Астана әкімі LRT-ның екінші кезеңі қашан іске қосылатынын айтты

442

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Астана әкімі LRT-ның екінші кезеңі қашан іске қосылатынын айтты

Астанада 2027 жылдың соңына дейін Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы бағытындағы екінші бөлігінің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Осы жұмыстарға байланысты елорданың бірнеше көшесінде уақытша көлік қозғалысына шектеу қойылады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әкім Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын, оны келесі жылдың соңында аяқтау жоспарланып отырғанын айтты.

– Қазіргі уақытта қала тұрғындарынан Tarlan Astana желісінің екінші кезеңінің құрылысына, нақтырақ айтқанда, Айтматов, Сығанақ көшелері мен Тұран даңғылындағы көлік қозғалысына қойылатын уақытша шектеулерге қатысты сұрақтар түсіп жатыр. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, жеңіл рельсті көлік жобасының іске асуына қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Құрылысы аяқталған соң Tarlan Astana жолдардағы көлік жүктемесін едәуір азайтып, өткізу қабілетін арттыруға және кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Өз тарапымыздан құрылыс жұмысын барынша қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін бар күшімізді саламыз. Мәселен, бүгінде Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, осы учаскеде қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен бірге Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы желінің құрылысын бастау жоспарда бар.

Әкімнің айтуынша, құрылыс кезеңінде – осы жылдың соңына дейін және келесі жылы Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойында көлік жүргізушілеріне уақытша қолайсыздықтар туындайды.

– Бұл ретте, көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз, – деді қала әкімі.

Жеңіс Қасымбек Сығанақ көшесінің бойында орналасқан № 201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталғанын атап өтті.

– Бүгін Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңіндегі № 201, 202 және 204 станцияларының құрылыс барысымен таныстым. Сығанақ көшесінің бойында орналасқан № 201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталды. Мұнда № 2 және № 3 желілері түйіседі. Бұл жолаушыларға көшеге шықпай-ақ, бір бағыттан екіншісіне жылдам әрі ыңғайлы ауысып мінуіне мүмкіндік жасайды. Жобаны іске асыру қаланың көлік қатынасын едәуір жақсартып, тұрғындардың жылдам қатынауына және елордада заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді әкім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу