Әскери атану әркімге арманға айналатын заман туып келеді

965

Ел қорғанында тұрған жауынгерлерге қатысты жеңілдіктер және әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. 

Әскери атану әркімге арманға айналатын заман туып келеді Фото: Қорғаныс министрлігі

Мемлекет басшысы Қызылордадағы Ұлттық құрылтайдың кешегі 5-ші отырысында сөйлеген сөзінде қазіргі заманда дипломатияның үні өшіп, әскери күш-қуат бірінші орынға шығып жатқанына назар аудартты.

"Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз! Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін еместей немесе адам сенгісіз көрінетін нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналуда. Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айрылып жатыр. Дүниежүзінде сенім дағдарысы күшейе түсті. Содан әлемде әскери шығындар рекордтық деңгейге жетіп, 3 триллион долларға жуықтады. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш еселеп өседі. Күн өткен сайын өрши түскен милитаризация халықаралық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осындай күрделі жағдайда армияның мән-маңызы арта түседі. Ол барынша тегеурінді, ұрысқа қабілетті болып, кез келген күні елді қорғауға дайын болғаны маңызды.

Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк саласында әскери қызметкерлерге бірқатар жеңілдік қарастырылғанын еске салды. Соның ішінде олар барлық кредиті бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыра (отсрочка) алады. Әскерден кері оралған соң екі ай өткеннен кейін ғана төлей бастайды. Осы өтпелі кезеңде ол мысалы, жинағын депозитке салып, жұмыс істеп табыс таба алады.

"2024 жылдан бері Қазақстан Қарулы күштерінде мерзімді әскери қызмет өткеретін ("срочник") азаматтар микрокредиттер мен банктік қарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру құқығына ие болды. Қағидаларға сәйкес, барлық қызмет ету мерзіміне және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде пайыздар, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмей, төлемдер бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі", – деп хабарлады агенттік.

2025 жылғы қарашадағы мәліметке сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырылған 21,9 мың солдаттың ішінен 19,2 мыңы қарыздарын төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланған. Олар "гражданкада" жүргенде жалпы сомасы 8,5 миллиард теңге қарыз жинақтапты.

Салыстырғанда, 2024 жылы әскери борышын өтеуге шақырылған 22,4 мың борышкердің 20,1 мыңының қарызы кейінге қалды. Олардың мойнындағы берешектің жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрады.

Енді армияда жүргенде оларды бірде бір коллектор, жеке сот орындаушысы немесе басқа да қарыз өндірушілер мазалай алмайды. Демек, шындығын айтқанда, мысалы, америкалықтар сияқты қазақстандықтар да белшесінен қарызға батса, бас сауғалау үшін әскерге "тайып" тұра алады.

Кейінге қалдыру үшін не істеу керек?

Қаржылық агенттік солдаттарға кез келген борышын кейінге қалдыру мүмкіндігі ешқандай өтінішсіз, автоматты түрде ұсынылатынын еске салды: әскерге шақыру туралы деректерді Қорғаныс министрлігі кредиттік бюроға тапсырады.

Ол өз кезегінде бұл ақпаратты ары қарай банктер мен микроқаржы ұйымдарына таратады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары хабарлама алғаннан күнтізбелік 15 күн ішінде кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсынуға міндетті. Хабарлау жазбаша немесе онлайн режимде, жеке қатысусыз, қосымша келісімдерге қол қою қажеттілігінсіз жүзеге асырылады.

Қарызды төлеуді уақытша "қатыру" негізгі борышқа да, оған есептелетін сыйақыға да қолданылады. Яғни, азамат әскерде болған кезде олар өспеуге тиіс. Банк не МҚҰ ұлғайтса, мұнысы заңсыз.

Сонымен, Қарулы күштерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезеңінде:

• Негізгі борышын төлемейді,

• пайыздық сыйақыны төлемейді және жаңа сыйақылар есептелмейді,

• Айыппұлдар жазылмайды,

• Өсімпұлдар (пеня) есептелмейді,

• Борышкерге қатысты қандай да бір өндіріп алу шараларын қолдануға қатаң тыйым салынады.

Яғни, қаншама жыл қарызының зілбатпан салмағына жаншылған, еңсе тіктей алмаған, жасы 28-ге толмаған азамат әскерге барып, кеудесін кере кең тыныстай алады.

Азамат әскери бөлімнің тізімінен мерзімінен бұрын шығарылған жағдайда, борышты төлеуді 60 күнге кейінге қалдыру сақталады.

Егер әскерге алынған азаматтың ауқаты жетсе, кейінге қалдырудан бас тартса және ары қарай үздіксіз төлеуді қаласа, мұндай опция да бар. Бұл жағдайда банкіне, МҚҰ-ға армияға кеткені туралы хабарлама түскен күннен бастап күнтізбелік 14 күн ішінде қарыз алушы тиісті жазбаша өтінішін жіберуге құқылы. Сонда кредиторы кейінге қалдыруды қолданудың күшін дереу жояды.

Кейінге қалдыру (отсрочка) мына жағдайларда берілмейді:

• Егер бұған дейін кредитті өтеу туралы сот шешімі шығарылса,

• Егер қарызгер және банк (МҚҰ) татуласу келісімін (мировое соглашение) жасасса,

• Егер атқарушылық жазба ресімделіп қойылса.

Кейінге қалдыруды автоматты түрде алмаған жағдайда әскери қызметші қаржы ұйымына жазбаша өтініш жібере алады. Мәселе сонда да реттелмесе, ол банк-микроқаржы омбудсманына және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым жазуы керек.

Егер әскери борышы аяқталғаннан кейін әскери қызметін жалғастырғысы келсе және соңынан контрактімен қызметке алынса, әскери жолды таңдаған мұндай азаматтарға жаңа төлемдер енгізілді. Соның бірі – далалық төлем (полевые выплаты).

Бұл жаңа төлем кімге төленбейді:

• мерзімді әскери қызметін өтеуші солдаттарға,

• әскери оқу орнынының курсанттарына және кадеттеріне,

• әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерге,

• резервтегі әскери қызметшілерге (резервистерге).

Бұл төлемді келісімшарт бойынша әскери қызметшілер (контрактник) алады. Оның көлемі – тәулігіне 1,2 АЕК (2026 жылы – 5 190 теңге).

Әскери қызметшіге тұрақты орналасқан жерінен тыс жерде өткізілетін мына шараларға далалық төлемдер беріледі:

• далалық шығуларда (арнаулы далалық жұмыстарды қоспағанда) болғаны үшін,

• теңізге шығуда болғаны үшін,

• оқу-жаттығуларға қатысқаны үшін,

• кемелердің жорықтарына қатысқаны үшін төленеді.

• сондай-ақ тұрақты тұрғылықты жерінен тыс, үйіне қайтпай немесе вахталық әдіспен далалық жағдайларда жұмыс істейтін геологиялық барлау, топографиялық-геодезиялық және іздестіру ұйымдарының қызметкерлеріне тұру және тамақтану шығындарын өтеу мақсатында беріледі.

Сол себепті Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі №708 бұйрығымен "ҚР ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақылар мен басқа да төлемдер төлеу қағидаларын бекіту туралы" Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 3 наурыздағы №200 бұйрығына" өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Жаңа бұйрық 2025 жылғы 10 қазанда күшіне енді. Ол "далалық төлем" ұғымын айналымға енгізді, жаңа төлемді төлеудің тәртібін анықтады.

Ішкі істер органдарының әскеріне жалданып, контракт бекітіп, ғұмырын әскери қызметке арнаған азаматтар одан кетіп қалса, қомақты біржолғы шығу жәрдемақысын алады. Оның көлемі 8 айлық еңбекақысына дейін жетуі мүмкін.

Мұндай тәртіп те былтырғы 10 қазанда қолданысқа енгізілген ІІМ-нің №708 бұйрығымен бекітілді. Бұл құжатқа сәйкес, аталған қағидалардың 84-тармағы жаңа редакцияда жазылды.

84-тармақ: Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші əскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына, немесе әскери бөлім (мекеме) штаттарының қысқартылуына байланысты əскери қызметтен шығарылса, оған жұмыстан шығу біржолғы жəрдемақысы еңбек сіңірген жылдарына қарай төленеді:

• 10 жылдан аз қызмет етсе – 3 айлық ақшалай қаражат;

• 10 жылдан 15 жылға дейін – 4 айлық ақшалай қаражат;

• 15 жылдан 20 жылға дейін – 5 айлық ақшалай қаражат;

• 20 жылдан 25 жылға дейін – 6 айлық ақшалай қаражат;

• 25 жылдан 30 жылға дейін – 7 айлық ақшалай қаражат;

• 30 жылдан асса – 8 айлық ақшалай қаражат мөлшерінде төленеді.

Бұл сома екі еселенуі де ықтимал. Егер жауынгерлік іс-қимылдарға, терроризмге қарсы немесе бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін Қазақстанның немесе бұрынғы Кеңес одағының орденімен марапатталған болса, онда әскери қызметшіге жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері ақшалай қаражаттың екі айлықақысына ұлғайтылады.

Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі де депутаттармен және сарапшылармен бірлесіп, әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселесін пысықтауда. Бұл туралы ведомство хабарлады. Бұл жұмыс Президент тапсырмасына сәйкес, әлімжеттікпен күрес, әскери қызметшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, армияның әлеуетін нығайту және әскери қызметтің беделін көтеру арқылы жүргізілуге тиіс.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың мәліметінше, ведомство жауынгерлік дайындықты жетілдіру, инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік стандарттары мен цифрлық шешімдерді енгізу төңірегінде іс-шараларды атқарып жатыр. Министрдің пікірінше, әскери қызметтің қауіпсіз жағдайын қалыптастыру және әскерге шақыру тәртібін ашық ету үшін Парламентпен, қоғаммен, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығымен тығыз байланыс қажет.

Қосанов әсіресе мерзімді қызметтегі сарбаздармен кешенді жұмысты күшейтуге және профилактикалық шараларды арттыруға баса назар аударатынына сендірді. Командирлерді дайындау талаптары күшейтіліп, нормативтік база жетілдіріліп, сарбаздардың отбасыларымен байланысы кеңейтіліп жатқанын мәлім етті.

Әлеуметтік қолдау шаралары да назарынан тыс қалмайды. Мысалы, 2025 жылы 2710 сарбаз білім гранттарын алып, университтерге түскен. 20 мыңдай әскери қызметші жалпы сомасы 8 млрд теңгені құрайтын кредиттік каникулға қол жеткізді. Бұдан бөлек "Smart военкомат", Jauynger, Sarbaz 2.0, Askeri Ziyat сияқты цифрлық жобалар әзірленді.

Қоғамдық ұйым өкілдерімен ашық коммуникация орнатылыпты. Солдат аналарының комитеттері – әйелдер әскери бөлімдерді аралап, жауынгерлердің тұрмысымен танысады, сөйлесіп, арыз-шағымын тыңдай алады. "Аналар жүрегі" сарбаз аналары комитетінің төрайымы Лилия Хайруллина ресми әрі ашық ақпарат қана қауесеттердің алдын алып, қоғам сенімін арттыруға ықпал ететініне сенімді. Ол казармалар, асханалар және медициналық пункттердегі жағдайға мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің тәрбие жұмысы басқармасының бастығы полковник Серғали Әлімқұловтың түсіндіруінше, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін және олардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда. Бейнебақылау жүйесін жетілдіру, әскердегі ашық іс-шараларды дамыту, психологиялық және құқықтық қолдауды күшейту, кері байланысқа арналған цифрлық сервистерді енгізу қолға алынған. Солдаттар өз отбасына қоңырау шала алады.

Қазіргі кезде тағы бір қызықты тәжірибе қолға алыныпты: Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы елді аралап, қазақстандықтарды әскери қызмет жолын таңдауға үгіттейді екен. Топ жұртшылыққа әскери қызметтің егжей-тегжейін, әлеуметтік кепілдіктер жайында және жас ұрпаққа ұсынылатын жаңа мүмкіндіктер туралы айтып береді. Топ негізінен жастар ортасын, оқу орындарын, еңбек ұжымдарын аралауға назар аударды.

Ел өңірлеріндегі былтырғы ауқымды науқан биыл да жалғасады деп күтулуде. "Біртұтас ел – біртұтас жер" әскери-патриоттық акциясы Қарағандыдан Қостанайға дейінгі ондаған елді мекендерді қамтыды. Осы арқылы Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің ашық, елге етене болуына, сенім тудыруына және беделін арттыруға ден қойып, халықпен жұмысты күшейтуге ниетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу