Әскерден заңды түрде босау мүмкін бе?

111

Әскери билет алғыңыз келсе, қосымша шығынға дайын болыңыз.

Әскерден заңды түрде босау мүмкін бе? Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Қазіргі мемлекеттік қызметші Ерлан Жанарбек кезінде әскерге шақырудан құтылудың заңды жолдардың бәрін қарастырып, барынша "қашқанын" жасырмады. Алайда мемаппараттың темірдей тәртібі бәрібір өз шартын таңады. Мансап сатысында өскің келе ме – Отан алдындағы борышыңды өтеуден жалтарма! Министрліктердегі кадр қызметтері бос лауазымдарға конкурс өткізгенде әскери билеттің болуын міндетті түрде талап етеді екен.

"Казармада бір жыл уақыт жоғалтып, карьерам мен жеке жоспарларымды "паузаға" қойғым келмеді. Жасым 24-ке толғанда, мерзімді қызметтің орнына Әскери-техникалық мектепке (ӘТМ) баруға ұйғардым. Сол тұста оқу құны шамамен 240 мың теңге көлемінде еді. Курс шамамен 40 күнге созылды. Оқуды тәмамдағанда қолыма әскери билетті, тиісті сертификатты ұстатып, жұмылдыру резервінің қатарына қосты", – деп еске түсірді Ерлан.

Бірақ ӘТМ-дегі дайындық "жеңіл серуен" емес, курсант үшін күткеннен әлдеқайда қатал сынақ болып шықты. Ондағы күн тәртібі нағыз армияның көшірмесі іспетті: ұйқыдан таңазанда тұру, күшейтілген физикалық жаттығулардан өту, саптық дайындық, жарғыларды жатқа соғу, әскери істің теориясы мен атыс алаңындағы шынайы жаттығулар. Әрине, бұл Қарулы күштердегі толыққанды бір жыл емес, бірақ Ерлан сарбаз тұрмысының ащы-тұщысын толық сезініп үлгерді.

Оның бақылауынша, бастапқыда көптеген жігіттер бұл мектептің табалдырығын тек керекті куәлік – қандай да бір әскери мамандықты игергені туралы сертификат алу үшін аттағанымен, бір-екі аптадан кейін-ақ әскери процеске төселіп алған.

Көпшілігі үшін ӘТМ өзіндік психологиялық қайта жүктелу алаңына айналды: қалтафонның құлы болып, тұрақты телміруден "айықты", оның орнына темірдей режимге үйренді, жауапкершілік пен мүлдем жаңа өмірлік тәжірибе басымдыққа ие болды.

"Жадымда жатталып қалғаны – полигондағы атыстар және жолдастық орта. Біз бір-бірімізді "қаруластар" деп атайтынбыз. Екі жігітпен әлі күнге араласамын. Біздің взводтың ішінде кәсіпкерлер де, айтишілер де, ірі компания қызметкерлері мен студенттер де болды, иық тіресіп бірге жүрдік, бір-бірімізді қолдадық. Америкадағыдай жазғы рейнджерлер лагері сияқты болды. Нәтижесінде, біз қарқынды курстан өтіп, әскери-есептік мамандық иесі атандық. Әскерге шақырыламын-ау деген қорқынышсыз жұмысымызға еркін оралдық", – деп ағынан жарылды мемлекеттік қызметші.

ӘТМ оған не берді? Біріншіден, әскери билетке қатысты бас қатырмайтын болды. Екіншіден, бұған дейін тек кинодан ғана тамашалаған армияның – әскери машинаның ішкі тетіктері қалай жұмыс істейтіні туралы нақты түсінік қалыптасты. Үшіншіден, мінезі мен тәртібі шыңдалды, Отанды қорғаудың негізгі дағдыларын меңгерді, қарудың әртүрлі түрінен нысанаға дөп тигізуді үйренді.

Сондықтан да бүгінде мыңдаған қазақстандықтар Әскери-техникалық мектепті мерзімді қызметтің баламасы ретінде қабылдайды.

ӘТМ кез келген адамның қалтасы көтере бермейтін қымбат дүниеге айналып барады. Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектепте оқу құнының неліктен күрт шарықтап кеткенін түсіндірді.

Бар-жоғы бір жылдың ішінде баға 390 мың теңгеден бірден 545 мың теңгеге дейін "секірді". Журналистер бұған дейін жылдық индекстеу тек 30-40 мың теңгені құрап келсе, биыл баға бірден 150 мың теңгеге өскеніне назар аударды.

"Бұл білім алушыларды толықтай киім-кешекпен, сапалы тамақпен, тұрғылықты өмір сүру, жатын орынмен қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Жыл сайын бұл шығындар инфляцияға, қымбатшылыққа қарай индекстеліп, көтеріліп тұрады. Әскери-техникалық мектеп квазимемлекеттік мекеме, сондықтан олардың өздері осындай шешім қабылдады", – деп қысқа қайырды Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков.

Бұл ретте оқалы шенеунік бағаны қалыптастыру механизмінде нақты ненің өзгергенін және биылғы бағаның өсу қарқыны неліктен өткен жылдардағы көрсеткіштерден еселеп асып түскенін нақтыламады.

ӘТМ деген не және кім ақылы оқи алады?

Қорғаныс министрлігінің ӘТМ-іне кез келген адам еркін кіре алмайды. Ведомство үміткерлерге нақты әрі қатал критерийлер қояды:

  • Жасы: қатаң түрде 24-тен 27 жасқа дейін.
  • Денсаулығы мен негіздемелері: бұл механизм денсаулық жағдайы бойынша мерзімді қызметті өткере алмайтын (әскерге шақыруға заңды шектеулері бар) немесе басқа да дәлелді себептері бар (соның ішінде ресми түрде кейінге қалдыру құқығына ие), бірақ белгіленген тәртіппен әскери билет алғысы келетін азаматтарға ғана арналған.
  • Процедура: үміткер алдымен кезекке тұрады, белгіленген толық соманы төлейді және лектің жиналуына қарай курстарға аттанады.

Ведомство мына бір маңызды жайттың басын ашып айтты: шетелдегі сияқты мысалы, наным-сеніміне немесе діни көзқарасына орай қолына қару ала алмайтын пацифистер немесе діндарлар үшін қоғамдық пайдалы еңбекке тартылу сияқты баламалы азаматтық қызмет Қазақстан заңнамасында мүлдем көзделмеген.

Сонымен бірге, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 12-бабына сәйкес, түрлі себептермен мерзімді әскери қызметке шақырылмаған ел азаматтарына ҚР ҚМ әскери-техникалық мектептерінде ақылы негізде әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша дайындықтан өтуге және әскери-есептік мамандық алуға заңды мүмкіндік берілген.

Осы мүмкіндікке қол жеткізе алғандарға қарқынды курсты аяқтап, емтихандарды сәтті тапсырған соң арнайы сертификат беріліп, олар Отан алдында әскери ант қабылдайды. Жергілікті әскери басқару органдары (бұрынғыша – военкоматтар) оларға "қатардағы жауынгер" әскери шенін беріп, әскери билеттерін табыстайды және запасқа ауыстырады. Осы кезден бастап олар мерзімді әскери қызметке шақыруға жатпайды.

ӘТМ-де оқу қалай өтеді?

Алдымен Әскери-техниқалық мектеп пен болашақ курсант арасында ресми келісімшарт жасалады. Оқу мерзімі тікелей игерілетін мамандыққа байланысты және әдетте 40-тан 46 күнтізбелік күнге дейін (демалыс және мереке күндерін қоса есептегенде) созылады.

Оқу лектері жыл бойы қалыптастырылады. Ал, қабылдаудың нақты мерзімдерін жергілікті әскери басқару органдарынан немесе тікелей мектептердің өзінен нақтылауға болады.

Әрбір лекке кірген курсанттардың нақты қандай әскери мамандықты игеретінін "әскери-оқытылған резервтегі ағымдағы қажеттіліктерге" сүйене отырып, Қорғаныс министрлігінің өзі анықтайды және бекітеді.

Оқыту түрі – тек күндізгі, құрамы 30 адамнан аспайтын топтар (взводтар) түрінде өткізіледі және мыналарды қамтиды:

  • теориялық сабақтар;
  • лабораториялық-практикалық сабақтар;
  • практикалық сабақтар (жаттығулар);
  • далалық шығулар мен қарудан ату.

Курсанттарға ҚР Қарулы күштерінде және басқа да әскери құралымдарында нақты қызмет өтілі мен тәжірибесі бар жоғары білікті оқытушылар дәріс береді. Барлық өмір сүру салты мен күн тәртібі ҚР ҚК Жалпыәскери жарғыларымен қатаң реттеледі.

Оқу құнына не кіреді? Дайындықтың барлық кезеңінде мемлекет курсанттарға ӘТМ казармасында тәулік бойы тұруды, үш мезгіл толыққанды тамақтануды, монша-кір жуу қызметтерін және армиялық үлгідегі далалық киім-формамен қамтамасыз етуді өз мойнына алып, кепілдендіреді. Бұл шығындардың барлығы оқудың жалпы құнына енгізілген: ол бүгінде 545 000 теңге деңгейінде нақты бекітілген.

Қадамдық алгоритм: ӘТМ-ге қалай түсуге болады?

Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша даярлау үшін Қорғаныс министрлігінің әскери-техниқалық мектептеріне жіберу қызметі қазіргі кезде автоматтандырылған және екі мемлекеттік қызмет түрі арқылы кезегімен жүзеге асырылады:

  • "Әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша даярлауға жіберу үшін әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді кезекке қою";
  • "Әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша даярлауға жіберу".

ҚР ҚМ екі қызметті де жергілікті әскери басқару органдары (военкоматтар) арқылы көрсетеді.

Кезекке тұру үшін азаматқа eGov.kz порталы арқылы өтініш беріп, оған әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық куәландыру картасының электрондық көшірмесін қоса тіркесе жеткілікті.

Содан кейін кезекке қою туралы хабарлама "электронды Үкімет" порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне шамамен 2 жұмыс күні ішінде келіп түседі.

Кезекті оқу легі басталғанға дейін тура 3 жұмыс күні бұрын Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі автоматты режимде кезекте тұрған барлық кандидаттарды жаппай тексеруді бастайды. Қызмет алушының тұлғасы үш маңызды өлшемшарт бойынша сүзгіден өткізіледі:

  • оның әскерге шақырылушы немесе әскери міндетті ретінде әскери есепте тұрғаны-тұрмағаны;
  • мүгедектігінің бар-жоғы;
  • дерматология, онкология, фтизиатрия, психиатрия және наркология орталықтарында бақылауда тұрғаны.

Егер барлық тексерулерден сүрінбей өтсе, жүйе автоматты түрде соңғы шешімді – ӘТМ-ге ресми жолдаманы қалыптастырады.

"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 12-бабына сәйкес, Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында оқу кезінде жұмыс беруші қызметкерге оқу демалысын беруге міндетті. Оның жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Бұл кезеңде қызметкерді жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе оқу орны басшылығының шешімімен оқудан шығарып жіберуге ешкімнің құқығы жоқ!

Абайлаңыз, алаяқтар "әскерден босату" қызметін ұсынады

Әлеуметтік желілерді "әскерге шақырудан заңды түрде босатуды" немесе "ақ билет" рәсімдеуді уәде ететін күмәнді пысықайлардың агрессивті жарнамасы жаулап алды. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі ескерту жасады: әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан толық босату туралы шешімді тек әскерге шақыру комиссиясы және тек қолданыстағы заңнама негізінде ғана қабылдауға құқылы!

Әскерге шақыру мәселелері бойынша қарапайым заңгерлік кеңес беру – заңды, деп атап өтті ведомство. Алайда медициналық анықтамаларды қолдан жасау, диагноздарды ойдан құрастыру және әскерден жалтарудың кез келген басқа заңсыз әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл үшін делдалдар да, әскерге шақырылушының өзі де темір тордың ар жағынан бір-ақ шығуы мүмкін.

"Ведомство азаматтарды күмәнді схемаларға қатыспауға және өзін "әскери комиссариаттардың көмекшісі" деп таныстыратындардың айла-шарғысына алданбауға шақырады. Олардың "мәселені жергілікті әскери басқару органдары немесе медициналық комиссиялар арқылы шешіп береміз" деген мәлімдемелері – азаматтарды әдейі адастыру және ақшасын жымқыру", – деп мәлімдеді ведомстводағылар.

Министрліктегілер әскери қызмет – бұл жай ғана міндет емес, сондай-ақ конституциялық парыз және тәртіптің, жауапкершіліктің, шынайы батылдықтың маңызды мектебі екенін тағы бір мәрте еске салды.

Сонымен қатар, бүгінде армия жастардың алдынан үлкен мүмкіндіктер көкжиегін ашады: университетке түсуіне жеңілдіктер мен білім гранттарын ұсынады, студенттік жатақханадан бірінші кезекте орын береді. Шақырылушы несиелік каникулдар, сондай-ақ құнды кәсіби дағдылар иеленіп, тамаша физикалық шынығу игілігіне қол жеткізеді.

Қорғаныс ведомствосы қазақстандықтарды өз құқықтарын іске асыру барысында тек заңды тетіктерді ғана пайдалануға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу