"Арыстан" лицейі 80 курсантқа үлкен өмірге жолдама берді

Білім ордасы еліміздің әр өңірінен келген жігерлі жасөспірімдердің болашағына серпін береді.

"Арыстан" лицейі 80 курсантқа үлкен өмірге жолдама берді Фото: inbusiness.kz

"Арыстан" мамандандырылған лицейінде еліміздің әр өңірінен келген 240 оқушы білім алады. Ойы озық, жігерлі жастарды іріктейтін оқу ордасынан биыл 80 курсант үлкен өмірге қанат қағып, аттестат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мерекелік іс-шара түлектердің сапқа тұрып, лицейдің туын алып кіру рәсімінен басталды. Тудың өзі оқу орнының беделін, даңқын, оқу ордасының дәстүрлерін, әсіресе білім беру мекемесінің әскери дайындық бағытында білім беретінін айғақтайды.

Әскери форма киген сырықтай жігіттер сап түзеп кетіп бара жатқанын көргенде Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың "Мен жастарға сенемін!" деген өлеңі ойға оралады.

"Арыстан" лицейі курсанттардың интернатта жатуы, тегін білім алуы мен оқуға қажетті керек-жарақтың барлығымен қамтамасыз етуді өзінің әлеуметтік мақсаты деп таниды. Сондықтан оқуға қабылдау кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қабылдауға басымдық береді. Мәселен, бүгінде лицейде көпбалалы отбасыдан шыққан 82 жасөспірім және толық емес отбасыдан шыққан 45 жасөспірім білім алуда. Солардың бірі - бүгін түлек атанған Райымбек Қайыров. "Арыстан" мамандандырылған лицейіне оқуға түсу үшін 6-сыныптан  дайындалған курсант Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тумасы.

"Осы киелі шаңырақтың түлегі болғанымды мақтан тұрамын. Себебі мұнда тек білімді, белсенді оқушылар қабылданады. Мен түсу үшін 3 жыл дайындалдым. Әуелі бұл лицей туралы ағам айтты. Әскери білім ордаларының ішіндегі ең беделдісі екенін білген соң бірден білімімді шыңдай бастадым. Өзім әскери отбасыдан шыққанмын. Екі ағам ел тыныштығы үшін еңбек етіп жүр. Бір ағам қызметтік міндетін атқарып жүріп, "Қаңтар оқиғасында" қаза тапты", – дейді жас түлек.

 

Райымбек лицейде өткен әр күнін қуанышпен еске алды. Болашақта ол әскери барлаушы болуды армандайды. Ал анасы Жұмағаным Қайырова жас курсанттың Отанына адал қызмет ету, мемлекет мүдделерін қорғау, керек болса жанқиярлық танытуға дайын болуы керек екенін айтады. 

"Алты балалы болдым. Төрт ұлым да әскери өмірді таңдады. Бұл темірдей тәртіпті қажет ететін сала. Бүгін кенже ұлым лицейді аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды. Үш жыл бұрын көп дайындықтан, бірнеше емтиханнан өтіп, осы мектепке қабылданған. Еліміздегі беделді әскери лицейлердің бірі. Мұнда біліммен қатар, спорттық жағынан да мықты болу шарт. Үйдің кенжесі болса да, осы тәртіпке көнді. Әскерилер бейбіт өмір, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Бұған осы мамандандырылған лицейдің қосып жатқан үлесі орасан", – деді көп балалы ана.

"Арыстан" лицейі жоғары халықаралық талаптарға сай келетін, беделді білім ордасы. Жыл сайын лицейге түсу үшін 1 орынға 5-8 оқушы бақ сынайды. Олардың ішінде білім мен денсаулық жағынан тапсырылатын көп сатылы сынақтардан сүрінбей өткендері ғана оқуға қабылданады.

"Халық" қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, лицей құрылғалы бері, соңғы 10 жылда қабырғасынан 796 түлек ұшып шықты. Биыл 80 курсант үлкен өмірге жолдама алды.

"Халық" қайырымдылық қорының басты мақсаты – аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан білімді баларды іріктеп, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау. Курсанттар интернатта жатып тегін білім алады. Олар барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіледі. Лицейдің қабырғасынан ұшқан түлектердің еліміздің беделді жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруының өзі білім ордасының сапа көрсеткішін білдіреді. Бүгінде түлектердің кейбірі Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық ұлан қатарында, Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамында, Шекара қызметінде, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметі сияқты әртүрлі күш құрылымдарда қызмет етуде", – деді "Халық" қайырымдылық қорының басқарушы директоры.

Түлектерге арналған салтанатты жиында лицей бастығы – генерал-лейтенант Мұрат Жәлелұлы Майкеев оқу жылын қорытындылады. Түлектерді құттықтап,  аттестат, төсбелгілер мен сыйлықтар табыстады.

 

"Біздің білім ордамыз еліміздің әр өңіріне келген оқушыларға мықты білім берді, спорттық дағдыларын шыңдады, оқушыларымыздың 30% халықаралық ғылыми сайыстардың жүлдегері атанды. Түлектердің 48% ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинады", – деп атап өтті  генерал-лейтенант Мұрат Майкеев.

Айта кету керек, 2023 жылы "Халық" қайырымдылық қоры "Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры" қоғамдық қорына қолдау көрсеткен. Қаражат "Арыстан" мамандандырылған лицейіне бағытталған.

Аталған оқу орнын құру идеясы 2008 жылы "Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры" қоғамдық қорында педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Динара Нұрсұлтанқызы Құлыбаеваның жетекшілігімен жобаның бас құрылтайшыларының бірі және лицейдің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың атсалысумен құрылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу