"Астана" командасы "Қайратқа" қарсылас емес

1414

Иә, жанкүйерлердің ойы осылай. Себебі астаналық команда бұдан былай алматылық ұжымға тегеурінді қарсылық көрсете алмайды. Қазақстан кубогінің жартылай финалдық ойыны соны көрсетті.

"Астана" командасы "Қайратқа" қарсылас емес

"Астана" өз алаңында алматылық ұжымға есе жіберді. Қазақстан кубогінің жартылай финалының алғашқы ойынында елордалықтар 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Біріншіден бұл командада қазір бас бапкер жоқ. Андрей Тихонов қызметінен босады. Одан кейін негізгі 2 ойыншы – Барсегян мен Томасов бұл ойында алаңға шықпады. Барсегян осыдан екі апта бұрын 1 ай бойы футбол матчтарына қатыспайтындай жаза алды. Ал Томасов жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Бұл футболшы келесі маусымды өзге клубта өткізетін сыңайлы.

Матчтың бірінші таймы аяқталар тұста Раде Дугалич бұрыштамадан гол салды. "Астананың" негізгі қорғаушысы Жарко Томашевич осы жерде қатты қателесті. Ұстап тұрған ойыншысы оның дәл алдынан атып шығып, баспен гол салып кетті. Екінші таймда "Қайрат" допты қарсыласқа бермей, әбден ығырын шығарды. Позициялық шабуылдардың нәтижесі түбі голға алып келді. Қапталдан асырылған пастан кейін Хосе Канте бос қақпаға гол салды. Сосын Артур Шушеначев баспен үшінші голды салып, матч тағдырын шешті. Бұл гол тек осы ойынның ғана емес, жалпы жартылай финалдардың тағдырын шешкен сыңайлы. Себебі Алматыда өтетін жауапты матчта "Астананың" финалға шығу үшін еш ұмтылмайтыны анық. Себебі "Астана" қазір өте қиын жағдайда. Клубқа трансфер тіркеуге де рұқсат жоқ. Яғни келесі жылы мүлде жаңа ойыншы ала алмайды. Демек өзінің мектебінен түлеп шыққан жас футболшыларға сенім артуға мәжбүр деген сөз.

Сонымен қатар осы матчтың алдында "Шахтер" мен "Тобыл" кездесті. Еліміздің су жаңа чемпионы "Тобыл" қарағандылық командаға 5:2 нәтижесімен жеңілді. Енді өз алаңында 3 доп айырмасымен ойнау өте қиын болары анық. "Шахтер" Қазақстан кубогының финалына бір табан жақын десек артық емес. Ал олардың қарсыласы өздеріңіз байқағандай алматылық "Қайрат" болатын секілді. Құрбан Бердыевтың командасы сырт алаңда ойнап жүріп-ақ 3 доп айырмасын тіркеді.

"Қайрат" келесі жылы қола жүлдегер ретінде Еуропа Конференция лигасына қатысады. Ал "Шахтерге" мұндай мүмкіндікке ие болу үшін Қазақстан кубогын ұту қажет. Финалда "Қайрат" пен "Шахтер" бар күштерін салары анық. Себебі Құрбан Бердыев "Қайратпен" трофей жеңгісі келеді. Соңғы шешуші матч, "Астана Аренада" ойналады. Бұл стадион "Қайраттан" гөрі, "Шахтерге" жақындау. Қарағандылықтар қар жауған сәттерде осы стадионды пайдаланады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу