Ashyq қосымшасы қашан жойылады

2592

Ақаулы қосымша айыппұл санының артуына соқтыруы мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz

Ashyq қосымшасы қашан жойылады Фото: inbusiness.kz

Сарапшылар, журналистер мен қоғам белсенділері ел Үкіметі мүшелерін Ashyq-қа қатысты қарша бораған сұрақтың астында қалдырды. Соның бірі – оның пайдалану мерзіміне байланысты.

Мерзімін комиссия қарастырады

"Егжей-тегжейлі жауап беруіңізді сұраймыз: Ashyq бағдарламасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия режимін жойғаннан кейін бірден доғарыла ма? Әлде оның күші елдегі карантин жойылған соң тоқтатыла ма? Үкімет осы бағдарламаға қандай мерзім белгілеп отыр?" делінген өтініш хаттарда.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өз жауабында бұл қосымшаның мерзімсіз екенін білдірді. Бірақ егер қажет деп тапса, үкіметтік комиссия болашақта оның күшін тоқтата алады екен.

"Ashyq мобильді қосымшасын пайдалануды тоқтату туралы шешімді Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өз отырысында қабылдайтын болады. Бұл үшін жоба нәтижелеріне мониторинг жүргізіледі. Шешім соның қорытындысына сәйкес қабылданады. Сонымен бірге республикадағы COVID-19 бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал ескеріледі", – деді Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов.

Билік бұл қосымша "егілгендер мен ауырмағандарға еркін-жүріп тұруына мүмкіндік береді" деп дәйектейді.

"Жақында ата-анам қонаққа келген. Оларды "Нұрлы жол" теміржол вокзалында не қарсы ала алмадым, не шығарып сала алмадым. Бұл мені қатты қапаландырды. Қариялар ғой, адам сияқты құрмет көрсетейін дегем. Бас санитардың қаулысына сілтеме жасап, күзеті вокзал ішіне кіргізбеді. Салдарынан, ауыр шабадандарын өздеріне сүйреуге тура келді. Оларға пакеттен басқаны көтеруге болмайтын еді. Қарияларға деген құрмет қайда?! Не шектеу бұл? Бәрімізді вакцинациялануға міндеттеді, егер ол да жарамаса, неменеге екпе салғыздық? Онда теміржол кәрі адамдарға жүгін тасуға көмектесетін жұмысшы бөлсін", – деп ренжиді елорда тұрғыны Әйгерім Ыбырай.

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (СЭС) бұл шектеуге Нұр-Сұлтанның "Нұрлы жол" вокзалының ол кезде Ashyq бағдарламасына қосылмауы себеп болғанын жеткізді.

"Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулыларында шығарып салушылар мен қарсы алушылардың вокзалдар мен перрондар аумағында ілесе жүруіне және күтіп алуына шектеулер жоқ. Дегенмен, Көліктегі бас мемлекеттік санитардың 2021 жылғы 11 мамырдағы №139 қаулысының 1-бөлімінің 20) тармақшасына сәйкес, қаупі жоғары "қызыл" аймақта орналасқан (Нұр-Сұлтан – "қызыл аймақтағы" қала) өңірлерде теміржол вокзалдарына қарсы алушылар мен шығарып салушылардың кіруіне шектеу қойылды. Бірақ бұл шектеуден Ashyq жобасына қатысушы вокзалдар құтылады", – деп түсіндірді комитет.

"Нұрлы жол" вокзалы тек өткен аптада Ashyq жобасына қосылды.

"Қызылдарды" аулап, жазалау өріс алмақ

ДСМ дерегінше, вице-премьер Ералы Тоғжановтың төрағалығымен биылғы 8 маусымда өткен COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасында барлық әуежайлар мен вокзалдарда Ashyq жобасын енгізу жүктелді.

Еліміздегі теміржол вокзалдарының көпшілігінде Ashyq жобасы 2021 жылғы 1 шілдеден жұмыс істей бастайды.

Нәтижесінде, алда коронавирус таратқаны үшін жазаланатындар көбеюі мүмкін. Мысалға, адам пойызға билет алу, сондай-ақ қолдағы билетімен пойызға отыру үшін вокзалға келгенде, "Ашық" оның "қызыл" мәртебесі барын анықтаса, ол теміржол ғимаратына кіре алмайды, сонымен бірге үлкен айыппұл арқалап кетеді. Әуе қақпаларында да солай болмақ.

Астаналықтарға қазірден айыппұл салынып жатыр. "Қызыл" статусына қарамастан, оқшаулану және карантин режимін бұзып, қала ішінде еркін жүріп-тұрғаны, мысалы, вокзалға келгені үшін елорда тұрғындарының үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалуда. Айыппұл көлемі – 90 мың теңгеге дейін барады (айыпталу баптарына қарай 87 мың 510 теңге немесе 30 АЕК, сондай-ақ 72 мың 925 теңге немесе 25 АЕК). Нұр-Сұлтан әкімдігі жұртшылыққа тиісті ескерту жасады. 

Талап бұзушыларды әшкерелеуге вокзалға қоса, бассейн, фитнесс, сауна, монша, бильярд, боулинг, кинотеатр, мейрамхана-дәмхана және басқа да Ashyq жобасына қатысушы бизнес нысандары көмектеседі. Қазіргі кезге дейін 4 мыңға жуық келушінің үй карантинін бұзғаны анықталған, айыппұл салынған. Оның ішінде 2 мыңға жуығы – "қызыл", қалғаны – "сары" (сырқаттармен байланыста болғандар). 

Елге қиянат жасамау үшін қосымша жетілдірілгені жөн

Кәсіпкерлер де адам, олар да бұл қосымшаның дерегі қаншалықты дұрыс екен деп сезіктенеді: себебі, "Ашықта" ақау, бұзылып қалу, істен шығу инциденттері болып тұрады. Демек, "құлтемір" қателесіп, сап-сау адамға қызыл мәртебе таңып қойса, қоянат болады. Бұл ретте азаматқа өзінің ақ (мына жағдайда "жасыл") екенін дәлелдеуге мүмкіндік берілмейді, сыртынан іс қозғалып, үлкен айыппұл жазылады. Төлемесе, ұзақ дауласса, ісі ЖСО-ларға беріліп, жинағы, есепшоттары мен банктік карталары бұғатталады.  

"Ashyq қосымшасының деректері негізінде қазақстандықтарға айыппұл салынатын болды. Алайда бұл қосымша теріс жақтарымен де көзге түсіп қалды. Мысалы, фитнесс-индустрияда. Кәсіпкерлердің пікірінше, "Ашықта" салмақты жөнсіздіктер бар. Келушілердің мәртебесін бұрмалайды. Мысалы, азамат өзінде коронавирус жоқтығын дәлелдейтін ПТР-тест анықтамасын әкеледі, әйткенмен, "Ашықта" қызыл мәртебесі болғандықтан, ішке жібере алмаймыз. Бизнесмендер клиенттен айырылып жатыр. Қосымшаның функционалдық проблемалары әлі күнге шешілмегенін түсінуіміз керек. Соған қарамастан, билік кейбір бұрмаланған мәліметтер негізінде айыппұл салуы ықтимал", – деп алаңдайды қарағандылық кәсіпкер Лейла Абдуллина.

Оның байламынша, таяуда ғана мемлекеттің меншігіне көшкен Ashyq қосымшасы – пилоттық жоба ғана, заңнамада бекітілмеген, сондықтан заңды күші жоқ. Сонымен бірге ол азаматтардың конституциялық құқығын бұзу құралына айналуы ғажап емес. Бұл тұрғыда ақылға салып, ой таразысына тартатын түйткілдер жетерлік.

Бірақ коронавируспен шайқасқа еліккен Үкімет заңнамалық рәсімдеу жағына көп мән бермегенге ұқсайды. Парламент болса, алдағы күндері жазғы каникулға кетуге қызу әзірленуде.

Шенеуніктер проблеманы айыппұлмен дөрекі шешуге тырысып жатыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу