Күдіктілер – ҚР Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалары, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұсталғандардың қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері бар.
Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалып отыр.
– "Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу барысында "Қайсар" катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткені анықталды, – делінген хабарламада.
Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қабылдану мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделенуде.
Қажетті тергеу және процестік іс-шаралар жүргізілуде. Барлық күдікті тұлғаның әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілмек.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.