Астана балабақшаларындағы қосымша қызметтер бағасы бірнеше есе өскен

431

Елорда әкімдігі тиісті қаулы шығарды және құжат бүгіннен бастап өз күшіне енді. 

Астана балабақшаларындағы қосымша қызметтер бағасы бірнеше есе өскен Фото: inbusiness.kz

2024 жылдан бастап мемлекеттік балабақшаларда қосымша қызметтердің бағасы көтерілді. Бұл туралы inbusiness.kz сайтының тілшісіне Астана қалалық білім басқармасы хабарлады.

Естеріңізде болса, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ата-ана төлейтін тамақтану ақысы 20,8 мың теңгені құрады. 2023 жылы тарифтер 23,8%-ға көтерілді. Бағаның шарықтауына балабақшаға баратын балалар санының артуы мен инфляцияның өсуі себеп болды деп түсіндірілді.

Бұған дейін, елордалық мәслихат депутаттары азық-түлік тарифтері сегіз жыл бойы қайта қаралмағанын атап өткен болатын.

"Тамақтану бағасы өткен жылы белгіленді. Бұл өсімге дейін бірнеше жыл бойы баға тұрақты болды: ата-ана қалтасынан 16 800 теңге төленіп келді. Өткен жылы жаңа баға белгіленді — 20 800 теңге. Бұл тариф осы жылы өзгеріссіз қалады. Қазіргі уақытта, дәл осы сомаға қаулы дайындалуда. Осы уақыт аралығында қызмет көрсету бағасы да өзгерген жоқ", - деп түсіндірді білім басқармасы.

2024 жылғы қаңтардан бастап бағаның өсу тізбесі елорда әкімдігінің қаулысында көрсетілген үйірмелер – қосымша қызметтерге қатысты болады.

Үйірмелердің әрқайсысының өзіндік құны бар. Астананың мемлекеттік балабақшаларында ата-аналар бағаның көтерілетіні жайлы құлақдар. Дегенмен, балаларын бірнеше үйірмеге жіберетін ата-аналар қазірдің өзінде бағаның айтарлықтай өзгергенін сезіне бастаған. Мысалы, хореография екі есе – айына 1,5 мың теңгеден 3 мың теңгеге дейін қымбаттады. Бейнелеу өнері мен бисер тоқу, ойлау мен балалар моторикасын дамытатын шығармашылық үйірмелер де екі есеге қымбаттады — бағасы 3 мың теңгеге дейін өсті.  Кешкі ас қамтылмаған кезекші топтың құны үш есеге — айына 2 мың теңгеден 6 мың теңгеге дейін өсті, бақандай 4 мың теңге айырмашылық.

Тағы бір айтып өтетін жайт, кезекші топтар тек 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Ондай топтардың жұмысы кеш аяқталып, жол кептелісінде жиі қалатын ата-аналар үшін ыңғайлы, бір сағат артық уақыт болады. Енді оның бағасы 6 мың теңгеге дейін үш есеге өскенімен, кезекші топтың жұмыс кестесіне өзгеріссіз қалды – баланы кешкі жетіге дейін, кешікпей алып кету қажет.

"Кезекші топтардағы кейбір қызметтердің бағасы екі есе өсті, өйткені бұл сома тәрбиешілердің жалақысына кіреді.  Осы жылдан бастап бір айлық төлем 6 мың теңгені құрайды. Бұл қаражат балабақша қорына емес, тәрбиешілердің жалақысына жұмсалады. Яғни, балалармен бірге болатын кезекші топтардың тәрбиешілері қосымша ақы алады. Бірақ негізінен карантин кезеңінен бастап кезекші топтарда ешкім қалмайды, өйткені бұл тиімсіз. Ата-аналар балаларын уақытылы алып кетпейтіндіктен, тәрбиешілер үйге жиі таксимен қайтуға мәжбүр болды. Артық шығын, бос кеткен уақыт. Сондықтан, мәселе қайта қарастырылды", - деп түсіндірді білім басқармасы.

Бұрын 2500 теңге тұрған тілдік курстар (қазақ, ағылшын тілдерін оқыту) биылдан бастап 3 мың теңге тұрады.

Музыкалық бағыттағы үйірмелердің құны (вокал, музыкалық аспапта ойнауды үйрену, хор әні) 4 мың теңгені құрайды, сөйлеуді түзету – 3500 теңге. Дамытушылық бағыттағы үйірмелер (робототехника, шахмат, дойбы, логикалық ойындар, құм терапиясы) – 4 мың теңге.

Йога, каратэ, қазақша күрес сияқты спорт үйірмелері – 4500 теңге, көркем гимнастика – 4 мың теңгеге бағаланды.

Indigo.kz бағдарламасының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта Астанада барлығы 555 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде: мемлекеттік – 146, жеке – 409. Астананың балабақшаларына 61 234 бала тәрбиеленуде.

Қазақстанның басқа өңірлеріндегі балабақшаларда қызмет көрсету ақысы өзгерді ме деген сұраққа ҚР Білім және ғылым министрлігі қызмет түрлері баға саясатына жауап бермейтіндерін айтты.

"Балабақшаларда Жарғыда жазылғандай әр мекеме қызмет көрсету бағасын өз бетінше белгілейді.  Бірақ тамақтану ақысының мөлшері әкімнің қаулысымен белгіленеді", - деп атап өтті ведомство.

Алайда, жоғарыда біз әкімнің қаулысына сәйкес қызмет көрсету құны көтерілгенін атап өттік.

"Ақылы қосымша қызметтерге тарифтерді көтеруге қатысты. Астана қаласы әкімдігінің осы қаулысына қол қойылып, 2023 жылғы 6 желтоқсанда күшіне енді. Осы қаулыға сәйкес, Астана қаласының мектепке дейінгі білім беру саласында балабақшалар сататын кейбір қызметтердің бағасы өсті. Жаңа бағамен мектепке дейінгі ұйымға хабарласу арқылы танысуға болады", – деп түйіндеді Астана қаласының білім басқармасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу