Ассамблея өз миссиясын орындап болды – Айдос Сарым

3053

"Ассамблея атынан қандастар да депутаттыққа ұсынылуы керек". 

Ассамблея өз миссиясын орындап болды – Айдос Сарым

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымын өзгерту керек ден ойлайды. Ол үшін ассмаблеямен бірге дүниежүзі қазақтарының құрылтайы мен азаматтық альянс бір шаңырақтың астына бірігуге тиіс.

"Кеше этносаясатқа қатысты үлкен жиын болғанын білесіздер. Қазір бұл істе түрлі концепциялар ұсынылып отыр. Қазақтілді ортада ассамблеяны жабу керек деген мәселе қозғалып жатыр. Бұл конструктивті қадам емес. Ассамблея о баста басқа себеппен құрылған болатын. Ол өзінің тарихи миссиясын орындап болды. Бізде де әуел баста этникалық шиеленістер болғанын білесіздер, оны ассамблея шешуге қатысты. Сондықтан ассамблеяның функционалын сақтап қалу керек. Мен интеграциялық бағытқа бет бұруды ұсынып отырмын. Ассимиляциялық емес, интеграциялық бағыт ұстануы керек. Кешегі жиында көші-қон және интеграция агенттігін құру керек деген ұсыныстар айтылды. Мысалы, ауылдан қалаға көшкен адамдар әлеуметтеніп, ықпалдасуы керек. Шетелден келген адамдар да осылай бейімделуге тиіс. Ал этникалық азшылықтар мемлекеттік тілді білу аясында интеграцияға түсуі керек", – деген саясаттанушы ассамблеяға берілетін депутатттық мандат нақты бір адамға басыбайлы меншіктелмеуі керек деген пікір айтты.

"Бізде ассамблея сапынан депутат сайлау дейтін тамаша институт бар. Қазіргі ассамблея дүниежүзі қазақтарының құрылтайымен, азаматтық альянспен біріксе... Біздегі кейбір үкіметтік емес ұйымдар сан жағынан кейбір этникалық бірлестіктерден асып кетіп жатады. Ассамблея атынан депутат сайлау механизмі өте демократиялық тұрғыда жүруі керек. Форум құрылып, депутат болуға ниетті  адамдар өз жобасын қорғай алуы керек. Жобасымен бірге қанша мерзімге түсетінін де айтуы керек. Мысалы, "Оралман статусы туралы" заң жобасын қабылдатқысы келетін болса, "Маған  1,5-2 жыл керек" деген сияқты нақты уақытын көрсетуге тиіс. Өз жоспары орындалған соң орнын басқаға босатады. Осы арқылы біз этномәдени топтарды анағұрлым жалпыазаматтық деңгейге шығарамыз. Жақын арада ішкі саясат саласында да біраз үлкен өзгерістер болады. Сол кезде қай ұсыныстың қабылданған көреміз", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу