Арзан бензин болмайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
15452

Мұнай, газ және мұнай өнімдерінің бағасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бағасымен теңеседі. 

Арзан бензин болмайды

Өткен жылдың желтоқсанында бензин бағасы 2020 жылдан бастап 10 теңгеге қымбаттайтыны туралы ресми мәлімдеме жасалды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жанар-жағармай бағасының құбылуына бензин акцизі бағасының өсуі ықпал ететінін айтты.

"Қазір бір литр бензин акцизінің бағасы 8 теңге. Алдағы уақытта бір литр бензиннің акцизі 18 теңге болады. Сол кезде бензин бағасы шамамен 10 теңгеге қымбаттайды", – деді Руслан Дәленов.

Қымбатшылық көп күттірген жоқ. Қаңтар айының ортасынан бастап АИ-92 маркалы бензинінің бағасы 4 теңгеге өсті. Қазір жанар-жағармай бекеттерінің басым бөлігінде АИ-92 маркалы бензин 154 теңгеден сатылып жатыр. 2019 жылы дәл осы бензин 150 теңгеден саудаланған. Жыл ішінде қазіргі бағаға тағы 6 теңге қосылса, 1 литр бензиннің бағасы 160 теңге болуы ғажап емес.

KAZENERGY  Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің болжамынша, биыл бір литр бензин 160-162 теңгеден сатылады.

"Бензин акцизінің құны көрші елдерге мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдауға тосқауыл қою және жанар-жағармай нарығында тепе-теңдік сақтау үшін өсіріледі", – деп мәлімдеді заңды тұлғалар бірлестігі.

Айтпақшы таяуда энергетика министрлігі бензинге қатысты ақпарат таратты. Бір қызығы, онда бензинің бағасына қатысты бір ауыз сөз болған жоқ. Әңгіме ішкі нарықтағы бензин қоры туралы мәліметпен шектелді.

"2020 жылдың қаңтарында бензин өндірудің жоспарлы көлемі 415,7 мың тоннаны құрап отыр. Ал тұтыну көлемі 340 мың тонна деңгейінде болуы тиіс. 20 қаңтардағы жағдай бойынша, Аи-92 маркалы бензиннің жиынтық қоры 247 мың тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш биылғы 5 қаңтардағы қалдықпен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық. Бензин өндіру көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан елімізде отын тапшылығы жоқ деп сеніммен айтуға болады", – деп жазылды хабарламада.

Естеріңізге салайық, 2015-2016 жылдардан бері мемлекет бензин мен дизель отынының бағасын бақыламайды. Жанар-жағармайдың бағасын нарықтағы сұраныс пен ұсыныс реттейді.

Ұмытпасаңыздар, былтыр сол кездегі Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин акцизінің құны өскенде қозғалтқышының күші 3 мың текше метрге дейінгі автокөліктерді салықтан босатуды ұсынған. Бірақ бұл бастама қолдау тапқан жоқ.

Өткен жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің шекараға жақын орналасқан тұрғындары Қазақстанға келіп, арзан бензинді тонналап тасымалдай бастады. Осының алдын алу үкімет бензин акцизін қымбаттатты.

Атап өту керек, Қазақстан әлемдегі 167 мемлекеттің ішінде бензин арзан бағамен сатылатын елдердің тізімінде 15- орында тұр. 2025 жылы біздің ел бұл тізімнен шығуы мүмкін. Себебі ЕАЭО аясында бірыңғай энергетикалық нарық пайда болады. Бұл мұнай, газ және мұнай өнімдерінің бағасы ЕАЭО -ға мүше мемлекеттердің бағасымен теңесіп, АИ-92 маркалы бензиннің қазіргі құнына шамамен 80-100 теңгеге қосылады деген сөз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу