"Таңдаудың көптігі неге қажет? Мирзиёев ісін жалғастыра берсін"

1617

Осы сайлаудан кейін Өзбекстанды қазіргі президент басқаратынына күмән жоқ.  

"Таңдаудың көптігі неге қажет? Мирзиёев ісін жалғастыра берсін"

Өзбекcтан халқы жексенбіде президенттік сайлауда дауыс берді. Оның нәтижесінде қазіргі мемлекет жетекшісінің басым дауыспен жеңіске жетіп, екінші мерзімге қалатынына күмән шамалы.

34 миллион халқы бар республикада дауыс беру жергілікті уақытпен таңертең сағат 8:00-де басталып, 20:00-де аяқталады.

64 жастағы Шавкат Мирзиёев бұрынғы президенттің көптеген саясатын жеңілдеткенімен, өзіндік саяси реформаға аз күш жұмсады деп сынға ұшырап келеді.

2016 жылы Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке келген Мирзиёевке сайлауда аса танымал емес төрт кандидат қарсы тұрып жатыр. Олар тіпті теледебаттарға да өздері бармай, өкілдерін жіберген. Және де сол өкілдер өзекті пікірталастарға қатыспады. Ал тәуелсіз үміткерлер саяси сайысқа түспеген.

"Бұл кандидаттар әлеуметтік қорғауды нығайту сияқты абстрактілі нәрселер туралы айтты. Әңгімелерінде дәлел-дәйек көрінбейді. Сонымен қатар нақты бағдарламалары да жоқ. Ол қажет емес шығар. Өйткені кімнің жеңетіні белгілі ғой", – дейді саясаттанушы Ахмед Рахмонов "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Мирзиёевтің сайлауалды науқанда елеулі қарсыласы Әлішер Қодиров болды. Оның ұсынысы бойынша, елден тыс жерде жұмыс істеп жатқан өзбектер Өзбекстанда салық төлеуі керек. Әрине, бұл идея шетелден аударылған азын-аулақ ақшаға күн көріп отырған халықтың көңілінен шықпады.

Мирзиёев бұл ұсыныспен ашық түрде келіспеді. Ал кейбір бақылаушылардың ойынша, партиясы парламентте Мирзиёевпен коалиция құрған Қодиров дауыстарды президентке жіберу үшін елге жақпайтын идея тастап отыр.

Дегенмен Ташкент тұрғындарының кейбірі нақты таңдаудың жоқтығына аса алаңдамайтын тәрізді.

"Бәрі жақсы жүріп жатқанда, таңдаудың көптігі неге қажет? Мирзиёев ісін жалғастыра берсін" – дейді зейнеткер Якуб Отажанов "Франс-пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Мирзиёевтің тұсында Кәрімов дәуіріндегі қысыммен салыстырғанда сөз бостандығы кеңейіп, кейбір тәуелсіз ақпарат құралдары мен блогерлер пайда болды. Дегенмен олар жоғары лауазымды шенеуніктерді сынап, нәзік мәселелерді көтеріп жүргенімен, ешқашан президенттің өзін нысанаға алмайды.

Мирзиёев, Ислам Кәрімовтың диссиденттік көзқарастармен күрес жолында исламға жариялаған қатаң бақылауын да босаңсытып, қуатты қауіпсіздік қызметкерлерінің пәрменін шектеп, темір торға тоғытылған кейбір саяси тұтқындарды түрмеден босатты.

Бұған қоса, Мирзиёев шетелден инвестиция тартуды ынталандырып, валюталық шектеулерді алып тастап, Каримов кезінде нашарлап кеткен сыртқы қатынастарды қалпына келтіруге көшті.

"Мирзиёев Ресей, Қытай және Батыс сияқты әлемдік ойыншылармен байланыстарды жақсартып, көршілермен арадағы жанжалдарды да реттеп, Ауғанстанмен бейбіт қарым-қатынас орната білді", – дейді Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ғалымы Андрей Казанцев.

Өзбекстан-Ауғанстан шекарасының ұзындығы – 144 шақырым. Ташкент мазасыз көршісіндегі соғыс ел үшін үнемі қауіпті деп есептейді. Сондықтан өзбек сыртқы істер министрі тамызда тәліптер билікке келгенде Ауғанстанға барған алғашқы шетелдік жоғары лауазымды өкіл болды.

Мирзиёев басшылық тізгінін қолға алғаннан кейін елде шетелдік туризм бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін өркендеді. Дегенмен пандемияның салдары президенттің алғашқы экономикалық жетістіктерін кемітіп, дүниені қымбаттатып, жұмыссыздықтың белең алуына түрткі болып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу