"Астана" баскетбол клубы "Енисейге" жол берді

1616

Өз алаңында "Енисейге" қарсы өткен ойында "Астана" баскетбол командасы жеңіске біртабан жақын болғанымен, қосымша уақытта жеңіліп қалды.

"Астана" баскетбол клубы "Енисейге" жол берді

Екі айға жуық уақыт бойы "Сарыарқа" велотрегінің жұмысы тоқтап, енді трибуналар тағы да баскетбол жанкүйерлеріне қайта толды. Ал "Астана" ВТБ Бірыңғай лигасы маусымдағы екінші ойынын өз алаңында өткізді. Нұр-Сұлтанға қонаққа Красноярскіден "Енисей" командасы келді. Кезекті ойында Дарко Руссо Джейлен Берфорд, Энтони Хики, Скайлар Спенсер, Антонио Кэмпбелл және Максим Марчуктерге сенім артты.

Кездесуде қонақтар бірінші болып есеп ашты. Бірақ ойыншыларымыз көп күттірмей алғашқы ұпай еншіледі. Бұл жолы Джейлен Берфорд көзге түсті. Содан кейін Энтони Хики елордалық команданы алға шығарды. Хики мен Берфорд тағы да бірнеше шабуыл жасап, алаң иелері бес ұпаймен алда болды. "Енисей" кезеңнің ортасында жағдайын жақсартуға тырысты. Дегенмен Антонио Кэмпбелл тағы да ұпай жинап, "Астана" көш бастады. Алғашқы кезең қорытындысы 28:18.

Екінші кезеңде "Енисей" басымдықты қолға алып, небәрі 1 ұпай айырмашылығымен командалар үзіліске кетті. Кезең елордалық ұжымның пайдасына 35:34 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін Дарко Руссо ойыншылар құрамын өзгертті. Бұл өзгеріс біздің жігіттерге тиімді болды. Кезең соңында "Енисей" белсендік танытты. Бірақ Спенсер, Тихоненко және Марчуктың ұпайларының арқасында есеп 56:46 болды.

Қонақтар соңғы кезеңде есепті теңестіріп үлгерді – 70:70. "Астананың" алға шығуға уақыты жеткілікті болды. Бірақ ұпай жинай алмады. "Енисей" де қалған секундтарды пайдалана алмай, ойын овертаймға ұласты. Николай Бажин, Антонио Кэмпбелл, Энтони Хики овертаймда "Астананы" алға шығарғанымен, өкішке орай "Астана" 80:87 есебімен ресейлік командадан жеңіліп қалды.

Қазақстандық команда турнирлік кестеде "Енисейге" жол беріп, оныншы орынға түсті. ВТБ Бірыңғай лигасындағы "Астананың" келесі қарсыласы Пермь қаласының "Парма-Париматч" командасы. Ал оған дейін елордалық ұжым бір күннен соң, 12 және 13 желтоқсанда қостанайлық "Тобылға" қарсы Ұлттық лига аясында кездесу өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу