"Астана" баскетболшысы Pro Cup турнирінің қола жүлдегері атанды

1532

"Астана" баскетбол клубының қорғаушысы Джеремайя Хилл ВТБ Біріккен Лигасының киберспорт турнирінде 3-орын алды.

 "Астана" баскетболшысы Pro Cup турнирінің қола жүлдегері атанды

Наурыз айында ВТБ Біріккен Лигасы коронавирус пандемиясына байланысты мерзімінен бұрын аяқталғандықтан, ірі турнирдің басшылығы баскетболдың киберспорттық нұсқасына жүгінуді ұйғарды. Нәтижесінде Лиганың әр түрлі командаларының жеті кәсіби баскетболшысы мен Match TV телеарнасының жүргізушісі Никита Загдай арасында NBA 2K20 кибер-баскетбол турнирі өтті.

NBA 2K20 – бұл Ұлттық баскетбол қауымдастығына қатысатын командалар негізінде Visual Concepts компаниясы әзірлеген кибер-ойын. Интерактивті ойынның сегіз қатысушысы төрт адамнан тұратын екі топқа бөлінді. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша әр топтан жеңіске жеткен екі ойыншы плей-оффқа жолдама алды. Турнир басталар алдында әрбір ойыншы өзіне НБА-ның 5 командасын таңдап алды. Әр команда үшін ойыншының тек бір рет қана ойнауға мүмкіндігі болды.

Турнирде УНИКС-тің қорғаушысы Джордан Теодор, "Локомотив-Кубань" командасының шабуылшысы Сергей Долинин, "Астана" қорғаушысы Джеремайя Хилл, "Зенит" баскетболшысы Сергей Балашов, "Нижний Новгородтың" қорғаушылары Артем Комолов пен Георгий Жбанов, "Химкидің" қорғаушысы Иван Евстигнеев, сондай-ақ Матч ТВ телеарнасының жүргізушісі Никита Загдай сынға түсті.

Топтық жарыс 8-сәуір күні басталған. "Астана" ойыншысы Хилл жеребе тарту рәсімінен кейін Комолов, Евстегнеев және Балашовпен бір топқа түсіп, жартылай финалға жолдама алу үшін бақ сынады. Нәтижесінде елордалық баскетболшы өз тобынан 1-орын алып, плей-оффқа жолдама алды. Онымен бірге Балашов та төрттік қатарына ілікті. Жартылай финалда "Астана" қорғаушысы А тобында 2-орын алған Долининмен кездесті. Өкінішке қарай Хилл қарсыласына ұтылып, 3-орынды қанағат тұтты. Ал финалда Джордан Теодор Долининді ұтты. Сонымен, УНИКС-тің қорғаушысы Pro Cup-ты жеңіп алса, Балашов 2-орынға ие болды.

Pro Cup кәсіби баскетбол ойыншыларының қатысуымен NBA 2K20-дан Еуропада алғаш рет өткен кибер-баскетбол турнирі. Сонымен қатар турнирдің барлық матчтары Лиганың YouTube және Вконтакте әлеуметтік желілерінде көрсетілді. Pro Cup ойындарын жалпы саны 285 мыңнан астам көрермен тамашалаған.

Ермұхамед Мәулен


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу