"Әскерилерге әлімжеттік, қылмысқа парапар салғырттық": Қорғаныс министрлігіне қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды

361

Мемлекет басшысына Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есеп берілді.  

"Әскерилерге әлімжеттік, қылмысқа парапар салғырттық": Қорғаныс министрлігіне қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады.

Жиын барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегені атап өтілді.

Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті.

Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында болады.

Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды.

 Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. 5 лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды.

Қауіпсіздік талаптарын, әскери қызметті өткеру шарттарын сақтау, тылды қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу