Астана баскетбол клубы осымен 3-ойынын қатарынан жеңіспен аяқтап отыр

2691

Елордалық клубтың аяқ алысы жаман емес. Биылғы ВТБ бірлескен лигасында Астана жақсы ойын көрсетіп келеді.

Астана баскетбол клубы осымен 3-ойынын қатарынан жеңіспен аяқтап отыр

Олай дейтініміздің де жөні бар, неге десеңіз былтырғы чемпионатта Астана 16 команданың ішінен 15-орында қалып ұятқа қалған еді. 30 ойын өткізіп, небары 37-ақ ұпай жинағаны белгілі. Оның 7-інде ғана жеңіске жетіп, қалған 23 матчта қарсыластарына жол беріп, еріксіз тізе бүгуге мәжбүр болды.

Былтыр біздің команда себетке доп тастау жағынан да өте нашар нәтиже көрсетті, 30 ойында небары 2375 балл жинаған, ал өз себетімізге доп жіберіп алу көрсеткіші бойынша алдына жан салмадық – 2799 балл. Бұл дегеніңіз, осы ВТБ лигасындағы ең нашар көрсеткіш. Тіпті, бізден кейінгі ең соңғы орында қалған Грузияның Вита командасының өзінде 2771 балл екен.

Ал биыл Астана баскетбол клубы бұл қорқынышты көрсеткішті қайталамайды деп сенгіміз келеді.

Әзірге нәтиже жаман емес. 20 қарашада Красноярдың Енисейін жеңген соң біздің командаға жан біте бастағандай. Пермь қаласында жергілікті Парма баскетбол клубын ойсырата ұтқаны бар – 82-65.

Ал енді міне, кезекті жеңісін тойлап отыр. Бұл жолғы қарсыласымыз да осал команда емес. Бізбен қатарлас келе жатқан Беларусьтің Цмоки-Минск клубы. Астаналықтар Минскіден келген қонақтарға ес жиғызбады. Барлық 4 кезеңде басым түсті: 19-13, 21-18, 21-18, 23-18, жалпы есеп – 84:67. Астана себетке доп салу көрсеткіші бойынша да беларусьтерді алға шығармады. Алыстан-жақыннан доп лақтырып 55 пайызын себетке дәл түсірген, ал Цмокидің тастаған көрсеткіші 43 пайыз ғана.

Ойын ережесін бұзу жағынан минскіліктер алда тұрды. Олар 28 рет тәртіп бұзса, біздікілер 19 рет ережеге сай ойнамаған.

Астаналықтар арасынан ең көп ұпай жинаған қорғаушы Роберт Лоури,ол командаға 25 ұпай әкелді. Ал қарсылас командадан көзге түскен Джастин Грей, ол да қорғаушы, 16 ұпай, оның 4-інде дәл пас берген.

Біздікілерден, сондай-ақ, Иан Миллер-21, Димитриос Кацивелис-13, Леонидас Каселакис-9, Александр Жигулин-8, Усман Крубалли-6 және Антон Понамарев 2 ұпаймен қоржынымызды толтырды.

Осылайша, Вячеслав Шушаковтың командасы Астанадан Минскке ұпайсыз кетті.

Олар енді ВТБ турнир кестесінің 9-сатысына сырғыды. 9 ойыннан кейін 12 ұпай жинаған.

Ал Астана баскетболшыларының көрсеткіші әлдеқайда жақсырақ. Біз бір ойын кем өткізгенімізге қарамастан 8 ойыннан кейін 13 ұпаймен 6-орынға көтерілдік. 5 ойын жеңіп, үшеуінде жеңілдік. Доп айырмашылығы көрсеткішіміз де түзеліп келеді, әзірге – 624-631.

Осы лигада өткен басқа ойындарға келсек, турнир кестесінің 3-сатысында келе жатқан Химки командасы Саратовтың Автодорын ойсырата жеңді – 102:70. Ал Красноярдың Енисейі Эстонияның Калев клубынан 99:90 есебімен басым түсті.

Турнир кестесіне назар аударайық, бұл жерде ең бастысы пайыздық көрсеткіш екенін естеріңізге саламыз. Әзірге бірде-бір ойында жеңілмеген Мәскеудің ЦСКА клубы, 100 пайыздық таза көрсеткішпен топ бастап келеді.

Астаналықтар келесі ойынын 10 желтоқсан күні азулы қарсыластардың бірі – Краснодардың Локомотив-Кубань командасына қарсы ойнайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу