Арзанға сатып, қымбатқа алып отырмыз

2307

Көрші елдегі картоп тапшылығы  елдегі картоп  экспортын  300 есе арттырды. Салдарынан ішкі нарығымыз қаңырап қалды.

Арзанға сатып, қымбатқа алып отырмыз

Қостанай облысы ауыл шаруашылық басқармасының ақпары бойынша, өңірдегі азық-түлік бағасы жоспарлағаннан тез өсіп жатыр. Бұл өңірдің аудан және қала әкімдіктеріне азық-түліктің негізгі 19 түрі бойынша бағаны ұстап тұру тапсырмасы берілген. Алайда шенеуніктер бұл тапсырманы орындау әзірге мүмкін емес екенін мойындап отыр.

"Осы жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік тауарларының тұтынушылық бағасының жоспарлы болжам индексін 107,8%-дан асырмауымыз керек. Алайда алғашқы жартыжылдықтың қорытындысынан көріп отырғанымыздай, бұл міндетті толықтай орындау мүмкін болмай отыр. Маусымда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі жоспардағы 103,5%-дан асып, 106,2% болды. Бұл жоспарланғаннан  2,7%-ға артық", – деді Қостанай облысының ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Байбосын Мурзин.

Ресми мәлімет бойынша, маусым айында картоп 6,9%-ға, жуа 6,6%-ға қымбаттаған. Облыстық әкімдік мамандарының пікірінше, бұған облыстың негізгі өндірушілеріндегі картоп қорының азаюы басты себеп болған. Алайда Қостанай облысының ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Байбосын Мурзиннің айтуынша, компаниялар жасалған меморандум шартын бұзған. Бұл – "Ақ құдық"ЖШС, "Тэрра", "Брехачев" КШ, "Ермек және К" ЖШС-ке қатысты айыптау. Бірақ та оларды  жазалағаннан гөрі,  мұндай келісімді жасаудың мақсатқа сәйкестілігін қарастырған дұрыс сияқты. 

Биылғы жылы экспортық сауданың жақсы болуынан, картоп өсірушілердің сақтап қойған қоры таусылып қалған. Бұрын картоптың өзіндік құны жоғары болып, сыртқы нарықта оған деген  сұраныс болмады, сол себепті оны сату қиын болатын. Бұл туралы қостанайлық шаруашылық басшылары бірнеше рет айтқан еді. Биыл 2300 тонна картоп Өзбекстанға экспортталған. Сондай-ақ 7000 тонна көкөніс Ресейге кеткен.

ҚР статистика агенттігінің 2016 жылғы мәліметіне сүйенсек, облыс бір келі картоп та экспорттамаған. Былтыр Ресейге жуа, қырыққабат және басқа да көкөністі сатқан, бірақ оның ішінде картоп жоқ. Ауыл шаруашылық басқармасындағылар Өзбекстанға биыл бірінші рет тауар жеткізілгенін айтып отыр. Биыл Қостанай облысының делегациясы жұмыс сапарымен Өзбекстанда болды.

Оңтүстіктегі көршілеріміздің ішкі нарығында картоп тапшылығы орын алып, көкөніс бағасы төрт есе (7000-8000 сом, бір келі картоп бағасы теңгемен есептегенде 326,02 теңге болған) өскен.  2017 жылдың қаңтар-мамыр айында  Қазақстаннан Өзбекстанға картоп экспорттау 305 есе өскен, яғни 13,5 млн долларға 79500 тонна картоп жеткізілген. Мұның нәтижесі ретінде ішкі баға түсу керек еді, бірақ та оны байқамадық.

Облыс және елімізде картоптың тауарлық қоры бойынша мәлімет жоқ, бірақ оның осы жылдың қаңтар-мамыр айындағы экспорты мен импортын есептейтін болсақ, онда 5770 тонна немесе ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының жылдық өндірісінің 8,8% және ішкі өндірісінің 3% шығады.

2016 жылы Қостанай облысы 180000 тонна картоп  жинаған, оның 120000 тоннасын немесе 65%-ын халық өз қажеттілігі үшін өсірген.  Ауыл және фермерлік шарауашылықтар үлесі  33%-ға немесе 64700 тоннаға тең.

Осы жылдың қаңтар-мамыр айында 156600 долларға 1790 тонна картоп  экспортталған. Қайта есептеген кезде бір келі картоптың орташа бағасы 25,84 теңге болды. Ал көршілес Ресей мен Беларусь елінен сатып алып отырған картоп бағасы  56 теңге болған. Жыл басынан бері 653500 долларға 3800 тонна картоп әкелінген.

Мәселені "Тобол" ӘКК тарапынан берілген тауарлық интервенция да шеше алады. Олар 2015-2018 жылдары көкөніс  сатып алуға 705,8 млн теңге бөлген, оның ішінде картоп та бар. Бұл бөлінген қаражаттың оннан бір бөлігі өндірушілерден жыл басында 3100 тонна өнім сатып алуға жетеді.

Аbctv.kz ӘКК сайтынан өңірлік қорды тұрақтандыру жұмысы туралы ештеңе таппады. Алайда ауыл шаруашылық басқармасындағылар бағаның өсуіне тұрақтандыру қорының үнемі жұмыс істемеуі себеп деп отыр. Мысал ретінде шенеуніктер Алтынсарин, Аманкелді, Жангелді, Қарабалық, Ұзынкөл, Федоров аудандарын атап көрсетті. Олардың айтуынша, бұл жерлерде тұрақтандыру қоры дұрыс жұмыс істемейді, ал бұл бағаның өсуіне әкеледі. Алтынсарин ауданындағы картоптың бір келісі 210 теңге, ал Жанкелді ауданындағы картоп бағасы 230 теңге.

"Тобол" ӘКК директорлар кеңесінің төрағасы өңір басшысы Архимед Мұхамбетов. Сондықтан бұған жергілікті биліктің қатысы бар деуге болады.

Бұл проблемаларға бәсекелестіктің жетілмей тұрғанын қосу керек. Облыс нарығын сараптау  нәтижесі тауарлық үстеме баға үлкен екенін және билік тарапынан қадағалауды қажет ететінін көрсетті. Картопты өткізу бағасымен бөлшектік сату бағасы арасындағы айырмашылық  40%, сәбіз бағасында  30%, ет бағасында  15-30%.

"Сараптама бағаның өсуіне делдалдардың алыпсатарлық әрекеті мен объективті емес себептер бар екенін көрсетті. Жасалған меморандумдардың көбісі қадағаланбайды және оның орындалу барысына сараптама жасалмайды. Ешкім бұл үшін жауапты да емес, не қала, не аудан әкімінің орынбасары, не бөлшектік сауда кәсіпорындарының басшылары", – дейді Байбосын Мурзин.

Дегенмен келесі жылы мәселе бұдан әрі ушығып кетуі мүмкін, өйткені аграрлар картоп пен көкөніс егуге бөлінген жерді қысқартып жатыр. Қостанай облысында картоп жоспарланған 407 гектарға емес, одан аз жерге отырғызылған, яғни Қостанайда 108 гектарға, Денисовск ауданында 57 гектарға картоп салынған. Ал бұл аудандарда Қостанай облысының негізгі картоп өндірушілері жұмыс істейді.

Статистикалық мәліметі бойынша, халық картоп егетін жерді 7700 гектардан 5900 гектарға дейін азайтқан. Әсіресе, Федоровск, Меңдіқара, Таранов, Денисовск және Қосатанай аудандарында көп жер қысқарып қалған.

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы картопты өнеркәсіптік өсіруге балама ретінде қоғамдық бақша құруды ұсынып отыр. Мұны облыстың төрт қаласын (Лисоковск, Жетіқара, Арқалық, Рудный) көкөніспен қамтамасыз ету үшін ауылдық жерлердің әкімдіктері ұйымдастыру керек.

Бұл қаланың тұрғындарына қыста шамамен 31000 тонна картоп және 36000 тонна көкөніс керек. Қала тұрғындарының азық-түлік қауіпсіздігін ауыл халқы және қала негізін қалаушы кәсіпорындар қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Алайда Қостанай облысының жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша бастама  негізінен ауыл тұрғындарынан шығу керек. Яғни картоп өсіретін қоғамдық плантацияларды құру үшін ауыл тұрғындарымен үлкен жұмыс жүргізу қажет, содан кейін олар ауыл жанынан жер алу үшін әкімдікке өтініш беруі тиіс.

Ал қалаларда көкөніс сақтайтын қоймалар салынуы керек. Ауыл шаруашылық басқармасы көкөніс сақтайтын қоймалардың көлемі қажеттіліктің үштен бірін де жаппайды деп есептейді. Алайда бұл мәселені шешудің басқа жолы  әзірге ұсынылып отырған жоқ.

Гүлназ Ерағанбетова, Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу