Астана іргесіндегі аудандар 2 сағатқа су берілгенге мәз

4051

"Нұра топтық су құбыры" банкрот болуы мүмкін. 

Астана іргесіндегі аудандар 2 сағатқа су берілгенге мәз

Ақмола облысындағы "Нұра топтық су құбыры" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның құбырлар торабы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің иелігінде, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Квазимемлекеттік осы кәсіпорынның тұрғындарға ауыз су беру қызметтерінің құны үнемі бюджеттен субсидияланып келген. Басқа амал жоқ, себебі жеке компаниялар табысты тым азсынып, бұл аумаққа су жеткізуге қызығушылық білдірмейді.

2020 жылғы тамызда мемкәсіпорын үшін жаңа тарифтер бекітілді. Тиісінше, су бағасы қымбаттады. Сонымен бірге, ол былтырғы желтоқсанда Ақмола облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тұрғындар үшін ауыз су беру қызметін арзандату үшін бюджеттік өтінім бағыттаған.

Бірақ әкімдік 2021 жылға бекітілген субсидия төлеу кестесінде демеуқаржы көлемін бұрынғы деңгейде қалдырыпты. Нәтижесінде, қосымша субсидия бөлу мәселесі шешілмеді.

Кәсіпорын өкілі Жанар Иманқұлованың айтуынша, салдарынан "Нұра топтық су құбыры" РМК-сының су таратумен және құбырлардағы апаттарды жоюмен байланысты шығыстары күрт артып шыға келген.

"Бірінші кезекте, бұл салықтарға, электр қуаты үшін төлемдерге, жалақыларға, сондай-ақ су құбырындағы жұмыстар үшін қажетті материалдарға қатысты болып отыр. Бұл шығыстарды кешіктірмей, ай сайын өтеп отыру керек. Ұсынылған шоттар бойынша дер кезінде төлем жасамау өсімпұлдың есептелуіне соқтырады. Соның кесірінен, бүгінде электр қуаты бойынша айтарлықтай борыш қордаланып қалды. "АРЭК-Энергосбыт" таяуда біздің кәсіпорынға егер қарыз тез арада өтелмесе, электр қуатын беруді тоқтататыны туралы ескертпе хабарлама жіберді. Кәсіпорын қуатсыз қалса, су құбырының жұмысы да тоқтап, халыққа су берілмейді", – дейді мемкәсіпорын өкілі.

"Нұра топтық су құбыры" Ақмола облысының үш аймағын – Қорғалжың, Егіндікөл және Атбасар аудандарын және 35 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтып отыр.

Астаналық облыс халқының аянышты ахуалы

Бұл проблема қоғам белсенділерін алаңдатуда. Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының Егіндікөл ауданы филиалының басшысы, осы аудан әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Мерхат Бектұров "Нұра топтық су құбыры" қызмет көрсететін елді мекендердің ахуалы онсыз да нашар екенін айтты.

Мерхат Идрисұлының мәліметінше, "Нұра топтық су құбыры" республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола облысы әкімдігінен жыл сайын берілетін субсидияны бұған дейінгі 65 миллионнан енді 160 миллион теңгеге дейін көтеруді сұрапты.

Айта кету керек, бұл үш ауданды сумен қамту үшін сонша үлкен сома емес. Салыстыру үшін айтсақ, мысалы, 2019 жылы Ақмола облысының аудан әкімдіктерінің бірі басшысының кабинетіне жиһаз сатып алуға 3,1 миллиард теңге бөлген. Тендер кезінде бұл құн шамалы арзандапты, нәтижесінде байқауды жеңіп алған "Альфа Плюс" компаниясы аудан әкімі қатты қызыққан, еменнен жасалған қымбат жиһазды 2 миллиард 900 миллион теңгеге жеткізді.

Осыған жол берген Ақмола әкімдігі енді мемкәсіпорынға және 3 ауданның ауылдары тұрғындарына су бағасын арзандату үшін субсидияны 95 миллион теңгеге көбейтуге "шығайбайлық" танытуда.

"Әкімдік қосымша субсидия бермеген соң ауылдықтар үшін тариф айтарлықтай өсуі мүмкін. Қазірдің өзінде олар 1 текше метр су үшін 217 теңгеден төлеуге мәжбүр. Немесе, кәсіпорын су беру көлемін ары қарай азайтады. Бірақ одан әрі қалай азайта алатынын білмеймін. Себебі, Нұр-Сұлтанға жақын орналасқан әлгі ауылдарға күніне небары 2 сағатқа ғана су беріледі!" – дейді Мерхат Бектұров.

Ол "Нұра топтық су құбырының" ақпаратына сілтеме жасап, кәсіпорынның ең көп шығыны электр энергиясына кететінін жеткізді: тереңдіктегі және секциялық сорғы-насостардың бәрі тәулік бойы көп көлемде тоқ тұтынады. Арнайы техникалары да ескірген, оларды жөндеп, жұмысқа қабілетті жағдайда ұстау біраз шығынды қажет етеді.

Бір аптаға ғана сусыз қалғанына қуанады

"Мына жайтты ескерген жөн. "Нұра топтық су құбыры" Қорғалжың ауданындағы Сабынды ауылында орналасқан жерасты суларынан су шығарады. Негізгі су өндіруші құрылғылары да сонда тұр. Қорғалжың, Егіндікөл және Атбасар аудандарының көптеген елді мекені үшін бұл – баламасы жоқ су көзі болып табылады. Мемкәсіпорынның су құбырының жалпы ұзындығы 256 шақырымнан асады. Оның бәрін ұстап тұру, қызмет көрсету керек қой! Бұл құбыр жүйесі кеңес кезінде, 50 жылдай бұрын тұрғызылған. Бүгінде 90%-ға тозған. Қайта-қайта жарылып, суы атқылап жатады. Нәтижесінде, жекелеген телімдерінде судың шығыны 80-90%-ға жейін жетеді! Яғни, ауылдарға судың 10-20 пайызы ғана барады деген сөз", – дейді Егіндікөл ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Айта кету керек, билік осы құбыр жүйесін жекешелендіріп те көрді. Жеке инвесторлар қаржы құяр деп үміттенген. Алайда халықтың талап етуімен 2018 жылы әкімдік оны мемкәсіпорынның балансына тапсырды.

М.Бектұровтың сендіруінше, содан  бері аудан ауылдарын сумен жабдықтау шамалы болса да жақсарған. Су беру бұрын жиі тоқтап қала берсе, қазір ол сиреген. Былтыр мысалы, "ауылдар тек 2 рет қана бір аптаға сусыз қалды". Олар осыған да қуанады.

2020 жылы кәсіпорынға 12 шақырымдық құбырды жаңасына ауыстыруға республикалық бюджеттен 519 миллион теңге бөлінді. Осы қаражатқа 7 шақырымдық магистральде реконструкция жүрген көрінеді. Алда тағы 5 шақырымын жаңарту жоспарланған. 

Егер елорданың іргесіндегі облыстағы жағдай осы болса, шалғай өңірлер жайының қаншалықты күрделі екенін шамалай беруге болады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу