Материалдар арасында куәгерлердің мәлімдемелері, суреттер мен бейнежазбалар, сондай-ақ 1950 жылдардан бері тіркелген жұмбақ оқиғалардың сипаттамалары бар, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.
Құжаттарда ерекше назар аудартқан оқиғалардың бірі 1957 жылдың қарашасында АҚШ-тың Техас штатындағы Левелленд қаласының маңында болған.
Сол кезде бірнеше адам аспанда сопақ немесе дөңгелек пішінді жарқыраған белгісіз нысандарды көргенін хабарлаған. Бір қызығы, дәл осы уақытта кейбір куәгерлердің автокөліктері кенеттен істен шыққан. Қозғалтқыштары өшіп, оталдыру жүйелері, фаралары мен радиоқабылдағыштары жұмысын тоқтатқан.
АҚШ Әскери-әуе күштері мұндай 6 хабарламаны жан-жақты зерттеген. Оқиға қоғам назарын аударғаннан кейін бірнеше күн ішінде осыған ұқсас жүздеген жаңа мәлімдеме түскен.
Алайда әскери мамандар бұл құбылыстың ықтимал себебі сирек кездесетін атмосфералық құбылыс, соның ішінде шар тәрізді найзағай болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Жерден тыс өркениетке тиесілі ұшу аппараттарының болғанын дәлелдейтін айғақтар табылмаған.
Жарияланған материалдарда Жапония маңында америкалық әскери ұшқыштың белгісіз нысанмен кездескені де сипатталған.
Ұшқыштың айтуынша, аспандағы нысан жарты шар тәрізді болған. Ол нысанға шамамен 9 шақырымға дейін жақындаған кезде белгісіз аппарат кенет жылдамдығын арттырған. Есепте оның жылдамдығы сағатына 3333 шақырымға жеткені көрсетілген.
Дегенмен жердегі радиолокациялық станциялар бұл нысанды тіркемеген. Екінші ұшқыш та оның болғанын растамаған.
Сонымен қатар АҚШ Орталық барлау басқармасының 1950 жылдардың басындағы құжаттарында ел аумағында "НЛО-ны" байқауға қатысты шамамен 1500 хабарлама тіркелгені айтылған. Олардың 20 пайызға жуығына сол кезде нақты түсініктеме табылмаған.
Барлау қызметі халықтың НЛО-ға деген қызығушылығын психологиялық операцияларда пайдалану мүмкіндігін де зерттеген. Сондай-ақ мұндай хабарламалардың көптеп түсуі АҚШ-тың байланыс жүйелеріне шамадан тыс жүктеме түсірмей ме деген мәселе қарастырылған.