"Астана" екі көшбасшысынан айырылды

1936

Команда капитаны Якоб Фульсанг жарыстан шығысымен, енді тағы бір көшбасшы Луис Леон Санчес те жарыстан кетуге мәжбүр. 

"Астана" екі көшбасшысынан айырылды

16-кезең барысында құлап, жарысты аяқтаған "Астана" капитаны Якоб Фульсангтан кейін ертең, "Тур де Франстан" арқасы зақымданған Луис Леон Санчесте шығады деген шешім қабылданды.

 "Бір апта бойы арқам ауырып, мазам кетті. Демалыс күні тексерулердің нәтижесі қайта бабыма келу үшін маған көбірек демалу қажет екенін көрсетті. Командамен бірге Якоб Фульсангқа көмектесу үшін тағы екі кезеңге қатысамын деген шешімге келдік. Бүгін Фульсанг құлап, жарыстан шыққаннан кейін ауруға бұдан әрі төзе алмаймын және "Турда" өнер көрсетудің мәнісі де қалмады. Жарысты осылайша аяқтағаным өте өкінішті, әрине. Әріптестеріме келесі кезеңдерге сәттілік тілеймін. Жігіттер жеңіс үшін таласқа түсе алады деп үміттенемін", – деді Луис Леон Санчес.

"Якоб Фульсанг пен Луис Леон Санчес "Тур де Франсты" осылайша аяқтағаны өте өкінішті. Екеуі де бір мақсатқа – Парижде жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп жұмыс атқарды. Якоб күннен күнге өзін жақсы сезініп келе жатқан. Альпідегі кезеңдерге үлкен жоспар құрғанбыз. Бүгінгі кезеңнен кейін бүкіл команда есеңгіреп қалды. Қазір ең бастысы күш біріктіріп, келесі мақсатымыз – Парижде еңсемізді тік ұстап, жарысты жақсы нәтижемен аяқтау үшін барымызды салу",– деп қоса кетті спорттық менеджер Дмитрий Фофонов.

"Тур де Франстың" 16-кезеңі Ним қаласында жаппай спринтте жеңіске жеткен аустралиялық Калеб Юэннің жеңісімен аяқталды.

Ертең суперкөпкүндіктің 17-кезеңі өтеді. 200 шақырымға созылатын жарыс Пон-дю-Гард аймағынан басталып, Гап қаласында аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу