"Астана" алғаш рет үздік алтылықта

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2687

Елорда баскетболшылары Белов кубогының бірінші сатысында "Химки" клубымен кездесетін болды.

"Астана" алғаш рет үздік алтылықта

"Астана" баскетбол клубы үшін биылғы маусым ерекше болды. ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасында, яғни жыл сайынғы чемпионатында алғаш рет 6-орынға ие болды. Тіпті 5-орын алатын мүмкіндігі де болып еді. Алайда соңғы ойында бағы жанбады. Қызық болғанда, "Зенит" пен "Астана" 5-орынды Санкт-Петербургте өзара сарапқа салды.

Алдын-ала қарастырылған матч емес, маусым бойғы ойындардың қорытындысы бойынша дәл осылай болып шықты. Өткен жылы, қазан айында өткен бірінші ойында, өз жерімізде, "Астана" 93:91 есебімен жеңіске жеткен болатын. Екеуара екінші ойын бүгін түнде Нева жағасында өтті. "Астанаға" бір ұпай айырмасымен ұтылса да болар еді.

Шектен тыс шиеленісті ойында алаң иелері бірден суырылып алға шықты. Тіпті "+15" ұпай айырмасымен алға ұзап та кетті. Алайда "Астана" берілген жоқ. Намысты қолдан бермей, табан тіресе додаға түсіп, матч соңына дейін таразы басын теңестірді. Өкінішке қарай, овертаймда жолы болмады. Сенім артар серкелері титықтап қалғандай. Есеп – 95:103 ОТ.

Сөйтіп, "Зенит" өз алаңында жеңіске жетті. Әрі "Астананы" қуып жетті. Яғни, екеуінің жеңістерінің саны бірдей болды (15). Бірақ екеуара кездесулердегі доп айырмасына байланысты, петерборлықтар 5-орынға көтерілді. Өйткені, олар Петерборда "+8" ұпай айырмасымен жеңіске жетті. Ал елорда клубы 6-орынға ығысты.

Десек те, бұл – "Астана" үшін жоғары жетістік. ВТБ Бірыңғай лигасында 2011/2012 жылдар маусымынан бері өнер көрсетіп келе жатқан елорда клубы бұған дейін 8-орыннан жоғары көтеріліп көрмеген еді:

2012 жыл – 14-орын,

2013 жыл – 10-орын,

2014 жыл – 10-орын,

2015 жыл – 8-орын,

2016 жыл – 15-орын,

2017 жыл – 8-орын,

2018 жыл – 10-орын,

2019 жыл – 6-орын.

Енді "Астана" плей-офф додасында бақ сынап, Белов кубогын сарапқа салатын үздік командалар қатарына қосылады. Плей-оффтың бірінші сатысында ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасында 3-орынға ие болған "Химки" клубымен кездеседі. Плей-офф сатысында әр жұптағы дода үш жеңіске дейін созылады.

Алғашқы екі ойын "Химки" клубының алаңында өтеді. Одан кейінгі екі матч қазақ елі астанасында жалғасады. Бесінші, яғни шешуші ойын қажет болса, екі команда қайтадан Мәскеу облысына барады. Өйткені химкиліктер ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде "Астанадан" жоғары орналасқан.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу