Асхат Аймағамбетов: Жаңа Конституция мұғалім айлығының азаймайтынына кепіл болады

246

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Конституцияның ғылым мен білімге басымдық беретін нормалары қарапайым қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндірді.

Асхат Аймағамбетов: Жаңа Конституция мұғалім айлығының азаймайтынына кепіл болады Фото: Мәжіліс

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан жаңа Конституция жобасына арналған "Референдум-2026" онлайн-марафонында айтты.

– Қазіргі Конституциядағы азаматтардың мектепте ақысыз білім алу, конкурстық негізде ақысыз жоғары білім алу құқықтары жаңа Конституцияда да сақталады. Мемлекеттің бұл тұрғыдағы міндеттемелері қысқармайды. Преамбулада алғаш рет ғылым, білім, инновация туралы айтылған. Мемлекет дамуының басым бағыттарының, басты қағидаттарының ішінде білім мен ғылым, инновация тұр, – деді ол.

Депутаттың пайымдауынша, жаңа Конституцияда білім мен ғылым саласын қаржыландыру саясаты айқындала түскен.

– Мысалы, Қаржы министрлігі мен басқа да уәкілетті органдар ғылым саласына, білім саласына бөлінетін қаржыны қысқартайық, мұғалімдердің айлығын азайтайық деп енді айта алмайды. Өйткені бұл тек заңға немесе әлдебір бағдарламаларға қарсы шығу ғана емес, Конституцияға қарсы шығу болып шығады. Себебі бұл мәселелер Конституцияның бірнеше жерінде мемлекеттің басым бағыты ретінде бекітіліп отыр. Сондықтан бұл қарапайым азаматтардың баласын балабақшаға беру, мектепте оқыту құқықтарына кепілдік береді. Жоғары білім алатын, ғылыммен айналысатын азаматтар үшін де бұл үлкен кепілдік, – деді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу