Арзан ипотека құрылыс салушылардың аранын ашты

5693

"Баспана хит", "7-20-25" бағдарламалары тоқтайды дегелі бері алуан түрлі пікір айтылды. Осы орайда inbusiness.kz EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы, экономист Андрей Чеботаревтың пікірін білген еді.

Арзан ипотека құрылыс салушылардың аранын ашты Фото: sputniknews.kz

Оның айтуынша, экономика қалпына келе бастады. Демек, нарықтық механизмге өту маңызды.

"Ұлттық банк Қазақстанның ішкі нарығына зерттеу жүргізген екен. Соның қорытындысы бойынша мемлекеттің ипотека нарығындағы үлесі әлдеқайда жоғары екені анықталды. Әлбетте, бұлай болмауы тиіс. Әлемдегі қалыпты жұмыс істейтін коммерциялық банктерді алға сүйреп отырған арнайы өнімдер бар. Соның ең негізгілерінің бірі – ипотека. Коммерциялық банктер дәл осы өнімнің арқасында күн көріп отыр. Ал біздегі жағдай керісінше. Сондықтан Қазақстан банктерінің әлемдік трендке қарай ойысуы құптарлық қадам болар еді. Ол үшін мемлекет ипотека нарығынан ығысуға тиіс", – дейді А.Чеботарев.

Экономистің пікірінше, Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы бағаның құбылуы жеңілдетілген несие беру бағдарламалары іске қосылғаннан кейін басталған. Өйткені біз нарықты жеңілдетілген ипотекалармен толтырып отырмыз.

"Бұдан елдің бюджетіне салмақ түседі. Өйткені мемлекет ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қажетті қаржыны ел қазынасынан алады. Демек, жолға немесе мектеп құрылысына жұмсалуы керек қаржының біраз бөлігі осы мақсатқа жұмсалып отыр. Сондай-ақ бұдан жеңілдетілген бағдарламалардың игілігін көруі тиіс қарапайым тұрғындар зардап шегеді. Қалай дейсіз бе? Бағдарлама арзан тұрғын үй сатып алуға арналған. Алайда оны сатып алуда, өткізуде нақты шектеулер жоқ. Яғни тұрғындар бірнеше пәтер сатып ала алады және оны бірден сатып жіберуге де құқылы. Міне, осындай шектеулердің жоқтығынан тұрғын үй бағасында тербеліс басталады. Бағдарлама әу бастағы бағытынан қалай жаңылғанын да байқамай қалады. Осылайша, қолжетімді деген үйлер мемлекеттік бағдарлама қатысушыларының өзіне қолжетімсіз болып қалады. Бұл дұрыс емес", – дейді сарапшы.

Әрине, нарықта жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың болғаны дұрыс. Бірақ олар халықтың барлық санатына қолжетімді болмауы керек. Мұндай бағдарламалар халықтың белгілі бір тобына ғана арналуы шарт. Мәселен, көпбалалы аналарға арналған ипотекалық бағдарлама бар. Міне, мұны құптауға болады.

"Нарықта арзан ипотека көбейген соң, құрылыс салушылардың қатары күрт өсті. Бұл орынды болып көрінгенімен, құрылыстың сапасына теріс әсерін тигізді. Қаржыны жылдам игеруге, пайда табуға ұмтылған компаниялар, сапасыз тұрғын үйлер сала бастады. Оның үстіне баға да шарықтай түсті. Сөйтіп, бұқара халыққа онсыз да қолжетімсіз үйлер арманға айналып қала берді. Тұрғын үй бағасының қымбаттауына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының шекті көлемін алу да теріс әсерін тигізгенін көрдік. Сондықтан мемлекеттің мұндай бағдарламалардан алыстауы орынды деп ойлаймын. Алдағы уақытта оның нарық заңдылықтарына бейімделген әлдеқайда оңтайлы түрлері пайда боларына сенімдемін", – дейді ол.

Дегенмен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың тоқтатылуы тұрғын үй құрылысын бәсеңдетуі мүмкін. Былтыр алғаш рет КСРО кезіндегі көрсеткіштен (1988 жыл – 8,8 млн шаршы метр, 2020 жыл – 15,3 шаршы метр) асырып үй салдық деп бөркімізді аспанға атып едік. Сондықтан биылғы межені де тым жоғары етіп белгіледік – 17 млн шаршы метр. Алайда экономист Андрей Чеботарев Үкімет тұрғын үй құрылысын бәсеңдетуге жол бермейді деп есептейді.

"Мұндайға жол бермес үшін талаптары өзгерген басқа балама бағдарламалар пайда болуы мүмкін. Бұл ретте, Сингапурдың тәжірибесіне иек артқан жөн. Аталған мемлекетте халықтың 98 пайыздан астамы баспанамен қамтылған. Оның 84 пайызы әлеуметтік тұрғын үйлерде тұрады. Баспана 99 жылға жалға беріледі. Қазақстандағы шаршы метрдің шаруасын да осылай шешуге болады", – дейді экономист.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу