Асхат Аймағамбетов ата-аналар мен ұстаздар жаппай қолдайтын ұсыныс тастады

7570

Депутат мектеп бағдарламасына ағылшын тілі пәнін көбірек өткізуді ұсынды.

Асхат Аймағамбетов ата-аналар мен ұстаздар жаппай қолдайтын ұсыныс тастады Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ағылшын тілін оқытуға қатысты Үкіметке ұсыныс жасап, магистратура мен докторантураға қабылдау тәртібін өзгерту мәселесі туралы сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қолданыстағы ереже бойынша, талапкерлер ағылшын тілінен міндетті емтихан тапсыруы тиіс. Бұл талап оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүретін мамандықтарға да бірдей қолданылады. Мәселе – тілді білмегені үшін қабілетті жастардың ғылымнан тыс қалуында.

"Бекітілген талап бойынша магистратура мен докторантураға түсу үшін талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсыруы міндетті. Оқу қазақ немесе орыс тілінде жүргізілсе де, бұл талап бәріне ортақ. Мысалы, қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты мамандықтарға түсетін жастар да алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көпшілігі ағылшын тілінде шығады. Оларды оқу, түсіну, пайдалану әр зерттеушіге қажет. Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім болатынмын. Алайда қазір жағдай өзгерді. Біз бес жыл ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық, технологиялық революция орын алды. Қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады",  деді А. Аймағамбетов.

Депутаттың ұсыныстары нақты реформалық қадамдарды қамтиды, мәселен мектептерде ағылшын тілін оқытуды күшейту, оқу барысында ағылшын тілін тереңдетіп енгізу, талаптарды салалық саралауға көшу болып отыр.

"Кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес 3-4 сыныптар мен 10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан 5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алғанбыз. Бірақ бұл бастама толық іске аспады. Осы бағытты нақты іске асыруымыз керек",  деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу