Ресейдің ірі қалаларындағы бүкіл сауда кешендерін жалғыз татар жігіті иеленді

10724

Алайда француз инвесторы Ресей нарығынан кеткісі келмейді. 

Ресейдің ірі қалаларындағы бүкіл сауда кешендерін жалғыз татар жігіті иеленді Фото: biz.nv.ua

Inbusiness.kz сайты бұған дейін франциялық "Ашан" танымал сауда желісіне қатысты туындаған халықаралық дау-жанжал туралы жазған болатын. Шетелдік зерттеуші журналистер оның Украинада соғыс салған РФ әскерін тамақтандырып, киіндіріп келгенін әшкереледі. 

Таяуда "Ашан Холдинг" (Auchan Holding) тобына кіретін және Ресейдегі сауда кешендеріне иелік етіп, оларды басқарумен айналысқан "Ситрас" (Ceetrus) компаниясы РФ-тағы өзінің барлық активтерін сату бойынша мәмілені жапты.

Ресейлік ақпарат құралдары атақты Ашанның ресейлік жылжымайтын мүлкінің жаңа қожайыны – "дарынды жас татар" екенін жарыса жазуда.

Солтүстік көршінің Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінің (ЕГРЮЛ) дерегінше, балансында Ашан объектілері тұрған компанияның жаңа меншік иесі ретінде енді "Торговые галереи" фирмасы тіркелді.

Бұл фирмаға "Кама капитал" АҚ-ы және "УК Кама капитал" басқарушы компаниясы арқылы Тагир Шаймарданов иелік етеді. Ресейлік журналистер Тагирдің соңына қанша түссе де, мәмілеге қатысты түсініктеме ала алмаған. Оның кім екені көпшілікке көп мәлім емес.

РБК телеарнасы "Ситрасқа" сауал жолдапты. Тараптар атышулы мәмілеге қатысты үнсіздік сақтап отыр.

Бір анығы, "Кама капитал" жаңадан құрылған фирма, ол 2023 жылғы маусымда тіркеуден өтіпті. Ашанды сатып алу үшін ашылғанға ұқсайды.

СПАРК ақпараттық жүйесінің дерегінше, компания салық төлеу үшін "қызметінің негізгі түрі" ретінде жылжымайтын мүлікті жалға беріп, басқаруды таңдаған. Сондай-ақ объектілерді сатып алып, сатумен де айналысады.

Оның қожайыны – 23 жасар татар жігіті Тагир Робертұлы Шаймарданов. Бұдан бұрын "Шаймарданов, Ялилов и Сабитов" (қазіргі жаңа атауы – "Шаймарданов и Сабитов") заңгерлік фирмасында істеді. Кеңсесі – Татарстан астанасы Қазан қаласында орналасқан.

Бірақ Тагир оның басшысы емес: фирманың басқарушы тең серіктесі – оның әкесі, адвокат Роберт Шаймарданов.

Ал Тагир Шаймардановқа "Аутлет центральный" және "Аутлет северо-запад" компаниялары тиесілі. РБК дереккөздерінің хабарлауынша, бұл құрылымдар атақты Hines компаниясының мәскеулік Котельникидегі, сондай-ақ Петербордағы Пулковский шосседегі аутлеттерін сатып алу үшін құрылды.

Америкалық Hines – ресейлік жылжымайтын мүлікті сатып алып, сатумен, соларға инвестиция салумен айналысатын ең алғашқы компаниялардың бірі. Ол РФ-та сонау 1990-шы жылдардың басынан бері жұмыс істеп келген еді. Бірақ Украинаға қарсы соғыс басталған соң, америкалық инвестор ресейлік активтерінен белсенді арыла бастады.

Сонымен қатар Т.Шаймардановтың Мәскеудегі "На Войковской" атты үш қабаттық бизнес орталығын да иеленгені мәлім болды. Іскерлік орталықтың сайтында жазылғандай, онда 38 ш.м-нен бастап, 1 150 шаршы метрге дейінгі офистік блоктар жалға беріледі.

Жалпы, Шаймардановтардың ен байлығының қайдан шыққанын журналистер әзірге таба алмады.

Осы орайда "Ашан" дүкендер желісінің жабылмайтыны да жария болды. Ретейлер керісінше, қызмет аясын кеңейту және табысын арттыру үшін Ресейде ары қарай өркен жаюға ниетті. Яғни, бұл бренд ресейлік нарықтан кетпейді. Бұл туралы "Ашан Ритейл Россия" компаниясының өкілдері ресми мәлімдеді.

Осыған қарап, ТАСС-қа пікір білдірген сарапшылардың тұспалдауынша, "Ашанның" қожайыны өзгергенімен, ол активтерді басқарумен айналыспайтын болады. Шетелдік менеджерлер сауда желісінің жұмысын жолға қойып, ретке келтірді, олар сол жұмысын жалғастыра беретін болса керек. Яғни, мәміле "техникалық сипатта" ғана.

Сонда татар жігітінің қолына жалпы саны қанша ғимарат көшті?

Bfm.ru бизнес порталының дерегінше, Ceetrus Батыс және Шығыс Еуропаның он елінде жалпы саны 285 объектіні басқарады.

Алайда оның бәрінің тізгіні Тагирдің қолына түскен жоқ. "Ситрас" Ресейде 40 сауда орталығы мен галереясына ие. Олар Мәскеуде, Волгоградта, Петерборда және басқа да ірі қалаларда орын тепкен. Бұдан бөлек, компания коммерциялық жылжымайтын мүлік саласындағы активтерге инвестиция салды, қаптаған әртүрлі сауда объектілеріне қатысты девелопментпен және редевелопментпен айналысады.

Яғни, Тагир Робертұлы – орыс елінің барлық дерлік мегаполистеріндегі сауда орталықтарын уысында ұстайтын татардың шалқыған байына айналып шыға келді. Бұдан былай жас олигарх ретінде ол ел аузында, БАҚ назарында болады.

Француздың "Ашаны" ар-ұятты белге түйіп, ресейлік нарыққа тас кенедей жабысты. Ресейлік сарапшылардың байламынша, бүгінде оның жылжымайтын мүліктерін ресейлік бизнесменге тапсырудан басқа амалы қалмағандай. Биылғы сәуір айының басында ресейлік құзырлы органдар оған салық төлеуден жалтарды деген айып тақты.

Соның алдында, 2023 жыл бойы федералдық салық қызметі "Ашан" желілерін жаппай тексеріп шығыпты. Соның қорытындысында 180 миллион рубль салық қосымша есептелді. Ашанның 125 миллион рубль салықтан жалтарғаны әшкереленген.

"Интерцессия" компаниясының корпоративтік және салық практикасының басшысы Ирина Егорова мұның тек іс-шаралардың басы ғана екенін түсіндірді.

"Айыппұл санкцияларын ескергенде, 180 миллион рубль сомасы менің ойымша, салмақты емес. "Ашанның" айналымы көптеген миллиард рубльді құрайды. Бірақ бұл "Ашанның" беделіне соққы", – деді И.Егорова.

Нақты есебі сол бойы жарияланбады, алайда өткен жылдың қорытындысында, "Ашанның" табысы айтарлықтай азайғаны ақпарат құралдарына белгілі болды.

Ғимараттарын татар бизнесменіне табыстаған, "Ашан" азық-түлік сауда желілерін басқаратын Auchan Holding – француздың "Мюлье отбасының қауымдастығына" тиесілі. Соғыс басталғанына қарамастан, "Ашан" 2022 жылы Ресейде қалатынын ашық мәлімдеді.

Мюлье отбасының бизнесіне салық бойынша сұрақтар өзге елдердің құзырлы органдарында да туындады. 2016 жылы бұл отбасы мүшелерінің Бельгиядағы, Люксембургтегі және франциялық Рубе коммунасындағы үйлерінде тінтулер жүрді. Италияда да Auchan басшылығы салықтан жалтару схемаларын қолданды деген күдік болды.

РБК Ресейдегі жаппай тексеріске не себеп болғанын салықшылар айтудан бас тартқанын жазады. Бірақ бүгінде Ресейде жалпы француздарға деген көзқарас күрт нашарлады: өйткені снарядтан қатты тарығып, артиллериялық контркүресті доғарған Украинаға Франция қомақты көмек көрсете бастады.

Былтыр Франция Президенті Эмманюэль Макрон Украинаға ай сайын "Storm Shadow/SCALP-EG" аталатын алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандарын – айына 50 бірлігін жеткізіп тұруға сөз берді және сол уәдесін орындауда. Бұған қоса, Париж өз армиясының есептен шығарылатын барлық қару-жарағын Киевке табыстауға шешім қабылдаған жалғыз мемлекетке айналды.

Өз кезегінде депутат Андрей Луговой ресейлік құзырлы органдардан – федералдық қауіпсіздік қызметінен және қаржы министрлігінен "Ашан", Leroy Merlin, Decathlon сияқты франциялық сауда желілерінің қаржылық қызметін мұқият тексеруді сұрады.

Былтыр тамақ және сүт өнімдерімен әлемге танымал Danone француз компаниясының ресейлік активтерін мемлекет алып қойды. РБК жазуынша, артынша "Данон Россия" АҚ-ның (Danone ресейлік еншілес ұйымының) тізгіні Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ағайыны, Шешенстанның вице-премьері және ауыл шаруашылығы министрі, 32 жасар Якуб Закриевтің қолына берілді.

Ендеше Ресейде француздардың бизнесіне тықыр таянғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу