"Вакцина ушығуға соқтыруы мүмкін"

7533

Омикрон штамы белең алып жатқанда, ескі штамға құрылған вакцина өзекті ме?   

"Вакцина ушығуға соқтыруы мүмкін"

Балалар жеңіл ауыратын болса, оларды егудің қажеті қанша? Қордаланған сұрақтарға медицина ғылымдарының кандидаты, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің Эпидемиология, дәлелді медицина кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев жауап берді.

– Дәл қазір коронавирустың жаңа мутациясы – омикрон әлем жұртшылығының үрейін ұшыруда. Қазақстан Үкіметі жаңа шектеулер енгізді. Мұндай жағдайда ескі штамдарға негізделген вакцинамен егілудің мәні бар ма?

– Алдымен мына мәселенің басын ашып алған жөн. Бұл вирустың мутациялары әлдебір үрей мен сенсацияға тамыздық болмауға тиіс. Вирус дегеніміз – тіршіліктің жасушадан тыс нысаны, яғни олардың тіршілігі жасушасыз формада өтеді. Сондықтан оған бір қалыпты сақтамай, үнемі мутациялану тән. Басқаша айтқанда, вирусқа кез келген жолмен тіршілігін жалғастыру керек. Тиісінше, ол өзіне қарсы ортадағы өзгерістерге сай тұрақты түрде мутацияланып тұрады. Ол тірі жанға мейлінше көп әрі жылдам жұғу бағытында жетіле беретін болады. Адамзаттың басты мақсаты – сол вирусты жұқтырғанда, аурудың тым ауыр, күрделі, ұзақ жүруін болдырмау десем, асылық болмас.

Қазіргі ақпараттық ғасырда азаматтарды екпе салғызуға үгіттеуге тура келіп жатқанын парадокс деуге болады. Себебі вакциналар халықаралық қауымдастыққа 1796 жылдан белгілі. Содан бері вакциналар жетілді, қаншама миллион адамның өмірін сақтап қалды.

Дегенмен антиваксерлер бұрыннан болған. Ағылшын дәрігері Эдуард Дженнер шешекке қарсы вакцина ойлап тапқанда, XVIII ғасырда Еуропа қалаларының көшелерінде әртүрлі карикатуралар ілінетін. Онда вакцина салғызсаңыз, мүйіз, сиырдікіндей желін өсіп шығады деп қорқытатын.

Еуропа мен Ресейде шешек, қорасан індеті өршіп тұрғанда ІІ Екатерина алдымен өзіне, одан кейін 14 жасар ұлына, ары қарай бүкіл сарай қызметкерлеріне вакцина салғызды. Бұқара ауыр дерттен қырылып жатса да, бәрібір екпе екізуден басын ала қашқан. Сол себепті патшайым Ресейдің бүкіл армиясына күштеп екпе еккізеді. Тек содан кейін ғана вакцинациялау ісі ілгері жүріп, метрополия шешекті жеңді. Бертінде, кеңес кезінде ауыр полиомиелит дерті өршіп тұрған кезде керісінше, көптеген әйелдер наразылық білдіріп, марш-демонстрацияға шыққан, балаларын тезірек егуді талап еткен. 

Қазір вакцинаның салыстырмалы түрде алғанда зияны аз, тиімділігі жоғары процедура екеніне сенбейтіндер бар. Вакцинация – қазіргі кезде пандемияны тоқтатудың жалғыз сенімді тәсілі.

– Ата-аналар вакцинаның балаларға салынуына алаңдайды. Оның не қажеті бар? Ата-аналар чаттарында фейк-ақпараттар толып тұр, олар бас тарту туралы өтініш жазуда.

– Надандықпен күресу – күрделі, қайырымсыз іс. Әрине, вакцина салғызу ерікті болғаны жөн, азаматтарға сондай құқық берілген. Өйткені қандай да бір іске адамды мәжбүрлесе, жауап ретінде қарсылық туады. Мен бұл үдерістің тек ерікті жүргенін қолдаймын.

Бұл жерде мемлекет түсінікті тілде, кең ауқымды ақпараттық науқан жүргізуі керек. Оның барысында коронавирусқа қарсы екпені жүктілерге және балаларға салғызудың пайдасы нақты түсіндірілуі керек. Халық оны байқап отырған жоқ. Азаматтармен сөйлескенде, олар айтады: билік халықты кез келген жолмен жаппай вакцинациялау үшін көлік, басқа да құнды заттар мен қызметтерді ұтысқа салып жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Саналы азаматтар "бұлар бізді неге сатып алғысы келеді?" деп күдіктенеді. Егер сонша пайдалы болса, неге тегін таратады, ұтыспен бірге тықпалайды? ПТР-тест ақылы, ал вакцина неге тегін? Сұрақ көп, жауап аз. Салдарынан, әртүрлі қауесет тарайды.

Әрине, вакцинаны танымал ету үшін ұтыс ойнату да керек шығар. Бірақ азаматтар басты олжа – денсаулықтың қорғалуы екенін ұғынуы керек. Халық әлдебір затты ұтып алу үшін емес, немесе әлдебір шектеуден қорыққаннан емес, бұл процедураның тиімділігін түсінгендіктен егілуі керек. Дамыған елдерде осылай.

– Ата-аналар келесі мәселеге назар аудартады. Балалардың коронавирусқа қарсы төл иммунитетінің барлығы, олар бұл ауруды жеңіл өткеретіні туралы бұрыннан айтылып келеді. Егер балалардың басым көпшілігі КВИ-ді еш симптомсыз өткере беретін болса, оларды жаппай вакцинациялаудың қажеті қанша?

– Бұл жерде балалар мен ересектерді бір-біріне қарсы қойып, қарастырмаған жөн, бәрі де адам. Ересектерде де, балаларда да "туа бітті спецификалық емес иммунитет" деген болады. Алайда коронавирус мутациялануға бейім. Соның кесірінен әлемде жаңа, әлдеқайда уытты, қуатты штамдар пайда болады және олар әлемде басқа клиникалық картинаны тудыруы мүмкін. 

Қазіргі уақытта ресми статистика бойынша балалардың шамамен 85%-ы симптомсыз ауырады. Бірақ қалған 15 пайызы – кімдер? Оның қай бала болатынын ешкім білмейді, олар бүгін сау, ертең науқастанып, ахуалы ушығуы, Кавасаки синдромына душар болуы ықтимал. Ендеше олардың да қамын ойлауымыз керек. Сол себепті барлық балаға вакцина салғызу бастамасы туындап отыр. Бұл – бір.

Екіншіден, әлеуметтік жауапкершілік деген бар. Симптомсыз ауырған бала вирусты туған-туысқанына, ата-әжесіне алып барады. Ересек адамның созылмалы ауруы болады. Оларға мерт болу қаупі төнуі мүмкін.

Егер азаматтар негізінен вакцина салғызып болса, ұжымдық иммунитет пайда болады, масканы шешуге, QR-кодтар мен әртүрлі статустарға байланысты шектелмеуге, еркін жүріп-тұруға жол ашылады.

Осы тұрғыдан алғанда балаларға да екпе салғызу өзін-өзі ақтайтын қадам деген ойдамын. Бұл жүкті және босанған аналарға да қатысты.

– Онда неге жұрттың үлкен бөлігі вакциналарға қарсы?

– Сауат ашудың аздығынан болса керек. Вакцина үш кезеңді клиникалық сынақтардан өтеді. Тиімділігі дәлелденіп, құжаттармен бекітіледі. ДДСҰ тарапынан саралау жүзеге асырылады. Барлық рәсімдері стандартталған, бекітілген. Бұл жаппай қолданылатын препараттың қауіпсіздігін дәлелдеу үшін керек.

– Қазақстан Ресейден, Қытайдан әкелініп жатқан вакциналарының қауіпсіздігін өз бетінше тексере алмайды деген сөздер айтылуда. Мысалы, қытайлық екпелерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақұлдағаны жеткілікті ме?

– Елімізге импортталатын бүкіл дәріні Қазақстан төл ресурстарымен тегіс тексеріп, зерттеп шықпайды. Біз шетелдік дәрі-дәрмек өндірушілердің, оны бекітуші құзырлы органдардың біліктілігіне сенім білдіреміз. Бұл әлемде қалыптасқан, қалыпты тәжірибе. Барлық ел осылай жасайды. 

Өзге жағдайда қойыла бермейтін тосын сұрақтарды вакцинаға қатысты таңу – антиваксерлер қозғалысының әрекеті. Өз ұстанымында табандайтын, төл теориясына қапысыз сенетін антиваксерлер көп емес. Көпшілігі – күмәнданушылар. Оларды сауат ашу, сұрақтарына нақты, түсінікті жауап беру арқылы ақылға келтіруге болады.

– Коронавирусқа қарсы вакцинаның ағзаға – ересекке де, балаға да ешқандай зияны жоқ деп ашық мәлімдей аласыз ба? Әйтпесе, антиваксерлер оның ағзадағы генетикалық мутацияларға әкеп соқтыратынын, салдарлары мен патологиялары болатынын, мысалы, адам бала көтере алмай қалатынын айтады.

– Ағзадағы мутацияларға келсек, біріншіден, адамның ДНК-сы – өте мықты қорғалған құрылым. Кез келген адам оны өз білгенінше өзгерте алмайды. Ондай мүмкін болғанда, адамзат миллиондаған жыл бойы қазіргі келбет-сипатын сақтап қала алмас еді. Өйткені біздің генетикалық кодымыз сенімді қорғалған. Екіншіден, вакцина ДНК-ға кірігіп, адамның генетикалық кодын өзгерте алмайды. Бұл – нонсенс.

Үшіншіден, ушығуларға келсек, ашығын айтуымыз керек: теорияда кез келген екпе ушығуға әкелуі мүмкін. Бірақ дәрі-дәрмектер де сондай әсер етуі ықтимал. Мынадай балама көзқарас келтіргім келеді. Жұрт күн сайын жүргізуші не жолаушы есебінде автокөлікке отырып, жолға шығады. Теорияда оның екі ықтимал нәтижесі бар. Не аман-сау көздеген жерге жетеді. Не жол-көлік оқиғасы болып, ол өлімге соқтыруы мүмкін. Ондай ықтималдылық бар. Соған қарамастан, адамдар көздеген жеріне жету көбірек пайда әкеледі деп санап, көлікке отыруды таңдайды.

Вакцина да сол сияқты. Оның ушығуға әкеп соқтыру ықтималдылығы бар. Алайда ол вакцинаның пайдасымен салыстырғанда өте мардымсыз.

– Тағы бір дәйектеме алға тартылады. Коронавируспен ауырып жазылғандар иммунитеті барын, вакцинаға мұқтаж емесін айтады. Олар балаларының да ауырып сауыққанына назар аудартады.

– Бұл "лотереяға" ұқсас. КВИ жұқтырып, емделіп шыққандардың ауруы жеңіл өтуі, симптомсыз болуы, немесе ол адам соңынан ұзақ сауықтыруды қажет етуі мүмкін. Ары қарай ол адамның жолы бола ма? Қайта жұқтырса, өкпені жасанды желдетуге дейін жетуі ықтимал. Рас, ол адамдарда иммунитет қалыптасады. Ал екпе егу сол иммунитетті одан ары жаттықтыру деген сөз. Бұл келесі жолы коронавирус жұқтырса, оның өрбуі мейлінше жеңілдеу болуы үшін қажет. Ауырып, жазылу – егілуге қарсы көрсетілім емес. Айыққаннан кейін 3 айдай өткенде, егілген жөн.

– Бүгінде жүкті аналар америкалық Pfizer-дің "Комирнати" вакцинасымен егіле бастады. Ол аналардан туылған балаға иммунитет қоса беріле ме?

– Вакцина қан айналымына түсіп, иммунитет түзеді. Аяғы ауыр ананың ағзасын қорғайды. Туғаннан кейін сәбидің бойында белгілі бір уақыт антиденелер сақталады. Дегенмен уақыт өте келе баланың өз қан ағымы қалыптасады. Сол кезден бастап, оның төл иммунитеті түзілгені жөн. Қазіргі кездегі міндет – аналарды қорғау, КВИ-мен ауыр түрде науқастануының алдын алу. Өйткені жүкті аналар екі өмір үшін жауапты.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу