АСШӨК, ТМД саммиттерінің нәтижесі неде – сарапшының пікірі

1838

Астанада соңғы екі-үш күнде қаншама маңызды халықаралық саммиттер мен жиындар, екіжақты кездесулер мен басқа елдердің президенттерінің мемлекеттік сапары өтіп жатыр. 

АСШӨК, ТМД саммиттерінің нәтижесі неде – сарапшының пікірі Фото: inbusiness.kz

Әлем назарының Астанаға ауғаны анық. Бұл жиындарда халықаралық шиеленістерге қатысты да тың ойлар айтылды. Тың көзқарастар да қалыптасқан болуы мүмкін. Оны алда уақыт көрсетеді. 

Ал бұл саммиттердің Қазақстанның өзіне берері не? Қазақстан халқы үшін маңызы қандай? Бұл сұрақты inbusiness.kz тілшісі халықаралық сарапшы Риззат Елубаевқа қойып көрді.

"Астана төріндегі сыртқы саяси белсенділік тым жоғары болғанын көрдіңіздер. Соған қатысты қоғамда да бірқатар ойлар бар. "Мұндай жиындардың пайдасы қандай? Нақты шешімдер қабылданды ма, әлде қабылданған жоқ па? Барлығы келіп өз ойын айтты, бірақ одан не пайда?" деген секілді пайымдар айтылып жатыр. Бірақ бұл жиындар өзге жиындардан өзгерек. Себебі алдыңғы кезеңдерде сыртқы саяси ахуал, тағы басқа жағдайлар ішкі сұраныстар мен ішкі көзқарастарға сәйкес келмейтін еді. Ал қазіргі таңда Қазақстанның сыртындағы геосаяси жағдайлар бұл жиындардың маңыздылығын арттырып отыр", – дейді сарапшы.

Риззат Елубаевтың сөзіне қарағанда, екіжақты келіссөздер жүргізілген кезде қақтығысқа қатысты мемлекеттер алдын ала белгіленген позициямен, көзқараспен келеді. Одан шығып кетуі екіталай.

"Сондықтан мұндай кездесулер нәтижесін бермей жатады. Сол секілді қай мемлекет делдалдық қызметті атқарады, оған сенім бар ма, саяси беделі қандай деген мәселелер де сараланады. Ал Астанада өткен саммиттер аясында аңғарсаңыз, екіжақты кездесулер, ой бөлісу, алмасу өте көп болды. Мысалы, Түркия мен Ресей президенттері келіссөздер жүргізді. Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары келді. Осы жиындарда екіжақты көзқарастармен шектелмеген мемлекеттерге бірін-бірі тыңдауға мүмкіндік пайда болды. Яғни бүгінгі таңда саммит аясындағы ой алмасудан кейін міндетті түрде нақты шешімдер қабылданады", – дейді ол.

Халықаралық сарапшы бір-біріне айтылған айыппен қатар осы мемлекеттердің басшылары келіссөздерді жүргізуге дайындығын көрсеткенін атап өтеді. Риззат Елубаев мұны да негізінен өткен саммиттердің ең басты нәтижесі ретінде қабылдау керек деп есептейді.

"Өйткені қазір кез келген халықаралық іс-шараның қай уақытта қай жерде өтетіні өте маңызды. Бүгінгі таңда түрлі мемлекеттердің басшыларының Қазақстанға келуінің өзі елдің сыртқы саясаты, халықаралық жанжалға қатысты теңтарапты арақашықты ұстанымын көрсетіп отыр. Соның арқасында басқа мемлекеттер үшін дәл осы аймаққа еркін келіп, еркін ой алмасуға мүмкіндік пайда болды", – деп түйеді ойын Риззат Елубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу