Astana Hub стартаптарға 20 млн теңгеге дейін қаржы бөлмек

Seed money бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды.   

Astana Hub стартаптарға 20 млн теңгеге дейін қаржы бөлмек

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бифингте Astana Hub өкілдері жуырда ғана құрылған Seed money стартаптарды қаржыландыру бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

IT-стартаптар халықаралық технопаркінің PR, маркетинг және ивенттер кеңсесінің директоры Марат Шәкеннің сөзінше, осы уақытқа дейін жобаның бірінші бағыты бойынша 25 ұйымнан өтініш түскен. Бағдарламаға елімізде тіркелген компаниялармен қатар шетелдік ұйымдар да қатыса алады. Басты талап – жобаның көп сатылы іріктеуінен өту. 

"Seed Money бағдарламасы стартаптарды үш кезең бойынша іріктеп, қаржыландырады. Біріншісі MVP-кезеңі деп аталады. Мұнда бастапқы өнім, нақты идея болуы керек. Оған 5 млн теңгеге дейін қаржы қарыстырылған. Ал екінші кезең – product/market fit деп аталады. Онда стартаптың нақты бизнес-моделі, инвестициялары мен тұтынушылары назарға алынады. Аталған сатыдағы ұйымға 10 млн теңгеге дейін қаржы бөлу қарастырылған", – деді Марат Шәкен.

Спикердің айтуынша, үшінші кезеңде 20 млн теңге дейін қолдау беріледі. 

"Іріктеу кезең-кезеңмен жүреді. Ұйымдар жобаның қаншалықты табысты болатынын барынша дәлелдеуі керек. Ал стартаптар бұл қаражатты мақсатсыз жұмсай алмайды. Қызметкерлерінің жалақысын төлеу, техника сатып алу сынды арнайы талаптар қарастырылған. Оның барлығы бақылауда болады", – деді IT-стартаптар халықаралық технопаркінің PR, маркетинг және ивенттер кеңсесінің директоры.

Бұл ретте "жобаларды қаржыландыруға бюджет қаржысы жұмсала ма" деген сауал туындайды. Алайда Марат Шәкен бұл күдікті сейілтті. Себебі қолдау Astana Hub жеке қаражаты есебінен жүргізілмек. 

Айта кететіні, технопарк құрылған 2018 жылдан бері ұйымнан қаржылық емес қолдау алған 638 компания бар. Оның 507-і халықаралық технопарк қатысушысы. 

"Оларға салықтық жеңілдіктер берілген. Соған сәйкес аталған ұйымдардың біздің алдымызда өз міндеттемелері бар. Ол табысының 1%-ын Astana Hub-қа аудару. Нәтижесінде өткен жылдың жазынан бері айтарлықтай сома жинақталды. Енді сол ақшаны реинвестициялау мақсатында аталмыш жобаны іске қостық", – деп түсіндірді спикер. 

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу