде облыстық бюджеттен де 1 млрд теңгедей қаражат бөлінуде. Үкімет жедел түрде 2 миллиардтан астам қаржы жіберген.

Дегенмен билік тек жарылыс дүмпуінен қираған нысандарды жөндеумен және қайта тұрғызумен шектелмей, бүкіл қаланы жаңғыртуға бел буды. Бұған әрине, бірнеше миллиард теңге жетпейді.  

Осыған орай, бүгін Сенат өзінің сессиядағы қорытынды отырысында шұғыл түрде "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті" нақтылайтын жаңа заң қабылдап, оны Президенттің қол қоюына жолдады.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайыловтың түсіндіруінше, қайта қаралған биылғы республикалық бюджет арқылы Үкімет резерві қосымша 72,9 миллиард теңгеге толығып отыр. Осы қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталатын болады.

Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыс қаласын қалпына келтіруге 20 миллиард теңгеге жуық қаражат талап етілетінін мәлімдеді.

"Қалада қираған немесе бүлінген нысандардың саны 8 мыңнан асты. Снаряд тиіп, жарылған, өртенген 70 шақты үй толығымен жойылыпты. Бірақ бұл сан ақырғы емес. Қазіргі бағалаулар бойынша келтірілген зиян шамамен 20 млрд теңгедей. Сан өзгеруі де мүмкін, бірден ескертіп қояйын. 15 шілдеге қарай қолымызда нақты сандар болады. Өйткені бағалаушылар ары қарай жұмыс жасауда. Ондағы жұмыс ауқымы үлкен", – дейді Владимир Беккер.

Премьер Асқар Мамин Арыс қаласының инфрақұрылымы мен тұрғын үй қорын бір ай ішінде, 1 тамызға дейін қалпына келтіруге сөз берді.

Қаланы салуға еліміздің барлық өңірлері атсалысуда. Тиісінше, Арыс қазір 17 секторға бөлінген. Оның әрқайсысындағы зардап шеккен тұрғын үй ғимараттарын жөндеуге және жаңадан тұрғызуға әр он жеті өңір құрылыс бригадаларын жіберуі керек. Құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін қалаға барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалаларының әкімдерінің орынбасарлары келді.

Қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін Үкімет 10 кешенді шараны жүзеге асырады. Біріншіден, 1 ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөндеп бітіруі тиіс. Екіншіден, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына, соның ішінде балаларға да (жалпы саны 44 мың 781 адам) бір мезеттік 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Бұл төлем әр тұрғынның банктегі жеке есепшотына аударылмақ. Балалардың ақшасы ата-анасына беріледі. 

Үшіншіден, арыстық 4 мың бала сауықтыру лагерлеріне жіберіледі. Олардың кейбірі елордаға да жетті. Төртіншіден, ұлттық компаниялардың көмегімен шаһардағы әлеуметтік нысандар жөнделеді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық тартылады. 66 әлеуметтік нысанды "Самұрық-Қазына" қоры бір өзі жөндейді. 

Бесіншіден, арыстық 300-дей шағын және орта кәсіпкердің кәсіпорнына "Атамекен" палатасы арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алтыншыдан, қала кәсіпкерлеріне 1 шілдеден бастап 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер берілуде. Арыстық бизнеске жыл соңына дейін салықтық каникулдар жарияланды, яғни олар салық төлемейді.

Жетіншіден, инженерлік инфрақұрылым, электрмен жабдықтау және байланыс ел Үкіметі резервінің қаражат есебінен қалпына келтіріледі. Сегізіншіден, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және қайта жөндеу жоспарланған. Тоғызыншыдан, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған аурухана мен екі емхана салынады. Оныншыдан, 2 апта ішінде Арыстан қару-жарақтар әкетіле бастайды. Арсенал басқа жаққа қайта орналастырылады. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу